Қазақстанда үздік әлеуметтік видеороликтерді түсіретін режиссерді білесіз бе?

Дарынды қазақ режиссерлерінің қатары Айтөре Жолдасқали есімді азаматпен толықты. Ол жас та болса, Дмитрий Монатик, сынды ресейлік әншімен, Медет Шаяхметов, M’Dee секілді  отандық танымал тұлғалармен жұмыс істеп үлгерген. Бірақ бәрінен де Айтөре Instagram парақшасында әлеуметтік, мағынасы терең видеороликтер жасау арқылы көрерменнің көңілінен шыққан. Өзінің еңбек жолын 16 жасында бастаған ол, Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында көрерменнің арасында көптеп танылған әлеуметтік видеорликтерді қалай түсіретінін, қандай әртістермен жұмыс істемейтінін және істеген жұмысы үшін қанша теңге алатынын айтып берді.

Қазақстанда үздік әлеуметтік видеороликтерді түсіретін режиссерді білесіз бе?

Айтөре, 16 жасыңыздан бастап режиссурамен айналысқан екенсіз. Неліктен еңбек жолын ерте бастадыңыз? Қатарластарыңыз сабақ оқып, ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезде жұмыс істеуіңізге не түрткі болды?

Мен мектепте оқып жүргенімде ұялшақ, үндемейтін оқушы болдым. Тіпті, бір сыныпта оқитын қыздармен дұрыстап әңгімелесе алмайтынмын. Бойымдағы үрей, қорқыныштарым болатын. Олардың барлығынан арылғым келетін. 16-ға толғанда ары қарай да бұлай ұялып өмір сүруге болмайтынын түсініп, жақсы жаққа қарай өзгергім келді. Жалпы, 16 жаста адам нені армандайды? Ақша тапсам емес, атым шықса, атақты болсам дейді. Мен де соны қаладым. Жастардың арасында танымал болсам, бүкіл қорқыныштарымнан арыламын деп ойладым. Сондай-ақ, ол кезде инстаграм, қазіргідей танымал вайнерлер болмайтын. “Вконтакте” әлеуметтік желісінде Top Teen деп аталатын белсенді жастардың тобы бар еді. Сол топқа қарап досым екеуміз сондай ұйым ашқымыз келіп, қалада кештерді, мерекелік шараларды өткізгіміз келетін. Бірақ екеуміз де ол кезде қарапайым, қалтасында ақшасы аз оқушы болдық, ойымызды жүзеге асыратын қаражатымыз болған жоқ. Сосын мен бір тойда адамдарды суретке түсіріп жүрген фотографтың жұмысына қызығып кеттім. Оның тойлардан қанша табатынын білгенде өзім де сол жұмысты істейтін болып шештім. Ол сияқты көп ақша тапқым келді. Сөйтіп тоғызыншы сыныптан кейін колледжге грантқа түсіп, шәкіртақымды жинап, ақырында бір жылдан соң фотоаппарат сатып алдым. Фотоаппаратым сатып алған жылдың өзінде-ақ өз ақшасын ақтады деп айта аламын. Менің Алматының клубтарында, жұмыс істейтін достарым болатын. Солар мені мерекелік шараларға, фотограф ретінде қызмет көрсетуге шақырды. Жұмысым алға басып, осы салаға деген қызығушылығым арта түсті. Cуреттен бөлек, видеоларды да түсіре бастадым. Мақсаты, арманы бір адамдармен біріктім. Осылай ақырындап Qazaqbro ұйымы пайда болды.

Танымал болып, көп ақша тапқым келді дедіңіз. Ең алғаш рет қашан пайдаға кеңелдіңіз?

Шынымды айтсам, үлкен ақша дегеннің не екенін білмеймін. Жалпы, жалақым үлкен, көп ақша табамын деп те айта алмаймын. Бастысы жақсы көретін ісіммен айналысып, тапқан ақшам қажеттіліктеріме жетеді. Осыған шүкір етемін. Әрине, ең басында, яғни осыдан 4-5 жыл бұрын көп ақша тапқым келгені рас. Менің ойымша, адамның ойлау қабілетінің өзі сондай. Алғашқыда жасөспірім кезінде, шамамен 15- 16 жасыңда танымал болуды армандайсың, 18 жасыңда бай болсам дейсің, сосын өсе келе өмірде ақшадан да маңызды дүниелердің бар екенін түсінесің. Қазір мен 21 жастамын, ақша тауып асырауым керек дейтіндей жанұя құрған жоқпын. Кейін 25-ке келіп шаңырақ көтергенімде үлкен ақша табу жолдарын реті келгенде ойластырамын. Дәл қазіргі уақытта қаржыны ойлайтын жағдайда емеспін, қоғамға өз пайдамды тигізгім келеді. Бір айда бір тапсырыс алып, жақсы жұмыс істеп, соған шүкір етемін. Ал жалпы режиссерлердің жұмыс істеу тәжірибелеріне қарай, сұрайтын бағалары да әртүрлі. Жеке басым түсірілімнің бір күніне, он сағатқа 200 мың теңге аламын.

Қазақстанда үздік әлеуметтік видеороликтерді түсіретін режиссерді білесіз бе?

Сонда жақсы ақша төлесе болды, бейнебаян түсіріп бере бересіз бе? Ең алғаш бейнебаянды қай әншіге түсірдіңіз?

Мен кез келген әртіспен жұмыс жасамаймын. Жақсы, сапалы өнім шығару үшін маған әнші немесе оның әні ұнауы керек. Мысалы, соңғы “Шоколад” тобына түсірген бейнебаянымның әні маған ұнаған жоқ, бірақ әртістердің өзі, олардың ұжымы көңілімнен шықты. Ең алғашқы бейнебаянымды Darkhan Juzz (Дархан Джуз) есімді әншіге түсіріп бердім. Бейнебаяным көпшілікке ұнаған болуы керек, себебі маған осы жобадан кейін бірнеше жас әртістерден бейнебаян түсіріп берші деген сұраныстар түсті. M’Dee деген әншінің “Унисон” атты әніне бейнебаян түсірдім. Екі бейнебаянды да Gakku арнасынан көрсетті.

Расында, сіздің бейнебаяндарыңыздың сюжеті, оның кейіпкерлері қазақстандық режиссерлердің жұмысынан стилімен қатты ерекшеленеді. Қазақтардың менталитетіне онша келе бермейді дегендей. Жалпы, осыған байланысты сізді сыңның астына алған кездер болды ма?
Шынымды айтайын, сынның астына алғанын немесе алмағанын өзім де білмеймін. Иә, рас, маған стилің өзгеше, өз стиліңді қалай таптың деген сұрақтар қойып жатады. Қалай тапқанымды білмеймін, ол өзі жүре келе, еңбектенудің арқасында қалыптасты деп айтқым келеді.

Қазір Qazaqbro ұйымында қанша адам жұмыс істейді?
Досым екеуіміз шағын компаниямызды ашқан мезеттен бастап бүгінгі күнге дейін, 4 жылдың ішінде шамамен 50-70- ке жуық адам жұмысымызға атсалысты. Бірақ қазір тобымда 4 адам жұмыс істейді. Әзірше кімге екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ жаңа бейнебаян, қысқа метражды фильм түсіріп жатырмын. Негізінен әлеуметтік, мағынасы терең видеоларды көптеп түсіргім келеді. Мақсатыма жету үшін жақсы адамдармен, нақтырақ айтқанда белсенді еріктілер тобымен таныстым. Қазір олармен бірге жұмыс істеймін. Жақында көрермендерімнің назарына “Бауыржан” қорына дайындаған видеомды ұсынамын.

Тоғызыншы сыныптан соң колледжге түстім дедіңіз. Кино және режиссура факультетіне тапсырдыңыз ба?

Жоқ, Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжіне түстім. Сосын колледжді бітіргеннен кейін өз жұмысымның білікті маманы екенімді растауым үшін «Тұран» университетіндегі режиссура факультетіне тапсырдым. Өз қалтамнан ақша шығарып оқуға түскенімнен кейін, сәйкесінше сапалы білім алғым келді. Өзімнің режиссурадан алған бар білімімді жетілдіремін деп ойладым, бірақ мектепті енді бітіріп келген студенттермен онсыз да білетін нәрсемді қайталап оқуға мәжбүр болдым. Уақытымды университет қабырғасында текке кетіріп жүргенімді түсінген мен, оқуды тастауды жөн көрдім. Қазір де режиссураны оқуды жоспарламаймын.

Қазақстанда үздік әлеуметтік видеороликтерді түсіретін режиссерді білесіз бе?

Өзіңіздің Instagram парақшаңызда режиссерлік қызметіңіздің барысында бірнеше сәтсіздіктерге тап болғаныңызды айттыңыз. Басқа жолды таңдау ойыңызда болды ма? Неліктен режиссерлікті таңдадыңыз? Осы салаға деген махаббатыңызды кім оятты? Жанұяңызда өнер адамдары бар ма?
Оңай жолды таңдау қызық емес қой (күліп). Жанұмда өнер адамдары жоқ. Жалпы мен осы мамандық бойынша жұмыс істегім келетінін ата-анама айтқанда, олар бірден қарсылық білдірді. Әсіресе әкем. Себебі ол ер адамға оператор, фотограф немесе режиссер болып жұмыс істеу жараспайды деп санайды. Зауыт сынды мекемелерде жұмыс істейтін ер азаматтарды құрметтейтін ол, менің де болашақта сондай жерде жұмыс істегенімді қалады. Мені ата-анасының көңілін қалдырған әдепсіз жігіт деп ойлап адамдар көп жұмыс істейтін жерде еңбектенуімді қалады. Бірақ қазір әлеуметтік желілерден, теледидардан менің жұмысымды көргеннен кейін режиссер болуыма қарсы емес.

Инстаграм әлеуметтік желісінде сіздің бір минуттық видеороликтеріңіз өте танымал. Жалпы осындай видеоларды түсіру туралы ой қайдан келді?

Мен өз ойымды қағаз бетіне жиі түсірімін. Себебі менің есте сақтау қабілетім өте нашар. Неге екенін белгісіз, өмірімнің кейбір сәттері есімде мүлдем жоқ. Мысалы, өзімнің балалық шағымды жақсы білмеймін. Менің айналамда керемет адамдар бар, олармен өткізген таңғажайып уақытты ұмытқым келмейді. Кейін 30-40 жасқа келгенімде видеоны көріп, Айтөре, сен 21 жасында осындай азамат болдың, осындай армандарың болды деп өз-өзіме айтқым келді. Сондықтан мен әлеуметтік видеоларды ең алдымен өзім үшін, өмірімнің ғажайып сәттерін ұмытып қалмау үшін түсіре бастадым. Ең бірінші жасаған әлеуметтік видеоролигім мен үшін өте маңызды болды. Сосын толық қыз жайында да жасаған туындым көрермендеріме ұнады деп айта аламын. Себебі ол Instagram желісінде 600 мыңдай қаралым жинады. Сол видеоны жасаймын деп түні бойы ұйықтай алмағанымды білемін. Басыма келген әр ойды қағаз бетіне түсірдім, қайта жазып, қайта өшірдім. Жалпы оны монтаждап, дайындауға 20 минут кетті. Видеоны көрген адамның барлығы жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Сосын мен осындай туындыларым арқылы қоғамға пайдамды тигізе алатынымды түсіндім.

Қазіргі таңда біздің Айсұлтан Сейітов, Абылай Қайыржанов, Медет Шаяхметов сынды режиссерлеріміз Ресейде танылып жатыр. Сізге де ресейлік әншілерден бейнебаян түсіріп беру туралы ұсыныстар түседі ме? Медет Шаяхметовпен бірге істеген жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз

Медетпен мен бұрыннан таныспын. Ол біздің компаниямыздың “Мечтатели” деп аталатын туындысында басты рөлді сомдаған. Жақында оған Элджей есімді әншіге бейнебаян түсіріп беруге көмектестік. Бейнебаянға түсетін актрисаны және өзге актерларды табу сынды жұмыстарды атқардық. Ал атақты ресейлік әртістерге бейнебаян түсіріп беру туралы ұсыныстар түскен болатын. Бірақ, әзірге реті келмеді деп айтқым келеді.

Өзіңіз секілді еңбек жолын 16 жасында бастап келетін жас режиссерлерге айтар тілегіңіз
Ешкімге еліктемей, үздіксіз еңбектеніңіздер. Сонда жетістікке жетесіздер, өзіңіңіздің қайталанбайтын тұлға екеніңізді түсінесіз. Менің ойымша әр адам қайталанбайтын тұлға. Көп адамдар режиссерлікпен атақты болу үшін, көп ақша табу үшін айналысады. Танымал болу, ақшаны ойлау қалыпты түсінікті жағдай. Бірақ қоғамға пайда әкелуді, көмектесуді бірінші орынға қойыңыздар.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
17.07.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар