Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ жігіті салақ әйеліне үй шаруасын үйрете алмағанын айтып налыды

Қазақстандық азамат бұрынғы әйелінің өзіне ақылға сыймайтын талаптар қойғанын айтып налыды. Айтуынша, әйелі отбасылық қарым-қатынастарының үнемі романтикаға толы болғанын қалайды екен. Ал Тұрсынхан мырза өз кезегінде үнемі әйеліне көңіл бөле алмайтынын айтып жатыр. Мұнымен қатар, әйелінің бойында салақтық сынды жағымсыз қасиеттердің бар екенін айтып жатыр.

16908392_114341655756316_7780651445061156864_n

Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.

Италиялық эндокринологтар әйелдердің көзіне шөп салу ер азаматтардың ерте қайтыс болуына алып келетінін дәлелдеді. Ғалымдар 10 жыл бойы 3,5 мың азаматты тексеруден өткізіп, қыдырғанды жақсы көретін еркектердің өміріне көбірек қауіп төнетініне көз жеткізген. Яғни жігіттің нақсүйері көбейген сайын оның көп әйелдің құшағында өліп кету қаупі күшейеді. Ал 31 жастағы Тұрсынхан Құмархан ешқандай опасыздық жасамағанын айтып ақталды. Оның әйелімен ажырасып кетуінің себебі басқа екен.

“Әйелімнің соңынан 5-6 ай бойы жүріп, түрлі жылы сөз айтқанымды жасырмаймын. Үйленгеннен кейін шамамен бір жыл бойы бізде барлығы жақсы болды. Кейін отбасындағы жылулық азая берді. Отбасылық өмірдің алғашқы жылында жылудың көп болатыны анық. Махаббаттың қызуы басылған соң өзіңе, ағайындарыңа, жұмысыңа көңіл бөлесің. Алғашқы бір жылда өзіммен бірге ертіп, киноға, т.б. жерлерге апарып жүрдім. Бірақ 5-10 жыл бойы олай жүре алмаймын ғой. Адамның қартаятыны бар. Ол менен өмір бойы бастапқыдай көңіл бөлуімді талап етіп отыр. Сыртқа жібермейді. Шамалы шыққаныма бола сөйлей бастайды. Оның үстіне тексерістері де көп. Қыз-жігіт болып жүріп жүрген кезде сүйіктіңнің кемшіліктерін байқамайды екенсің. Арамызда келіспеушіліктер көбейгелі ол да маған көңіл бөлуді қойды. Үйге әйелім бар деп келген кезде, оның бар екенін сезінбей қаласың. Қазір мен оны сүймеймін”, – дейді Тұрсынхан мырза.

Бағдарлама кейіпкерінің сөзін психолог Лимана Құттыбекқызы бөлді. Ол ажырасуға екі тараптың да себепші болатынын тілге тиек етті. Мұнымен қатар, Тұрсынханға өз тарапынан жіберген кемшіліктер туралы ойлануға кеңес берді.

“Ішкі жан-дүниеңізді үлкен соққы бар сияқты. Оны неге айта алмай тұрсың? Кешіріп, оны ұмытқан болсаң, бұл жерге келмес едіңіз. Бұл жағдай саған өте ауыр тиіп, соны сөзбен жеткізе алмай отырсың. Саған ауыр болса, мүлдем қозғамай-ақ қойғаның жөн. Әйел адам мұндайда көз жасын төгіп, жеңілдеп алады. Ал ер адамға ауырлау тиеді. Сен айтып отырған дүниелердің барлығы – ұсақ-түйек нәрселер. Отбасы деген зәулім үй секілді. Сол зәулім үйді салып жатып біреуің артта қалып қойдыңдар. Бар мәселе кімнің артта қалып қойғанында болып отыр”, – дейді психолог маман.

Ал Тұрсынхан мырза әйеліне қателіктерін бетіне басып, түзелуге кеңес бергенін айтып жатыр. Мұнымен қатар, өзінің тарапынан да қателіктер кеткенін мойындады.

“Әйелімнің кемшіліктерінің аяғы ажырасуға әкеліп соқтырды. Жанжал күннен-күнге өрши түсті. Ол түсінісуге тырысты, әрине. Мен “Әйелдік міндеттеріңді мойныңа ал. Бәрін түзет. Бастапқы қалпына келтір” деп айттым. Бірақ ол керісінше менімен ерегесіп кетті. Айлық жалақымды ай сайын үйге әкелемін. 100%-ын бермей, өзіме керегін алып қаламын. Өйткені арасында менің әйелсіз жүретін кездерім болады. Қыдыруым тым көп болды деп айта алмаймын. Бірақ қыдыруымның келіспеушіліктеріміз көбейген сайын жиілеп кеткені рас. Кешке дейін отыра бергенше, шамалы достармен қыдырған артық сияқты. Некелескен жылдары көзіне шөп салған емеспін. Ол маған ұсақ-түйек дүниелерге бола кінә артады. “Бастапқыдағыдай маған уақыт бөлмейсің” дейді. Қазір мүлдем араласпаймыз. Ажырасқанымызға бір жылдың төңірегі болды.

Жалпы 3 жылға жуық уақытты сол қызға арнадым. Уақытымды жоғалтқаным болмаса, одан айырылып қалдым деген өкініш жоқ. Арада баламыз болмады. Бірақ оған бола ешуақытта ренжіскен емеспіз. Тексеріліп, емделмедік. Өз уақытында болады деп күттік. Оған талай мәрте өз ойымды жеткізбек болдым. Салақтығын жиі байқап, жалпы әйел адамның отбасындағы міндетін түсіндіруге тырыстым. Қолынан көп нәрсе келмейді. Өзі үйренуге де құмартпайды. Барлық нәрсені білмесем де, өзіме тиесілі жұмыстарды істей аламын. Отбасымда әкем ер азаматқа лайық, анам нәзік жандыларға лайық істерді атқарды. Анам негізінен үй шаруасымен көбірек айналысатын. Ал қыдыру мәселесіне келсем, жігіттермен бильярд ойнап, әңгіме-дүкен құрамыз. Серілігімнің бар екенін мойындаймын. Жалпы үйленбей тұрып көп қыдыруға дағдыланып қалғанмын. Менің ойымша, бұл дұрыс. Ал серілік құрып жүріп опасыздық жасау дұрыс емес”, – дейді Тұрсынхан мырза.

Психолог Лимана Құттыбекқызы осы орайда бір мысал келтірді. Аталған мысал шынайы өмірден алынған. Маманнан көмек сұрап келген жас жұбайлардың әңгімесі екен.

“Екеуіңнің жастарың аса алшақ емес. Бірге тәрбиеленіп, ұсақ-түйек дүниелердің айналасынан шығуға болмас па еді? Бастапқыда 5-6 ай оны танып-білуге тырысқан екенсің. Жуырда маған бір жас отбасы келді. Олардың екі баласы бар. Әңгіменің барысында үй шаруасының 99%-ының әйелдің мойнында екені анықталды. Тіпті, үйге қандай түсқағаз алу керектігін де сол шешеді екен. Ал ер азамат мұны “Менің шаруам емес” дейді. Яғни бұл жерде ер азамат қосымша бір бала болып отыр. Кезінде бұл ер азаматтың отбасында барлығын анасы мен әжесі шешетін болған екен. Бәлкім сізде де осыған ұқсас себептер бар шығар?!” – дейді Лимана ханым.

Ал студияға қонаққа келген Ерлан Орынбасаров Тұрсынханды жақтай түсті. Ер азаматтың еркіндікті сүйетінін тілге тиек етті.

“Біріншіден, ер-азамат ретінде оны жақтағым келіп отыр. Мысалы, әйел адам көп жағдайда тамақ жасап, бала бағып, үйде отыруы тиіс. Ертеректен ата-бабамыз тапқан-таянғанын, атқан аңын үйге алып келетін болған. Ер адамның басқа достарымен араласып, көшеде жүруі – біздің отбасымызда да кездесетін жағдай. Бірақ, қандай жағдай болмасын, екі адамның арасында сенім болуы керек деп ойлаймын. Сенім болған жерде сен таңғы бесте келсең де, әйелің сенен күманданбайды. Бірақ ертесінде түк болмағандай да отыра берген ұят. Сол себепті қайда баратының туралы әйел адамға аз да болсын ақпарат беріп отырғаның абзал. Сонда ғана әйелдің жүрегінде күмән болмайды. Тұрсынханның бір қателігі – осы секілді ақпараттарды дұрыс жеткізбеуі шығар”, – дейді әнші.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.


Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбелік әйел күйеуінің опасыздығына көз жұмған құрбысына ашуланды

Қазақстандық келіншек бірнеше әйелді жүкті қылып, мүлкін тартып алған алаяқтан сақтандырды

Қазақ қызы отбасылы сүйіктісінен еш айырылғысы келмейтінін айтты

Үлкен отбасының бес бірдей қызы зорланған

Шымкенттік әйел 60 жастағы көңілдесінің жалаңаш суреттерін пайдаланып ақша бопсалаған

Талқылау