Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әділетсіз депутаттарды “піштіріп” тастау ұсынылды

Атышулы Қазақстан мұсылмандар одағы деп аталатын ұйым әділетсіз депутаттарға педофилдер секілді химиялық кастрация жасау керек деген идея ұсынды. Ұйым өз ұсынысын парламент сенатының спикері Қасымжомарт Тоқаевқа да жолдап үлгерген.

20_main

Сурет Twitter

Ұйымның ойынша депутаттардың өзіндік қағидалары мен ой-мақсаттарының болмауы кесірінен түрлі заң жобалары бұрмалануға ұшырайды. Мұсылмандар одағы халық қалаулыларының сексуалдық белсенділігі де олардың жұмысына кедергі келтіреді деп есептейді. Сол себепті олардың жұмыстарының жөнге түсуі үшін химиялық жолмен піштіру ең тиімді тәсіл болмақ.

“Қазақстан мұсылмандар одағы осы ұсынысты парламент сенатының спикері Қасымжомарт Тоқаевқа жолдай отыра, осы әдісті әділетсіз депутаттарға қолдануды сұрайды. Мұсылман құқық қорғаушылары өзіндік қағидасы жоқ депутаттар мен педофилдердің қоғамға әкелер зияны бірдей деп есептейді. Сондықтан оларға қолданылатын жаза да бірдей болуы керек. Мемлекеттік қайраткерлердің осыншалықты тиянақсыз жұмыс істеуі парламент отырыстарында салғырттық пен енжарлыққа әкеліп соғады. Олар заңды мемлекет мүддесіне қайшы, ал олигархтар мен трансұлттық компаниялардың мүддесіне сай келетіндей етіп жасайды. Осындай түсінбестіктер үнемі парламентті ерте таратуға әкелетін жағдайға жетелейді. Химиялық піштіру педофилдер мен бей-берекет жұмыс істейтін саясаткерлерді толықтай жоймайды, бірақ оларды үнемі бақылауда ұстауға, тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мұсылмандар одағы басшылығы ұсынылған шара жаңа парламенттегі моральдық ахуалды жақсартады деп үміттенеді”, – деп Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телібеков өзінің фейсбуктағы парақшасында жария еткен.

Ресми тіркелмеген мұсылмандар одағы ұйымы үнемі өздерінің сорақы бастамаларымен көзге түсіп келеді. Парламенттік сайлау қарсаңында ұйым қатысушылары саңырау партия мүшелері арасында теледебат өткізуді ұсынған болатын. Тіпті әнші Қайрат Нұртасқа АҚШ президенттігіне түсу туралы да ұсыныс білдірген.

Талқылау