Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қазақфильм» Әміре Қашаубаевқа арналған фильмнің түсіріліміне кірісті

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, кинопродюсер және инвестор Әлидар Өтемұратов голливудтық продюсерлер Кери Гранат және «Оскар» жүлдесінің иегері Эд Джонспен бірлесіп «Әміре» фильмінің түсірілімін бастап кетті. Бұл туралы «Қазақфильм» кино студиясының  баспасөз қызметі хабарлады.

әміре

Аталмыш туынды халықаралық прокатқа 2017 жылы шығады деп күтілуде.

«Әміре» Қазақстан – АҚШ бірлесе отырып түсіріп жатқан алғашқы жоба болмақ.

Фильмге қазақтың біртуар дарынды әншісі, тенор дауыс иесі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) жарқын Һәм қысқа өмірі және жұмбақ өлімі арқау болып отыр. Әміре Қашаубаев қазақ халқының әншілік өнерін Еуропа халықтарына таныстырып, ұлттық аспабымыз домбыраны 1925 жылы Парижде Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes аясында өткен музыкалық байқауда паш еткен адам.

КСРО делегациясының әртісі,  36 жастағы Әміре «Ғашықтар мекенінде» халықты тамсандырып, ІІ орынға және күміс медальға қол жеткізген болатын.

Сондай-ақ, туындыда Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз жанрының майталманы Джордж Гершвинмен танысуы және Отанына оралған сәттегі соқтыққан қиыншылықтары жайында көрсетіледі.

Кинокартинада тенордың репертуарындағы әндер орындалады. Олар: «Балқадиша», «Сұржекей», «Үш дос», «Дударай», «Жалғыз арша», «Бес қарагер», «Ағаш аяқ» және «Əй-əй бөпем». Еуропада жүріп жатқан түсірілім 23 шілде күні Латвиядан (Рига) бастау алды. Түсірілім жұмыстары қыркүйек айының басында Алматы қаласында аяқталады деп жоспарлануда.

Халықаралық түсірілім тобын американдық қоюшы-режиссер Джеф Веспа басқаруда, оператор – Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград»). Сценарий авторы – Бенжамин  ван дер Вин.

Басты рөлді сомдау бақыты қазақстандық киножұлдыздар Санжар Мадиевке (Әміре) және Мәскеу кинофестивалінде «Үздік әртіс» аталымына ие болған Еркебұлан Дайыровқа (Мұстафа Шоқай) бұйырды. Сондай-ақ, британдық актер Бен Алдридж, көрерменге «Область тьмы» фильмі арқылы танылған американдық актриса Эбби Корниш аталмыш туындыда бой көрсетеді.

Тарихи кеңесші – Әміре Қашаубаев жайындағы бірнеше кітаптардың авторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімов.

Талқылау