Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртастың өмірбаяны

Stan.kz ақпараттық агенттігі қазақ эстрадасының нағыз шоқ жұлдызы, бірнеше жыл бұрын сахнаға өрмелеп шығып, өнер әлемін бағындырған танымал әнші Қайрат Нұртастың өмірбаянын ұсынады.

Қазақ эстрадасының нағыз шоқ жұлдызы Қайрат Нұртастың өмірбаяны

Қазақстанның ең танымал, әрі ең сүйікті әншісі Қайрат Нұртас 1989 жылы 25 ақпанда қазіргі Түркістан облысы Түркістан қаласында Айдарбековтар отбасында дүниеге келді. Әкесі Нұртас Айдарбеков, анасы Гүлзира Айдарбекова. Өзінен кіші Аян және Заңғар есімді інілері бар. Қайрат алғаш болып мектеп табалдырығын 1996 жылы Алматыда аттады. Мақатаев атындағы 140 мектеп-гимназиясында алғаш қолына қалам алады.

1997 жылы 8 жасар Қайрат “Махаббат мұңы” әнімен алғаш рет экранға шығады. Ал 2005 жылы колледжге оқуға түсіп, Эстрада цирк колледжінің студенті атанады. 2006 жылы “Шаншар” әзіл-ысқақ театрында “Әке” әнін орындап, өнерге қадам баса бастады. Сол жылы Қайраттың орындауындағы “Арман” әні жазылады. 2007 жылы “Тәтті сезім”,”Еркетай қарындасым”,”Жаралдың кім үшін”, “Аллаға шүкір”,”Көз жасың көмектеспейді” сияқты тағы да басқа әндерді орындап, кеңінен таныла бастады.

Қайраттың аз ғана уақыт ішінде осыншалықты танымал болуының сыры ерекше дарын мен өлшеусіз еңбек және белгісіз біртартымдылықта жатыр. Соңғысының сыры бәрімізге белгісіз. Ал, оның осы көзге көрінбейтін қасиеті халықтың, барша тыңдарманның тамырын дөп басты. Оған қоса үздіксіз ізденістің арқасында Қайрат бүгінде сахнадағы бала әнші емес, дара әншіге, қазақ эстардасында бұрын-соңды болмаған феноменге айналды.

Осы уақытқа дейін Қайраттың өмірінде өте көп қызықты сәттер де, қиындықтар да орын алды. Халықты ыңғайсыз жағдайларға да қалдырған кездері болды. Бірақ, оның бәрі бір Алланың қалауымен болған дүниелер. Қайраттың өнерін барша қазақ сүйеді десек артық болмас. Оның концертін үлкен де, кіші де асыға күтеді.

Бір күні Қайрат Қарағандыға жеке кешін беруге шығып, бір өзі жүріп 5 концерт өткізіп қайтқан. Киімін де өзі дайындап, Қарағанды мен Қарағанды облысындағы концерттеріне жеке көлігімен барып, халықпен жүздесуге асыққан. Алайда, белгілі бір себептерпен ән-кешіне кешігіп қалған кездері де болды. Сондай гастрольдардың бірінде Қайраттың көлігі жолда бұзылып қалып, әнші сағат 7-дегі концертіне түнгі 11-де барған. Таңғаларлығы, концертке келген халық әншіні әлі күтіп, тосып отырған. Бірақ, Қайраттың бұл концерті өте керемет өтіп, артынан түнгі 1-де тағы бір кеш қойылып, халықтың түнгі 3-ке дейін концерт көріп кеткен кезде де болған.

Басқа әнші болса халық мұншалықты түн қараңғысына дейін күтер ме еді. Басқалары болса әлдеқашан үйді-үйіне тарап кетер еді. Бірақ, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Қайраттың өнерін осылай құрметтейтіні рас. Шынайы өнердің шынайы бағасы әсте осындай болса керек.
Қайраттың ең алғашқы концерті 2008 жылы Алматыда өтті. Содан бері қаншама жылдан бері бүкіл Қазақстан оның шығармашылығына куә болып келеді. Ел сүйіктісі Қазақстанның түкпір-түкпіріне, тіпті байланыс ұстамайтын ауыл-аудандарға барып өзінің жеке кешін өткізді.

Қайраттың адамгершілігі жоғары болғаны сонша, ол неше түрлі жерлерге барып концертін өтікізгенде қанша адам келсін, тіпті 50 адам жиналса да өзінің ән-кешін міндетті түрде өткізіп, сол кісілердің алдында, көз алдында жанды түрін көрсетіп, қошеметке бөленді.

Басқа әншілер бейнебаян түсіріп, сол бейнебаяндары телеарналарда көрсетіліп таныла бастағанда, Қайраттың еңбекқор анасы ұлына ауылдарға барып жеке кештерін өткізуді ұсынып, кеңес берді. Халықтың көрген әншісін өмір бақи ұмытпайтынын жақсы білген және көпшіліктің бата-тілегінің құдіретін түсінген анасы Гүлзира Айдарбекова осылайша, Қайрат халықтың мәңгі есінде қалсын деп, ұлына «өзіңді жақыннан көрсет, ауыл-ауылдарды аралап концерт берейік» деп ертіп жүрген.

Міне, қазақтың, халықтың осындай тілеуінің арқасында Қайрат бүгінде осындай дәрежеге жетті.
Бірақ, бала кездегі Қайрат пен қазіргі Қайрат мүлде басқа. Осынша уақыттың ішінде Қайрат қаншама үлкен ағаларынан сабақ алып, білмейтінін үйреніп, шыңдалды, өзгерді.

Иә, өмір оны өзгертті. Дәлірек айтқанда өзгеруге мәжбүр етті. Ол бұрынғыдай бәріне сене бермейді. Себебі, әркімнен көңілі қала бергендіктен, бұл мәселеде аса сақ болуға үйренді. Сахнада өткен 13 жыл сенімге ғана емес, әрбір әрекетте де абай болу керектігін көрсетті. Себебі, байқаусызда аяғы шалынса, шапалақ ұрып шаттанатындар көп екенін ұқты.

Оның өмірінде түрлі қиындықтар орын алған кездер де болды. Солардың бірі «Прайм Плаза» сауда үйінде болған жағдай. Сол жағдайдан кейін Қайратты біраз жыл сахнаға, республика сарайында өтетін кештерге шығармай қойды. Ол кезде оның отбасы қуанып, тойлап жүрмеді. Олар қатты қайғырды. Бұл оқиға олардың да өміндегі ең ауыр сәт болды. Сол кезде анасы «қашан менің баламды сахнаға шығарады» деп, ауырып, қалтырап, төсек тартып та жатып қалды. Ал олардың бұл күйі Қайрат қа ауыр тиді. Өнер адамы болып, сахнаға шыға алмаған деген сөз өте қиын, жүрекке қатты тиді. Қайрат бұл жағдайда өзін емес, анасына қатты алаңдап, қайғырды. Қайрат анасының күнде жылап, Алладан тілеп, шырылдап жатқанын көрді. Бірақ, әр жамандықтың артынан, жақсылық келеді демекші, Қайраттың өмірінде шуақты күндер ата бастады. Бүгінде, ол өзін өнер адамы екенін дәлелдеді.

Ақырын жүріп, анық басуды үйренген Қайрат өмір мектебінен ғана емес, өз достарынан да талай көресіні көрді. Жанында жүріп, жанашыр сыңай танытқандар кейін жон арқадан пышақ сұққанда, достықтың да құны әрқалай болатынын түсінді.

Көбісі Қайратты теледидардан көріп, ол туралы басқаша ойлайды. Қайраттың ақшасы көп, ол андай-мұндай деп көп айтып жатады. Бірақ, шынына келгенде Қайрат қарапайым жанұядан шыққан қарапайым жігіт. Жұрт ойлағандай Қайрат оққағарлармен жүрмейді және өзін халықтан ешқашан ерекшелеген емес.

Жалпы, Қайрат Нұртастың шығармашылығының шарықтауына, осыншалықты деңгейге жетуіне жақындары, дәлірек айтқанда анасы көп тер төкті. Шоу-бизнес әлеміндегі көпшілік біле бермейтін мәселелерді анасы өзі үйретті. Қанша жерден Қайраттың аяғынан шалуға тырысқандар көп болғанымен, Гүлзира Айдарбекова ұлын осы тығырықтардан сүріндірмей, аман алып шықты. Сондықтан да болар Қайрат көптеген мәселелерге басын ауыртпады. Тек әнін шырқады. Оның бәсекеге толы, бақталастыққа толы ортада жүріп, адами қасиетін сақтап қалуының сыры да осында болса керек.

Қайраттың бойында талант бар. Ал оның осы талантын ашып, бүгінгідей дәрежеге жетуіне анасы көп еңбек сіңірді. Қазаққа Қайраттай ұл сыйлаған Гүлзира Айдарбекова соңына дейін баласының осындай жетікке жететініне сенді және соған жету жолында көп тер төкті.

Жалпы, анасы Қайратты тәрбиелеп, өнерге бағыттап қана қойған жоқ. Сәбиі шыр етіп, дүние келгеннен бері тыныштығын қорумен келеді. Мәселен, Қайрат дүниеге келгенде перзентхана өртке оранып, олар күтпеген жағдайға тап болады. Босанғанына екі сағат болған Гүлзира Айдарбекова өрт шыққанын ести сала сәбилер жатқан бөлмеге кіреді. Көп баланың ішінен қайсысы өзінікі екенін білмеген ана осы-ау деген үмітпен екі сәбиді құшағына алып, қашқан. Біреуі өз баласына ұқсап тұрса, біреуі ұқсамаған екен. Міне, сол сәттен бастап анасы Қайрат үшін көп еңбек етті және әлі де еңбектеніп келеді. Қайрат та Алланың басына анасындай бақ бергенін үнемі мақтанышпен айтады.

Бүгінде сахнада жасындай жарқырап жүрген Қайрат кішкентай кезінен-ақ ерекше болып өсті. Мұны ана жүрегі де сезе білді. Сондықтан да болар тұңғышының бетін қақпады. Тек адал, кішіпейіл етіп тәрбиелеуге тырысты. Қайрат Майкл Джексон сынды шетелдік жұлдыздарды тыңдамады. Ол Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Саят Медеуов, Тоқтар Серік секілді ағаларын тыңдап өсті. Қазақтың бетке ұстар ағаларын, қазақтың әнін, иісін білетін, шырқай білетін, қазақтың әнін қалай халыққа жеткізе білетін ағаларын тыңдады, солардың өнерін сүйді.

Олардың қарапайымдылығынан да үлгі алған әнші соның арқасында осы қазақтың өнерін ұстап келеді. Бірақ, Қайрат аға буынды өнер иелеріне ұқсап өссе де, өз жолын таба білді. Осылайша, қазақ эстрадасының шоқ жұлдызына айналды.

Қайрат ерте шаңырақ көтергенімен, 10 жыл бойы отбасылық өмірі жайлы ешкімге жария етпеді. 18 жасында отау құрған Қайрат әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова мен балаларын “Арман” фильмі жарыққа шыққаннан кейін бір-ақ көрсетті. Бүгінде өнер әлемін бағындырып, халықтың жүрегінен орын тапқан ел сүйіктісі жан жары Жұлдызбен Алау, Сезім, Нарұл, Хан есімді балаларын тәрбиелеп, үлгілі ата-ана болуда.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау