Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Монғолияда туып, Түркияда шеберхана ашқан қазақ қызы

Шет елде кәсіп ашып, қазақтың қандай халық екенін өзгелерге мо­йындата білген қаракөз қыздар аз емес. Солардың бірі – Айгүл Кендебайқызы. Ол Монғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында туылған. Сол жақта өзінің «Lugіa» деп аталатын дизайнерлік салонын аш­қан. Ал қазір отбасымен бірге Түркияда, Деринжі қаласында тұрады.

Айгүл қыз жақында «Заманаға» арнайы сұхбат беріп, өз тыныс-тір­шілігімен бөлісті.

– Айгүл, алдымен бізге өзіңіз туралы айтып беріңізші.

– Мен Кендебай деген кісінің екінші қызы болып дүниеге келгенмін. 2000-жылы онжылдықты бітіргесін «Фешн дизайнер» мамандығы бойынша білім алдым. Оны бітіргесін тұрмысқа шықтым. Жолдасымның есімі – Манарбек. Қазір біздің екі ұлымыз бар. Үлкені 12-де, кішісі 7 жаста.

– Түркияға қоныс аударуларыңыз­ға не түрткі болды?

– Жолдасым – компьютер саласының маманы. Түркияда білімін жетілдіріп, докторантурада оқуы керек болды. Сол үшін былтыр Деринжі қаласына көшіп келгенбіз. Ал Қазақстанға, нақты айтсам, Астана қаласына  осыдан 17 жыл бұрын барғанмын. Ол жақта Монғолиядан қоныс аударған туыстарымыз өте көп. Хабарласып, хат алысып тұрамыз. Осы биыл ата-анамыз да елге көшіп барды.

Мұнда біздің өзіміздің шағын шеберханамыз бар. Әйелдерге арналған эксклюзивті үлгідегі киім-кешектер тігеміз. Көбіне-көп той көйлектеріне тапсырыс аламыз. Өзім сол киімдердің үлгілерін ойлап табамын, пішемін. Бірнеше мәрте сән көрсетілімдерін ұйымдастырып, халықтың оң бағасын алып үлгердік.

– Жалпы, Қазақстан туралы сіз қандай ой-пікірдесіз? Мұнда келу жоспарда бар ма?

– Қазақстан туралы көзқарасым бұрын жақсы еді. Қазір онша емес. Себебі әлеуметтік желілер, сайттар арқылы ондағы халықтың тұрмыс-жағдайын, әл-ауқатын бес саусақтай біліп отырмын. Жағдайлары аса мәз емес. Тұрмыс тапшылығы кәдімгідей сезіледі. Бірақ мемлекет соларды жасырғысы келіп, зәулім ғимараттарды салып тастаған.

Биыл ата-анам өз қаржысына үй сатып алған. Олар тіпті Қазақстанға көшіп келген оралмандарға мемлекет тарапынан қандай көмек, жеңілдік бар екенін білмейді де. Ешкімнен ешқандай көмек алмаған. Ол кісілер бізге: «Ақшаң жоқ болса Қазақстанға келудің қажеті жоқ екен», «Бұл жақта өмір сүру өте қиын» деп айтып отырады. Сондай-ақ ол жақта барлық іс-құжаттар орыс тілінде жүргізіледі екен. Егер бәрі солай болса, онда Монғолияда немесе Түркияда тұра бергеніміз мың есе артық қой деп ойлаймын. Табысымыз да жақсы. Екі елде де бізді сендер қазақсыңдар деп түртпектеген емес. Ой-пікірімізді толық жеткізе аламыз. Сөз бостандығы бар. Ал Қазақстанды мен толық демократиялық ел деп айта алмаймын.

– Дегенмен де өзге елде тұрғасын қазақ тілін, салт-дәстүрін сақтап қалу қиындық туғызатын шығар?

– Олай емес. Қанымыз қазақ болғасын тіліміз де қазақша. Ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрдің бәрін үйдегі балаларға үйретіп, көрсетіп келеміз. Ол жағынан кемшілік жоқ.

– Ендеше, кәсіптеріңіз өркендей берсін, қайда жүрсеңіз де аман болыңыздар!

Тағы да оқыңыз:

Көп балалы ана балаларын пешке жағып жіберіп видеочат арқылы әкесіне көрсеткен

ОҚО облыстық жанармай қауымдастығының төрағасы бензин бағасын 220 теңгеге көтеруді ұсынды

Талқылау