Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы ЖенПИ қазақ қыздарына “жақсы әйел” болуды үйретеді

“Қызға қырық үйден тыйым” деп қазақ елі ертеден нәзік жанды арулардың тәрбиесіне ерекше мән берген. Алайда XXI ғасырда өз еркіммен өмір сүруге құқылымын деген оймен, қазақ қыздарына тән емес әрекеттерімен ұлт атына кір келтіріп жүрген жандар аз емес. Қыз тәрбилеу мәселесі елімізде кеңінен қозғалатын тақырыптардың бірі десек, артық айтқанымыз емес.

Мәселені шешу үшін елімізде ұлттық құндылықтарымызды асқақтатуға, қазақ қыздарының мәртебесін көтеруге қатысты бірнеше шаралар да өтеді. Әсіресе, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінде аяулы ана, асыл жар, жақсы келін атануға көмектесетін “Қазақ аруы” атты курстың танымалдығы үлкен.

“Қыз Жібек” клубына мүше қыздар және жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне курс жайлы ойларын, бүгінгі күні қазақ қыздарының қоғамдағы проблемасын айтып беріп, “ұят боладыға” қатысты пікірімен бөлісті.

Қыз Жібек клубы ең алғаш рет “Дін және әйел” форумында 4 наурыз күні 2013 жылы ашылған. ҚызПУ-да пайда болған ұйымның орталықтары қазіргі күні еліміздің 11 аймағында бар. Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында биыл Сарқанд қаласының үш мектебінде “Ұмай ана” ұйымы ашылды. Бұл ұйымның пайда болуына 2013 жылы Шымкент қаласында негізі қаланған “Аналар үйі” себепкер. Бүгінгі күні “Аналар үйінің” саны жиырма алтыға жеткен.

“Кез келген жағдайдың себебі және салдарымен жұмыс істеу керек. Қоғамдағы қыздардың тәрбиесі бұзылып жатса, Қыздар университеті оған бей-жай қарай алмайды. Біз үшін бұл үлкен сын нәрсе”, — дейді жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы Марина Мұхтарқызы.

Университет табалдырығын аттаған студенттің алдына қойған жеке мақсаты, арманы болады. Біреу дипломын қолына алғаннан кейін, тұрмысқа шығуды ойласа, екіншісі мансап қуып, белгілі бір жетістіктерге жетуді көздейді. Клубқа мүше қыздардың басым бөлігі аяулы ана, жақсы жар болумен шектелгісі келмейтінін айтты. Олардың сөзінше, университетте өтетін “Қазақ аруы” пәні тарихта өмір сүрген аналардан үлгі алып, ұлы істерді жасауға итермелейді.

“Бұл пәнді оқымай, сырт көзбен көріп, бұрыс пікір шығарып кетуді түсінбеймін. Мен “Қазақ аруы” курсын оқып шыққан адаммын. Егер ол біздің ойымызды шектесе, әрқайсысымыз “мен тек болашақ анамын” деуменен жігіт іздеп, тұрмысқа қашан шығатынымызды болжап жүрер едік.

Курсты бітірген қыздардың өмірі үйде отырып, аяулы ананың, жақсы жардың рөлін ғана атқарумен шектелмейді. “Қазақ аруынан” қаншама нәрсені үйреніп жатырмыз. Мысалы, сабақта Домалақ ана, Ұмай ана сынды болысты, елді, билікті басқарған әйелдердің тарихымен танысамыз. Солардай болуға ұмтыламыз.

Қазіргі таңда көп ер балалар қыздарға шектеулер қоймайды. Менің әйелім болдың, үйде отырасың деген нәрсе бар болса да аз кездеседі. Осы пән қыз баланың мүмкіншіліктерін шектейді дегенге қарсымыз ”, — дейді бірауыздан “Қыз Жібек” ұйымының мүшелері.

“Қыз Жібек” клубына мүше қыздар

Әйтсе де қазақ қыздары үшін ашылған курсты қазақстандықтардың барлығы қолдамайды. “Бұл пән қыздардың құқықтарын шектейді” деп университет қабырғасында оның өтілуіне қарсылық танытып жатқандар бар. Дегенмен, студенттер қазақ қызына қатысты курстан алған білімдерін өмірде қолдана алатынына сенімді. Олар “Қазақ аруынан” оқып-тоқығандарын өсіп келе жатқан ұрпаққа беретіндерін сөз етеді.

“Біздің жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген студенттер болашақ педагогтар. ҚызПУ-ды бітірген соң олар жұмысқа орналасып, мұғалім атанады. Өздерінің оқушылары болады. Оқу орнынан, курстан алған нәрселерін ертең болашақ мамандар бұғанасы бекіп, буыны қатпаған балаларға үйретеді. Сондықтан кадрларды дайындаған кезде ұлттық құндылықтарды сақтай алатын қыздарды тәрбиелесек қана болашақта пейіліміз тұғырлы болады.

Қыздар университетіне (ҚазМемҚызПУ) түсетіндердің 80-90 пайызы ауылдан келгендер. Олардың барлығы оқуды бітіре салып, карьера қуып кететініне кепілдік жоқ. Ауылдарына оралып, тұрмысқа шығып ана атанар. Біздің ұйымда болашақ ананың қандай болу керектігін үйреніп кетсін деген мақсатта көптеген дөңгелек үстелдер, шаралар өтеді. Әр университетте, мысалы АГУ-де “Абайтану” деген атпен сабақтар жүрсе, бізде “Қазақ аруы” атты пән өтеді. Бұл пән университетіміздің қазақ қыздарына қосқан үлесі”, — дейді Марина Мұхтарқызы.

Сонымен қатар, “Қыз Жібек” ұйымының мүшелері әдепсіз қылық жасалғанда жиі айтылатын “ұят болады” дегенге қатысты пікірімен бөлісті.

“Қазіргі қоғамға қалыпты жағдайларға айналып кеткен дүниелер бұрынғы заманда ұят саналған. “Ұят болады” деген нәрсе қоғамға байланысты деп ойлаймыз. Менің ойымша, осы нәрсе қазақ жастарын шектейді. Мысалы, мектепте қазақ сыныптарымен салыстырғанда орыс сыныбында оқитын балалар ашық, өз ойларын ашық жеткізе алады деген пікір бар.

Менталитетте айырмашылық бар. Мұғалімдер де оқушыларға білім бергенде “ұят болады” дегенді қолданады. Сосын бала өз пікірін айтудан қысылатын болады. Осы жағынан алғанда “ұят болады” дегеннің кесірі бар. Бірақ, бір жағынан алғанда осы нәрсе бұрынғы заманда дұрыс емес деп саналса, бүгінгі қоғамға жетпейтін еді. Сондықтан “ұят болады” дегеннің пайдасы бар екенін ұмытпаған жөн”. — дейді жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы.

“Қыз Жібек” клубының қыздары қоғамдағы қазақ қыздарының, ұлттың жағдайы бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне  үміттенеді.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Талқылау