Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балаларға Pfizer вакцинаcын салу қарастырылуда

Қазақстанда Pfizer вакцинасын 12 жас пен 18 жас аралығындағы балаларға салу қарастырылып жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгінде әлемде қолданылатын барлық вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Әйтсе де Pfizer вакцинасы 12 жастан асқан балаларға салынуда. Сондықтан біз қазіргі таңда балаларға вакцина салу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өйткені Қазақстанда 12 мен 18 жасқа дейінгі балалардың саны –  шамамен екі миллион. Бұл аз емес. Оның үстіне елде үнді штамы таралып, соңғы уақытта балалар вирусты жиі жұқтырып жатыр. Енді біздің алдымызда ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау міндеті тұр", - деді Есмағамбетова брифингте.

Айтуынша, балаларға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Есмағамбетова америкалық Pfizer вакцинасы осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілетінін атап өтті.

Бұған дейін "Pfizer" компаниясымен вакцинаны Қазақстанға жеткізу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізілгені хабарланды.

Талқылау