Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 30 мыңға жуық сотталушы түрмеден босатылады

Рақымшылықтың арқасында түрмелердегі 30 мыңға жуық сотталушы бостандыққа шығатын болды. Бас прокуратура әзірлеген заң жобасын бүгін Мәжіліс қарауға алды. Рақымшылыққа бірінші кезекте жеңіл қылмыс жасағандар ілігеді, – деп хабарлайды КТК арнасы.

паепа

Қазына қаржысын жымқырған, пара алғандар мен ауыр қылмыс жасағандар мемлекетке келтірген шығынды толық өтесе ғана жазасы қысқартылады екен Айта кету керек, рақымшылық аясында   түрмедегілерден бөлек, әлі сотқа жетпеген жеңіл қылмыстарға қатысты істер де тегіс жабылмақ. Бірақ, сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейінгі өміріне алаңдаушылар көп.

Рақымшылықтан кейін еліміздегі түрмелердің көбі босап қалуы ғажап емес. Қазір 50 мыңдай адам абақтыда отырса, Бас прокуратура әзірлеген заң бойынша, 30 мыңға жуық сотталушы мерзімінен бұрын бостандыққа шығады деп жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте бюджетке жеңілдік болмақ. Өйткені, түрмедегілерді бағып-қағуға Үкімет жылына 35 миллиард теңге жұмсайды. Ал мереке алдындағы рақымшылыққа алдымен жүкті келіншектер, кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар әйелдер, кәрі кісілер мен мүгедектер ілінбек. Егер олардың жасаған қылмысы жеңіл немесе орташа ауыр болса. Яғни, бұл ұрлық, алаяқтық, бұзақылық үшін 5 жылға дейін жаза арқалаған сотталушыларға қатысты.

“Тіпті ауыр қылмыс істегендерге  жеңілдік болуы мүмкін. Экономикалық қылмыс, оның ішінде ауыр қылмыс істегендер болатын болса, оның өтемеген жазасының жартысын алып тастауы мүмкін.  Егер толық келтірген экономикалық залалының  орын толтыратын болса”, – дейді Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров.

Президенттің рақымына қазына қаржысын жымқырған, пара алған  үшін түрмеде отырған шенеуніктер де ілігуі мүмкін. Бірақ олар түбегейлі босап шықпайды, тек жазасы қысқартылады. Мәселен, судья салған айыппұлды толық төлегендердің қатарында экс-премьер Серік Ахметов те бар. Депутаттар жазасы қысқаратын атқамінерлердің тізімін ашып айтпады. Ал террористер, экстремистер мен педофилдерге рақымшылықтың мүлдем қатысы жоқ. Сотталушылар жаппай бостандыққа шығады дегенді естіген сарапшылар да алаңдап отыр. Мамандардың айтуынша, елімізде жұмыссыздық пен қайта қылмыс жасағандардың саны артуы мүмкін.

“Түрмеден босап шыққан адамның жұмысқа орналасуы екіталай. Түрмеден босап шыққандардың арасында қайтадан түрмеге тоғытылатындардың үлесі өте үлкен. Денсаулық мәселесі әсіресе туберкулез бұлардың арасында кең тараған. Босап шыққаннан кейінгі денсаулығы денсаулық сақтау органдары тарапынан қадағалануы тиіс. Бұл да бір баса көңіл аударатын мәселе”, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Мәжіліс рақымшылық туралы заң жобасын жыл соңына дейін қабылдап үлгереміз деп отыр. Егер Парламенттің қос палатасы құжатты бекітіп,президент қол қойса, 30 мыңға жуық сотталушы алты айдың ішінде бостандыққа шығады. Ал осы тізімге кімдердің кіріп, кімдердің шет қалатынын сот пен Бас прокуратура шешуі тиіс.


Жіберіп алмаңыз:

Елімізде жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі кемуі мүмкін

Алматыда сәбиін аяусыз сабаған әйел Өзбекстанда жазасын алатын болды

Қайырымды жастар екі бүйрегі істен шыққан Жәнелге 12 млн теңге жинап берді

Нобель сыйлығының иегері 1 миллион долларды қайырымдылыққа жұмсап жіберді

Талқылау