Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып, мемлекеттік тіліміз – ресми қазақ тілі болғанына міне қанша жыл өтті. Осы уақыт аралығында ана тіліміздің жанашыры болған ата-бабаларымыздың жолын қуып, тіліміздің мәртебесін көтеріп жүрген тұлғалар да аз емес. Stan.kz ақпараттық агенттігі назарларыңызға жастарға қазақ тілін насихаттап, болашақ ұрпаққа мұра қалдыру мақсатында еңбек еткен тұлғаларды ұсынады.

Мұхтар Шаханов

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік тіл болып қалыптасу жолында тәуелсіздік алардан бұрын, КСРО заманынан бері ерең еңбек етіп келе жатқан қазақтың ақыны Мұхтар Шаханов екеніне ешкім таласпас. Тек тілдің дамуына ғана үлес қоспай, салтымызды құруына жол бермей, 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген сылтаумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң, 1988 жылдан бастап қайта салтанат құруына мұрындық болған да осы Мұхтар ағамыз еді. Сонау 1989 жылы Мәскеуде сөйлеген кезінде орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заңды қабылдап, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға шақырды.

Шахановтың ұсынысы президенттің қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жекедара мемлекеттік мәртебені иеленді. Сол тұстан бүгінгі таңға дейін қазақ тілін деңгейін көтеру, барша қазақ халқы ана тілін жетік меңгерсін деген ниетте адал еңбек үстінде.

Ринат Зайытов

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Атақты айтыскер Ринат Зайытов қазақ тіліне жанашыр болып жүрген тұлғалардың бірі екені бәріне мәлім. Тіліміз, салт-дәстүріміз құрымасын деген мақсатта жастарға қазақ тілін насихаттап, талай айтыста басты тақырып деп тіл мәселесін көтерген еді.

Айта кетсек, жастармен кездесулерінің бірінде «Егер маған салса, Конституциядағы орыс тілін ресми пайдалану дегенді алып тастар едім: басқа ұлттарға қазақ тілін үйренуге 5 ай уақыт берер едім және мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адамды алмау керек деген заң шығарар едім. Себебі, бұл әлемдік практикада бар нәрсе» деп атап өткен-ді.

Тағы бірде тікелей эфирге шығып оқырмандардың сұрағына жауап қатқан кезде, қоғамда резонанс тудырған түрік азаматы Оғыз Доғанның қазақ тілінің жақталасы болғанын айтып, әрекетін дұрыс деп тапқан. «Қазақ тілін қорлайтындарға қарсы осылай күресу керек. Әрбір қазақ осындай әрекетке баратын болса мемлекеттік тілдің мәртебесі де өседі» – деп айтқан еді.

Бекболат Тілеухан 

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Халық қалаулыларының ішінде де ана тілімізге деген құрметті биік дәрежеге қойып, келешек ұрпағымызды өз тілінде сөйлеуге шақырып жүргендері аз емес. Солардың белсендісі деп Бекболат Тілеуханды айтуымызға болады. Тіл мәселесі көтерілген «Қазақстан» телеарнасының «Сенбілік кездесу» бағдарламасында Бекболат ағамыз «мемлекеттік жүйе тарапынан қазақ тіліне деген қамқорлық өте күшті, ең бастысы Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тұр, және өте жауапты жағдайларда, жауапты жерлерде жұмыс істеу үшін мемлекеттік тілді білу талабы бірте-бірте ретімен келе жатқандығы – бұл қазақ тілінің келешегіне күмән келтірмеуімізге болады деген сөз» деп биліктің тіл сұрағына қатысты жұмыстарын көрсетіп өткен.

Заманның талабына қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында латын әліпбиіне көшу аясында Бекболат Тілеухан «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде: «Шынында да дайындалдық, осы нәрсенің түбі болатыны әркімге белгілі болды. Және біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт дайындады. Қалта телефонымызға келген СМС хабарламалар орыс тілінде келген ақпараттың өзі латынмен келіп, солай дайындады. Осы күні соткасынан айырылған адам, соскасынан айырылған баладан бетер мына заманда шынында да кетіп жатқан ақпараттың барлығы латын тілі, өйткені әдеп солай ыңғайланып жатқан кезде туады. Осы уақыттан ерте бастасаң ерте болып кетер еді, енді кешіксек кеш болуы әбден ықтимал», – деген болатын.

Қанат Тасыбеков 

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Жоғарыда атап өткендей, шынымен тіл мәселесі бір күнде, бір жылда шешіле қалатын сұрақтар қатарында емес, көп уақытты талап ететін мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бері қаншама жұмыс атқарылып жатыр, оған билік өкілдерімен қатар, жеке тұлғалар да үлестерін қосып жатқан-ды. Қазіргі таңда тілді үйрену амалдары көбейіп, әр түрлі кітаптар, оқулықтар, басқа инновациялық құрылғылар мен қосымшалар көптеп жарық көріп жатыр. Жас мамандар түрлі қосымшаларды ойлап тауып, интернет-технология заманында тіл үйренуді қолжетімді қылып жатқандар саны күн санап өсіп жатыр.

Дегенмен, тілді меңгерудің де жолдары көп, солардың ішінде жеңілі, әрі тиімдісі болады, тілді барлық жағынан қамти отыра үйренемін дейтіндерге ерекше оқулық ұсынған тұлғалардың бірі – Қанат Тасыбеков. 2015 жылдың қорытындысы бойынша әуесқой тіл маманы Қанат Тасыбековтың екі томдық «Ситуативный Казахский» атты еңбегі танымалдылығы жөнінен ең үздік деп сараланған он кітаптың алдыңғы қатарында тұрды. Қазақстандағы кең көлемді «Меломен» кітап гипермаркетінің мәліметіне бойынша, бұл туынды таралымы бойынша Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерінен» кейін екінші орында екен.

Асылы Осман 

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Қазақстан – көпұлтты мемлекет, демек елімізде қазақ тілін тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де меңгергенін білеміз. Солардың ішінде Асылы Осман қазақ тілін ерекше ілтипатпен сыйлап, «қазақтың нанын жеген адам тілін де үйрену керек» деп патриоттық сезімін, қазақ халқына деген алғысын тілін, салтын жетік меңгеру арқылы көрсетіп келе жатыр. Осы жолда көптеген мәртебе мен атақтарға қол жеткізіп, «Тіл жанашыры» құрметті белгісіне ие болғанын атап өткеніміз дұрыс. Сонымен қатар, «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі (Абай романы бойынша)» атты кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан, «Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» құрастырушыларының бірі болып табылады.

Елімізде қазақ тілін дамытып жүрген 7 тұлға

Тағы айтар болсақ, қазақ тілінің дамуына үлкен еңбегі сіңбесе де, келешек жастарға үлгі болып, мемлекеттік тілімізді жетік біліп қана қоймай, ол тілде халық алдында, көгілдір экранда сайрап жүрген журналистеріміз де бар. Атап өтсек, олар Майя Веронская мен Ирина Тен. Қазақтың тілінен бөлек салт-дәстүрін білетін бұл қыздар бүгінде қазақ халқының сүйікті қыздарына айналған.

Қазақ тілін қалай тез меңгеруге болады деген сұраққа жауап берген Майя Веронская бір сөзінде: «Қазақ тілін балаға үйрену қиын дейтіндерге күлкім келеді. Баланы жазғы демалыс кезінде бір айға ауылға жіберіңізші. Ол жерде ақ ішіп, аунап-қунап, бойына қан жүгіріп қана қоймай қазақша сайрап келетін болады. Оған қоса ауыл халқы аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын келеді ғой», – деген еді. Ал Ирина Тен болса, қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, халқымыздың әдет-ғұрпын жандандыруға қарсы емес екенін білдірген болатын.

Қорытындылай келе, бүгінгі және келешек қоғамымызда тіліміздің жанашыры болар азаматтарымыз көп болсын. Ұрпаққа қалдырар тіл мұрасы мол болсын.


Тіл туралы 7 өлең

Талқылау