Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ жігіті мұқтаж жандарға тегін үй салып беріп жүр

Шыныңызды айтыңызшы, үйелмелі-сүйелмелі балаларын сүйретіп, әркімнің есігінде күнелтіп жүрген отбасыға туыстық қатысы жоқ, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс жан су жаңа үйді су тегін салып беремін десе сенер ме едіңіз? Тап қазіргі уақытта мұндай жанға сену былай тұрсын, келемеж етіп тұр деген күдікпен қарауыңыз кәдік. Ал Көңілбай Шүкенов шынында да мұқтаж жандарға тегін үй салып беріп жүрген жан.

Көңілбай Қалдыбекұлының бұл қайы­рымдылық жобасының жөні бөлек. Былтыр ол Астана қаласында 4 отбасыға жер алып, үй салып, ішін жиһазға толтырып берген екен. Одан бөлек, 32 үйді өз қаржысы есебінен күрделі жөндеуден өткізіпті. Тағы талай жанның жеке кә­сі­бін бастауына жәрдем берген. Алдағы жылы бұл бастаманы Алматы қаласында жалғастырмақшы екен. Бұйыртса,­ Шымкентте де бес үй салуды жоспарлап отыр. Ол үйлер кімдерге бұйырады? Қашан салынады?

Кешегі аптада Шымкентке келген сапарында Көңілбай Қалдыбекұлы «Замана» газетінің редакциясына арнайы ат басын бұрып, бізге осы жайлы айтып берді.

– Мен бұл жобаны байлығым тасып бара жатқаннан немесе өз абыройымды асыру үшін жасап жатқан жоқпын. Мақсатым – көпбалалы отбасыларды қолдау, оларға қолымнан келгенше жәрдем беру. Келесі жылы Алматы қаласында бес отбасыға үй салып бермекпіз. Бұл жұмыс басталып та кетті. Одан ке­йінгі кезек – Шымкенттікі. Мұнда да қа­ла аумағына кіретін жерден жер телімін алып, бес үй салуды жоспарлап отырмыз. Әзірге мұндағы жер телімі мен құрылыс материалдарының құнын, жалпы нарық бағасын білу үшін келдім. Қаланың әр аумағындағы жер телімдерінің бағасын сұрастырдым.

Шымкентте жер өзге өңірлерден арзан деп естуші едім. Бірақ олай емес сияқты. «Нұрсәт» мөлтекауданында әкім­шілік аумаққа жақын жерде бір үй салуға болатын жер телімінің бағасы 20 миллион теңге деп естідім. Бұл еліміздегі ең қымбат қала саналатын Астананың өзінде қиналмай бір пәтер алатын баға. Әйткенмен ол менің жоспарыма кедергі емес. Шымкентте үйді 2019 жылы салатын боламыз.  Барлық коммуникациялық жү­йе­лер – жарық, су, газбен қамтамасыз етілуі, жылыту мәселесі, тіпті құжаттарын да реттеуді өз мойнымызға аламыз. Одан кейін тұрмыстық техника, жиһаз-жабдықтарын түгелдеп, кілтін үйі жоқ көпбалалы отбасыға тапсырамыз.

– Ол үшін қандай талап қойылады?

– Өмірдің қандай кедергі-қиындығына тап болса да бірлігін сақтаған, яғни ажыраспаған болуы шарт. Әрине, мұқтаждығы айқын болуы – басты мәселе. Сосын қанша жерден жетіспеушілік қысса да балаларының қандай да бір үйірмеге қатысып, қосымша білім алуына ұмтылған, соған жағдай жасаған отбасылар бірінші кезекте құпталады. Біздің қоятын талабымыз сол ғана. Табиғи апаттан зардап шеккен отбасы болса, оларға тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізуге көмек­тесеміз. Жеке кәсібін ашқысы келген отбасыларға да жәрдем береміз. Оларға өз сауда орнын, дүңгіршегін ашуға заңды және қаржылай көмек көрсетіледі.

– Нақты мысалмен түсіндіріңізші.

– Өткен жылы Астана қаласынан бір отбасыға жеке кәсібін ашуға көмектестік. Жасы елуге жақындап қал­ған әйел төрт баласы барын айтты. Жалдамалы пәтеріне ай сайын 50 мың теңге төлеуі тиіс екен. Оны таба алмай, далада қала жаздаған. Сұрас­тырсақ, сауда жасауға ебі бар екен. Тек жалға дүңгіршек алу, оның құжаттарын реттеп, салығын төлеу, тауар алуға қаржы керек. Біз оны «Даму» бағдарламасы арқылы қысқа мерзімдік курста оқытып, «1000 орын» бағдарламасы бойынша қала орталығынан кондитер өнімдерін сататын орын алып бердік. Конфет-печенье өндірушілермен өзіміз кепіл (гарант) бола отырып, керекті тауарын әпердік. Бүгінде ол барлық құжаттары заңды, салығын төлеп тұратын орта дәрежелі кәсіпкер. Жақында бұл саудасына қоса «шиномонтаж» дүңгіршегін ашты. Тұрмыстары түзелді.

Айтпағым, біз кәсібін бастаймын де­геннің бәріне қаржы бере бермейміз. Еңбек етемін деген адамға керек күрегін тауып берушіміз. Яғни тауарды айналымға беретін кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, өзіміз кепіл (гарант) болу арқылы керегін алып береміз. Бизнес-жоспар жасап, жұмысының дұрыс бағыт­та  жүруіне көмектесіп отырамыз. Осылай өз қолдары өз аузына жетуіне мұ­рындық боламыз.

Маусым айында 6 баласымен қиналып отырған бір әйелге кезіктік. Оның кондитер өнімдерін пісіруге ебі бар екенін білген соң алғашқы керек-жарағымен қамтамасыз еттік. Ал пісірген торт, тәтті печенье, бәліштерін конфет-печенье сатушы әлгі бірінші әйелдің дүңгіршектеріне жібердік. Қазір оның тауарлары бірінші болып сатылып кетеді. Тіпті алдын-ала тапсырыс берушілер де табылды. Жұмыстары жүріп, жетіспеушіліктен құтылған соң отағасы екеуінің қарым-қатынасы түзеліп, болашаққа жоспар құра бастады. Қиналған сәтте ажырасып кетуге шақ қалған оларға біз ең алдымен отбасын сақтау жайлы талап қойған болатынбыз. Яғни біз жоқ-жітікке жәрдем беріп қана қоймай, қандай қиындықта да отбасын сақтап қалуды талап етеміз.

– Тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге де көмектесеміз дедіңіз. Мұндай көмек сұраушылар көп пе?

– Көбейіп келеді. Негізінен су тасқыны кезінде үйінің іргесін су шайып кеткендер. Үйінің қабырғасы қақырағандар. Оларға да мұқтаждығын анықтап болған соң тиісті көмек көрсетеміз. Ешкімнен ешқандай ақша талап еткен емеспіз. Барлығы да тегін. Құрылыс материалдары мен құрылысшылар ақысына дейін шығынды өзіміз көтереміз.

– Құпия болмаса, қаржыны қайдан аласыз?

Кезінде құрылыс саласына және жол салуға қатысты екі серіктестігім болған. Ал­ғашында қайырымдылыққа содан түс­кен қаржыны жұмсайтынмын. Кейін оны сатып жібердім. Бірақ қайырымдылық жасамасам тұра алмайтын әдет пайда болды. Тіпті өзімнің жеке көліктерімді жай ғана сыйлап жіберген кездерім де болған. Енді қаржы жоқ деп қарап отыра алмаймыз ғой, сондықтан сайтымызды тегін үй салып беретін телевизиялық жоба етіп қарастырдық. Аллаға шүкір, ойға алған жоспарымыз сәтті болған сияқты, ірі компаниялардан жарнама қосуға тапсырыс түсіп жатыр. Қайырымдылыққа қаржыны осылай адал еңбегімізбен табамыз. Әрі біздің жұмысымыз халықтың көз алдында, бәрі ашық болады. Кей-кейде достарым да көмек беріп тұрады.

Жақында тағы бір жобаны қолға алмақпын. Ол «Алло, не керек?» деп аталады. Бұл – Қазақстан бойынша жедел жеткізіп беру қызметі. Әр қаладан арнайы орталық ашуды жоспарлап отырмын. Онда тауар өндірушілердің тауарлары сақталады. Орталықтың бірегей телефонына хабарласқан адам өзіне керек затын айтады. Біздің сол қаладағы адамдар өндіруші бағасымен, үстіне ешқандай ақы қоймай, сұраған тауарын аз уақытта айтқан мекен-жа­йына жеткізіп береді. Мен мұны Астана қаласында тәжірибеден өткізіп көрдім. Баға базардағыдан арзан, сапасында күмән жоқ, әрі тауар үйіңе өзі жетеді. Бұл қызмет қала тұрғындарына ұнады. Енді осы жобаны кеңейтіп, Қазақстан бойынша бірегей орталық ашуды жоспарлап отырмын. Бұл біздегі қымбатшылыққа қарсы соққы болатыны сөзсіз.

– Көңілбай, кедейшілік пен қымбатшылыққа қарсы майдан жариялаған сияқтысыз. Еңбегі­ңізге сәт­тілік тілейміз.

Тағы да оқыңыз:

Мемлекеттік Туды терезеге іліп қойған қызылордалық азаматқа жарты миллион теңге айыппұл салынды

Өмір үшін аса қауіпті: Омырау қатерлі ісігін білдіретін 12 белгі (фото)

Рак дертін жеңген қазақ қызы АҚШ-та өз кәсібін ашқан

Талқылау