Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан имамдары «Ханафи мазхабы мен Матуриди сенім мектебі» ұстанымын бекітті

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  ұйымдастыруымен «Ислам және өркениет» атты ІІ республикалық имамдар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20170419150643

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шара қатысушыларына құттықтау хатын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев оқып берді.

«Форум барысында Діни басқармамен арнайы әзірленген «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы»  тұжырымдамасы және «Ханафи мазхабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітілді. Аталған құжаттарда Қазақстандағы исламның  дәстүрлі мектебінің бірі болып табылатын Ханафи мазхабының ерекшелігі, еліміздегі мешіт имамдарының ХХІ ғасырдағы заман талабына сай жан-жақты білім алып, жамағатқа үлгі болу талабынан туындайтын мәселелер қамтылған. Форумда арнайы үндеу қабылданып, онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық код пен ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту желісінде халқымыздың діни тұтастығы мен рухани жасампаздығын қамтамасыз етіп келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің әлеуетін қоғамымыздың рухани жетілуіне жұмылдырылатыны көрініс тапты», – делінген Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі таратқан ақпаратта.

Форум барысында ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы ел мұсылмандарының мүддесін білдіретін Муфтият пен мешіт имамдарының жамағаттың діни қажеттіліктерін өтеу, қоғамымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту, еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарып отырған жұмыстарына жан-жақты тоқталып, оның алдында тұрған жаңа міндеттер мен басымдықтар туралы айтты. Ал министр Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның өсіп-өркендеуі көптеген факторлардан, оның ішінде діннің қоғамдағы орны мен рөлін дұрыс түсінуге байланысты екендігіне баса мән берді.

«Ұлттық-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда мемлекеттің стратегиялық әріптесі ретінде еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын көруіміздің толық қисыны бар»,-  деді ол.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 500 мешіт имамы, медресе ұстаздары мен шәкірттері, еліміздегі діни конфессиялардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Парламент Сенатының депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ алыс-жақын шет елдердің діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Тағы да оқыңыз:

Діни басқарма азаматтық неке ұстанымына қатысты пәтуа шығарды

Білім министрлігі мектепте оқушылардың xиджабпен жүруіне қатысты ұстанымын жариялады

Діни қызметкерлер ас беру кезінде жайылатын дастарханның мәзірін бекітті

Талқылау