Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қызы күйеуге тигеннен кейін тегін ауыстыруы керек пе?

Қазақ халқы ерте заманнан бастап “Қыз мұраты кету”, “Қыз — жат жұрттық” сынды мақалдары арқылы қазақ қызының өмірдегі басты мақсаты жар тауып, шаңырақ көтеріп, жанұсына ұйытқы болу екенін айтып өткен. Осы орайда отбасы құрып, жан-жарымен жаңа өмірді бастауға ниеттенген арудың көкейін сансыз сұрақтар мазалайтыны белгілі. Мысалы, ол “тегімді болашақ жарымның тегіне өзгерту керек пе?” деп көп ойланады. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі еліміздің танымал тұлғаларынан осы сұрақтың жауабын іздеп, олардың тегті өзгертуге қатысты пікірін анықтады.

Қазақ қызы күйеуге тигеннен кейін тегін күйеуінің тегіне ауыстыруы керек пе?

Нәзік жанды қыздардың бір бөлігі тегті ауыстырғанды қолдаса, екінші бөлігі қыз бала өзінің тегіне берік болуы тиіс деп санайды. Басқа сөзбен айтқанда, бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Әйелдер қауымын мазалайтын осы мәселеге қатысты қазақ эстрадасының әншісі Алтынай Жорабаева өз ойымен бөлісті:

“Қыз баланың күйеуге тигеннен кейін тегін ауыстыруға да, ауыстырмауға да құқұғы бар. Кейбіреулер шариғат бойынша тегті ауыстыруға болмайды деп айтып жатады. Себебі, қыз бала қайтыс болғаннан кейін, қара жерге әкесінің атымен көмілуі тиіс екен. Біреу қыздардың бұл қадамға барғандарын дұрыс, екіншісі бұрыс санайды. Ал мен негізінен қазақта ерте кезеңнен бері тегті күйеуінің тегіне ауыстыру қалыпты жағдай саналғанын айтқым келеді. Мысалы, менің атам Жорабайдың әйелі Ырыстының тегі Жорабаева болатын. Бала күнімізде  біз осыны түсінбей күлетінбіз. Сөйтсек оның өз себебі бар екен. Кеңес Үкіметінің кезінде, революция кезінде, яғни  XIX, XX ғасырда қыздар тегін көп ауыстыратын. Өйткені ауылда “Кімнің келінісің?” деп сұрағанда ол өзінің тегін немесе қайын атасының атын атай алмайды. Ал егер “тегім осындай” деп айтса, кімнің  әйелі екенін үлкендер бірден түсінген. Осы арқылы келіннің үлкенге құрметін, тәрбиесін де байқауға болады. Өз басым қыздар тегті ауыстыруға міндетті деп санамаймын”, — дейді ол.

Ал осыдан 3 жыл бұрын, 2015 жылы тұрмыс құрған халықтың сүйікті әншісі Айдана Меденованың  айтуы бойынша, қыздар тегін күйеуінің тегіне ауыстырса, онда жанұя мүшелерінің ара-қатынасы да жақсара түседі:

“Бізде Қазақстанда қыз бала тұрмыс құрған соң, тегін күйеуінің тегіне ауыстырмаса, ол сол жанұяны құрметтемейді деген ұғым бар. Менің жағдайымда, күйеуім екеуміз үйленетін кезде менің тегімді ауыстыруға, құжаттарды реттеуге мүлдем уақытым болған жоқ. Бір жағынан менің тегім танымал ғой, қоғамдық жерлерде, әуежайда түсініспеушіліктер туады деп ойладық. Сол жылы күйеуім екеуміз ақылдаса келе, тегімді өзгертпейтін болып шештік. Бірақ бұл оны ауыстырмаудың басты себебі деп ойлап қалмаңыздар. Тегімді күйеуімдікіне өзгерту жоспарымда бар. Өйткені болашақта балаларымның тегі бір бөлек, өзімнің тегім бір бөлек болғанын қаламаймын. Егер жанұя мүшелерінің тегі бірдей болса, олардың ара-қатынасы да жақсара түседі деп ойлаймын”,- дейді КешYou тобының экс мүшесі.

Қазақстанды ғылым саласында әлемдік деңгейде танытып жүрген, NASA грантының иегері, еліміздегі ең көрікті ғалымның бірі саналатын биотехнолог Дәмел Мектепбаева қыз баланың өз тегін күйеуінің тегіне ауыстыруын қолдамайтынын айтты:

“Қыз бала күйеуге тигеннен кейін тегін күйеуінікіне өзгертпеуі тиіс. Өз тегімен қалғаны дұрыс деп санаймын. Жалпы, қыздың бұл қадамы ғашығы екеуінің махаббатын арттырып немесе оған кесірін тигізеді деп ойламаймын. Ал ер бала қыздан тегін ауыстыруды талап еткен жағдайдың өзінде, қыз серігіне өз тегінде қалатынын ақырындап түсіндіруі тиіс деп санаймын”, — дейді ғалым.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау