Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан президентінің Жолдауы 31 қаңтарда жарияланады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, ертең жария болатын Жолдаудың негізгі тақырыбы туралы айтты.

nazar

“Құрметті қазақстандықтар, қасиетті Отанымыз Тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды. Ширек ғасырда біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық.

Екіншіден, “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып, асқақ Астанамызды салдық. Ал, қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз. Ертең, қаңтардың 31 күні, менің жолдауым ақпарат құралдарында жарияланады. Мен биылғы жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Басты тақырып “Қазақстанның үшінші жаңғыруы” деп аталады. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілеттерін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамту сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек”, – деді елбасы мәлімдемесінде.

Бұған дейін Назарбаевтың бірнеше министрлікті қайта құрғанын хабарлаған болатынбыз.

25 қаңтар күні елбасы қазақстандықтарға үндеу жолдап,Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізуді мәлімдеген еді.

Талқылау