Күшік күйеу боламын: заманауи қазақ жігіттері ата-енесімен бірге тұруға қарсы емес

Ертеде жетім балалар күшік күйеу атанса, бүгінгі күні кейбір жігіттер өз еріктерімен осы қадамға барып, ауқатты адамдардың қыздарымен шаңырақ көтеріп жатады. Күшік күйеу деген атты жамылумен әйелдеріне масыл болып алған азаматтар да жоқ емес. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қазақстандықтардың күшік күйеулер туралы не ойлайтындарын анықтады

Алмас Алтай Бақытжанұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Менің дос балам жағдайын жасап алғанша ата-енесімен бірге тұрып жатыр. Құдай қаласа, жақын арада көшеді. Жер сатып алған, үйін де салады. Менің ойымша күшік күйеу дегеннің түк ұяттығы жоқ. Бірақ ол ер адамның намысына тиеді. Қанша дегенмен ер азамат болған соң, бір үйдің отағасы болғың келеді ғой. Алайда, қазіргі заманда қазақ жігіттерінің ішінде жағдайы бола тұра, жұмыс істегісі келмейтін, жалқауланатын, әйелдердің арқасында күн көретін азаматтар бар. Бірақ жігіттердің 100 пайызы ондай деп ойламаймын.

Әсет Ибрагимов, күзет қызметкері:

Теңгенің екі жағы бар дегендей, бұл жағдай да сол сияқты ғой. Біреулер өзінің қызы үшін көмектескісі келеді. Өзімнің танысым бар. Әке-шешесі жоқ, жетім бала. Қазір қайын жұртының үйінде тұрып жатыр. Басқа не істейді? Пәтер жалдап, қанғып жүргеннен жақсы емес пе? Әзірге жер де, үй де ала алмайды. Қазіргі қоғамда жастардың барлығы жұмыссыз жүр. Егер өзімнің қызым болып, күйеу баламда ешнәрсе болмаса, мен ол аяғына тұрып кеткенше көмектесем. Бір жағынан алып қарағанда, өз еркімен өз әке-шешесін тастап кетіп, қайын жұртының үйінде тұратындар бар. Олардың іс-әрекеттері дұрыс емес деп санаймын. Әйелді аманат етіп алған, оны бағу — ер адамның парызы.

Денсаулықтың қадірін одан айырылғанда білесің дейді. Денсаулық бар кезде жұмыс істеп, бағуға талпыну керек. Кез келген адамға жер қазса да, жүк итерсе де жұмыс табылады. Әйел адамның тапқан табысы мен еркектің табысы екі бөлек нәрсе. Әйел қанша жерден ақша алып келсе де, оның берекеті болмайды. Ертең ер адамның балаларының алдында әке сияқты қадірі де азаяды. Ақыл айта алмай қалады. Өз абыройын өзі түсіреді. Байқаған шығарсыздар, кейбір жанұяларда үлкен кісілер үндемей жүреді. Себебі, әйелдерінің сөздерінен аса алмайды. Осы әрекеттерімен еркек те, әйел де күнәға батып жатыр. Осындай тәрбиені көріп өскен ұлдардан болашақта жақсы жігіт шығады деп айта алмаймын.

Ермек Асыпберов, Алматы қаласының тұрғыны:

Күшік күйеу болу жағдайға байланысты деп ойлаймын. Өйткені біреудің өмірі қиын, біреудікі жақсы. Кейбір ата-аналар болады, қыздары бар, ұлы жоқ. Ата-анасы “күйеу балам менімен тұрса екен” деп қалап тұрады. Негізі, бұл намыстанатын нәрсе деп ойламаймын. Ер адамның өзі ақша тауып, кәсібі болып, өмірде табысты болса, неге жеке тұрмасқа, неге керісінше ата-енесіне, әке-шешесіне көмектеспеске? Негізі өмірден көп қиыншылық көрген, шаршаған немесе бәріне қол сілтеген жігіттер бар.

Солар өздеріне ақша табумен айналысатын пысық қыздарды жар етіп алады. Ал өздері қол қусырып, теледидар қарап, үйде жата бергісі келеді. Олардың парызы тек бірнәрсеге, төсек қақысына келіп тірелетін сияқты. Негізі, шариғат тұрғысынан алғанда, еркек адамның әйел алдында үш қақысы, төсек, киім, тамақ қақысы бар. Сол үшеуі орындалуы керек. Осы үш қақысы берілсе, әйелдің ер адамға шағымдануға қақысы жоқ.

Еркінбек Серікбай, жазушы:

Екі түрлі жағдай болады. Біріншіден, қазіргі кезде есеппен үйлену деген бар. Кейбіреулер кез-келген уақытта ойламаған жерден байып кетуді, сол арқылы жақсы өмір сүруді армандайды. Кейбір жігіттер ыңғайлы уақытты күтіп, осыған дайындалып жүреді. Басқалардан өзін керемет, жоғары қоятын азаматтар бар.

Себебі тек бізде ғана емес, жалпы XXI ғасырда өзін басқалардан жоғары қою психологиясы қалыптасқан. Менің өмірім, қалай және қандай жолмен жақсы өмір сүремін, қалай пайдаланам, қандай жолмен жақсы өмір сүремін, оны өзім шешемін деп санайды. Екіншіден, кезінде тағдырдың түрлі жолдарымен ажырасып кеткен келіншектердің бар екенін ескеру керек. Қыздары тұрмысқа шыққанда олар “менімен бірге тұра бер” деп айтулары мүмкін. Сөйтіп күйеу баласы, қызы үшеуі бірге тұра береді. Бұған ешкім қарсылық білдіріп, баяғыдағыдай ұят болады, болмайды деп айтпайды.

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
17.01.19
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар