Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан неміс әже қазақ ұлтына келін болудың ерекшілігін айтты

Валентина Аязбекова  — неміс ұлтының тумасы болса да қазақтың тілі мен дәстүрін кейбір отандастарымыздан артық білетін батыр ана. Бүгінде 27 немере, 25 шөбере сүйіп отырған ол, Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне қазақ ұлтына келін болудың ерекшілігін, күйеуімен 57 жыл бірге тұрғанда жеткен жетістігін айтып беріп, қазіргі тұрмысқа шығып, ажыраса салуды әдетіне айналдырған қазақ қыздарына қатысты пікірімен бөлісті.

“Менің балалық кезім, жастық шағым Самарқан облысының Булунгур ауданында өтті. 1942 жылы туылдым. Кеңес Үкіметінің кезінде ұлт-ұлтқа бөліну болмайтын. Қазақ, орыс, өзбектер — барлығымыз татулықта тұрдық. “Қай жерден келдің ?” деген болмайтын. Мен Булунгурда мектепті бітіріп, 1961 жылы Самарқандағы педагогикалық оқу орнында (педучилище) оқып жүрген кезде болашақ жарыммен таныстым. Сол кездері педагогикалық оқу орындары білім шаңырағынан түлеп ұшқаннан кейін қолға дипломды бірден бермейтін. Екі жылға еңбекпен өтеуге қалдыратын.

Осы жұмысымды орындауға мені  Қызылқұм колхозы, Фарыс ауданына жіберді. Ол ауданда менің болашақ жарым Ізтілеу және оның жанұясы өмір сүрді. Ата-анасы мал баққан қарапайым адамдар еді. Екеуміз араластық, артынан шаңырақ көтердік. Сосын ол техникумдағы оқуын аяқтау үшін қайтадан Самарқанға кетті. Оқуын үш жылға әскерге кететін болған соң, тоқтатқан еді.

Екеуміз үйленген соң, қайтадан жалғастырып, бір жарым жылдай Самарқанда болды. Ал мен ата-енемнің қолында тұрдым. Мектепке жұмысқа орналасып, бастауыш сыныптарының мұғалімі ретінде қызметімді атқардым. Күйеуім бітіріп келгенше оларға айлығымды беріп тұрдым. Қазақстанға 1972 жылы келдік”, — дейді Валентина Александрқызы.

Валентина Аязбекова өмірде жеткен жетістіктерімен тоқталып қалмайтын, әрдайым алдыға жылжуға ұмтылатын адамдардың қатарына жатады. Ол педагогикалық оқу орнын бітірсе де, жоғары білімі бар, білікті әрі білгір маман атануды қалаған.

Күйеуі Ізтілеу Аязбековтың да сондай дәрежесі болуын көксеген. Сөйтіп 1964 жылы Валентина әже емтихан тапсырып, Ташкенттегі мықты жоғары оқу орнына, филолология факультетіне түскен. Үшінші курста оқып жүргенде күйеуі де осы университетке тапсырып, биология факультетін тәмамдаған. Екеуі де барша адамзаттың алтын ұясы саналатын мектепке еңбектерін сіңірген қадірлі ұстаздар атанған.

Әженің айтуы бойынша, анасы да әкесі де оның өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шығуына еш қарсылық танытпаған. Әкесі күйеу баласын қатты сыйлаған. Ал Валентина әженің анасы тұрмысқа шыққалы жатқан қызына тек бір ақылын айтып, бақыт тілеген.

“Анам: “Кетіп барасың, шу шығарып үйге қайтып келуші болма. Үйге тек қонақ ретінде келетін бол”,— деп айтқан. Күйеуіммен 57 жыл бірге тұрдық. 57 жылдың ішінде үйіме тек мейман болып қыдырып бардым. 9 бала таптым. Тек екеуі кішкентай кездерінде шетінеп кетті. Қазір Аллаға шүкір 4 балам мен 3 қызым 27 немерем, 25 шөберем бар. Күйеуім 2018 жылдың қыркүйегінде дүниеден озды. Өзім бір-екі айда Құдай қаласа 77 -ге толайын деп отырмын. Аллаға шүкір, бұл өмірге ризамын”, — деді әже.

Сұхбат барысында кейіпкеріміз алғашқы кезде қазақ отбасына келін болудың оңайға соқпағанын жасырмады. Алайда, табандылық, еңбекқорлық, ақыл-парасаттың арқасында кез-келген қиындықты жеңіп шығуға болатынын өз тәжірибесін негізге ала отырып сөз етті. Бүгінгі күні қазақтың дәстүрін, тәрбиесін бойына сіңіріп алғанын, ескіден қалған әдет-ғұрыпты ұстанатынын айтты.

“Алғашында сіңісіп кету қиын болды. Бірақ бірнәрсеге кіріскен соң, соған шыдау керек қой. Қиын кездер де, өте жақсы қуанышты кездер де болды. Білмегенімді үйрендім. Бәріне де шыдадым.

Қазіргі заманда қыздар жігіттердің қалтасына қарайды. Бір нәрсені көтере алмайды. Ажырасып кетеді. Арадағы балаларын ойыншыққа айналдырып алады. Мен мұндай дүниені құптамаймын. Жағдайы нашар болған соң, қаншама жігіттер үйлене алмай жүр. Құдайға шүкір, төрт келінім бар. Төртеуі де қыздарын ұзатты, олардың шаңырақтарына да келін түсті. Үш қызымды да қолдан ұзаттым. Алып қашуға қарсылық таныттым. Үш қызым да ата-енесімен тұрады.

Мен күйеуіме “бізді бағасың ба, асырай алмайсың ба?” деген жоқпын. Орыс тілінен де, қазақ тілінен де сабақ бердім. Алатын айлығым да күйеуімдікінен көп болатын. Бір мұғалімнің айлығына қарап қалмадық. Мал ұстадық, қой ұстадық. Сары май, сүт деген өзімізде болған соң, дүкеннен сатып алмайтынбыз. Бізге ешкім жәрдем ретінде бір тиын берген емес. Өзіміз аяққа нық тұрдық”, — дейді ол.

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау