Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ипотекаға үй алу үшін қандай тиімді бағдарламалар бар?

Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жетекшісінің орынбасары Әбілов Тимур Қосманұлы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанда ипотекаға үй алудың ең тиімді жолдары туралы айтып берді.

Сурет: crevecoeur-locksmith.com

– Қазақстан бойынша ипотекаға үй алу үшін ең тиімді бағдарламалар ретінде қайсыларын атап өтетін едіңіз?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылдың 31 желтоқсанында №922 қаулысымен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бекітілген. Аталған бағдарламада «Қазақстан Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ (бұдан әрі – «ҚИК» ИҰ» АҚ) бағыты бойынша бүгінгі күні ипотекалық тұрғын үй алу ең тиімді. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті атқарушы органда (бұдан әрі – ЖАО) кезекте тұрған азаматтар ғана үй ала алады.

– Зейнеткерлер, студенттер, жас отбасылар үшін арнайы бағдарламалар бар ма?

– Зейнеткерлер егер «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның (бұдан әрі – «ҚТҚЖБ» АҚ) салымшылары болса, «Халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй» бағыты бойынша қатыса алады. Ал студенттермен жас отбасыларға, қазіргі уақытта Алматы қаласында жастарды несиелеу бағдарламасы бекітілуде. Бағдарламаға 35 жастан аспайтын Алматы қаласының тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаның ашылуы туралы ақпаратты БАҚ-та, Алматы қаласы әкімдігінің (www.almaty.kz) және Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын инспекциясының басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) (www.uzh-almaty.kz) сайттарында бақылап отыру қажет.

– Ипотекаға кепілдікке үй немесе т.б. қою міндетті ме?

– Жоқ. Ең бастысы қаржылық оператордың қоятын талаптарына сай келу.

– Ипотекаға үй алу мəселесі қалай жүзеге асады? Қайда бару керек? Қандай құжаттар өткізу керек? Алдын ала шотта қанша ақша болуы керек?

– Басқармасы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органда (бұдан әрі – ЖАО) тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ  бағыты бойынша ағымдағы жылы Алматы қаласы мен Алматы облысындағы пәтерлерді тарату жоспарланып тұр. Оның ішінде Атлетика ауылындағы 1748 пәтерлер толыққанды кезекте тұрған азаматтардың арасында үлестірілді. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін Алатау ауданының «Алғабас-6» ықшамауданындағы 72 пәтерді, Медеу ауданының «Алатау» ықшамауданындағы 50 пәтерді және Алматы облысының Бесағаш ауылындағы 215 пәтер үлестіріледі және «ҚИК» ИҰ» АҚ ақпараты бойынша Түрксіб ауданының «Жас Қанат» ықшамауданынан 1780 пәтер сатып алу жоспарлануда. Тұрғын үйлер келесі сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі. Атлетика ауылында 1 шаршы метрді жалға алу 1036 теңгені, ал қалған объектілерде жалға алу 1120 теңгені құрады.

Бағдарламаның шартына сәйкес аталған бағыт бойынша ЖАО-да келесі санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алады:

  • көп балалы отбасылар;
  • толық емес отбасылар;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • оралмандар;
  • мемлекеттiк қызметшiлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi.

Жемқорлықтың алдын алу мақсатында құжаттар мен өтініштерді қабылдау толықтай электрондық форматқа көшірілді. Өтініштер «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қабылданады. Қатысушыларға өтініш тапсыру үшін электрондық цифрлық қотаңба (ЭЦҚ) қажет. Кезекте тұрған әр азамат өтінішті жеке өзі веб-портал арқылы тапсыра алады. Өтініш тапсыру барысында қандай да қиыншылықтар туса, «1414» Бірыңғай байланыс орталығына хабарласу керек. Егер ондай мүмкіндік жоқ болса, Халыққа Қызмет Көрсету Орталығының (ХҚКО) көмегіне жүгінуге болады.

Бағдаламаның негізгі талаптарына сәйкес келетін үміткерлер пәтердің белгілі бір түріне өтініш пен мынадай құжаттарды тапсырады:

  1. Неке қию (2008 жылға дейін тіркелген болса), некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы туралы, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы өтініш;
  2. Балаларының туу туралы куәліктері (2008 жылға дейін туылған болса);
  3. Өтініш берушінің жұмыс орнынан анықтамасы;
  4. Отбасы мүшелерінің мүгедектігін немесе кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрінің болуын растайтын анықтама;
  5. Өтініш иесінің табыстар алғанын растайтын анықтама;
  6. Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұратынын дәлілдейтін құжаттар.

Басқарма серіктестік шарты негізінде тек «ҚИК» ИҰ» АҚ-мен жұмыс жасауда. Алдағы уақытта болатын қабылдаулар туралы ақпаратты Басқарманың сайтында (www.uzh-almaty.kz), «Алматы» телеарнасынан, «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттерінне бақылау қажет.

Бұдан басқа «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер «ҚТҚЖБ» АҚ бағыты бойынша беріледі. Ағымдағы жылдың шілде айында «ҚТҚЖБ» АҚ Алматы қаласының «Саялы» және «Жас Қанат» ықшамаудандарында орналасқан 650 пәтерге қабылдау жүргізді. Бұл ретте құрылыс объектісіндегі ЖАО арқылы салынған кредиттік тұрғын үйдің кемінде 50 %-ы «ҚТҚЖБ» АҚ салымшылары болып табылатын, ЖАО-да есепте тұрған кезектегі адамдардың арасында бөлінеді. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу, сондай-ақ оларға тұрғын үйді бөлу тәртібі балдық жүйенің негізінде «ҚТҚЖБ» АҚ-ның ішкі құжаттарымен айқындалады. Бағдарламаға қатысу үшін «ҚТҚЖБ» АҚ салымшылары электрондық үкімет веб-порталының “Қазақстан азаматтарының ұтқыр базасы” қосымшасына тіркелген болуы тиіс. Қосымша “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-ның сайтында (www.fnsk.kz) орналасқан хабарландырулар мен ақпаратпен танысуды ұсынамыз.

– Ипотека максимум жəне минимум неше жылға дейін беріледі?

– Келесі сатып алу мүмкіндігімен жалға беру мерзімі – 20 жыл. Тұрғын үйді кез келген уақытта толық құнын өтеп, сатып алуға болады.

– Елімізде кімдер тегін үй ала алады?

– Қазіргі уақытта тегін үй қарастырылмаған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер мұқтаждар есебінде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына өткізіледі. Осы жылы келеcі сатып алу мүмкіндігісіз мемлекеттік тұрғын үй қорынан 608 пәтер берілді.

– Жалғызбасты ана, əкелерге, мүгедектерге жеңілдіктер бар ма?

– ЖАО-да кезекте тұрған азаматтардың құқықтары бірдей.

– Ипотекаға еліміздің барлық қаласынан үй алуға бола ма? Əлде қамтылмаған қалалар бар ма?

– Ипотека беру Қазақстаның үлкен қалаларында қарастырылған.

– Үйді тез алу үшін қандай тиімді жолдар ұсынасыз?

– Тұрғын үйлер ЖАО-да кезекте тұрған азаматтардың кезегі келген уақытта және тұрғын үйлердің келіп түсуіне байланысты бөлінеді. Сонымен қатар, тезірек баспаналы болғысы келетін азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды ұсынамыз. Бүгінгі күні ипотекалық тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бағдарламалар шеңберінде келесі сатып алу мүмкінгідімен жалға алу үйлері қарастырылған.

– Ипотеканы төлей алмаған жағдайда не болады? Уақытын ұзартуға бола ма?

– Өзге жағдайлар қаржылық оператор мен үміткер арасында жасалатын жалға алу шартында қарастырылады.


Жіберіп алмаңыз:

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдай бір қалыпқа түсті

Маңғыстауда күзетшілер 10 жасар қызды жол жиегіне сүйреп бара жатқан ер адамды ұстады

Бұрынғы әйеліне ренжіген Астана тұрғыны оның басынан аяғына дейін айран құйып тастады

Бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің әйелі күйеуінің 3 жылға сотталып кеткенін айтты (видео)

Талқылау