Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның өмір жолы

Белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан бар ғұмырын ғылым жолына арнаған тұлға. Түгі жоқ тақыр жерден жаңа ғылымның іргетасын қалаған ерен еңбектің иесін достары жай ғана Әлеке деп атайтын. Ал қазақ оны Әлкей деп таныды. Stan.kz ақпарат агенттігі мінезін міндетімен ұштастыра білген қазақ археологиясының атасы Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғибратты ғұмырын еске алады.

Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның өмір жолы

Әлкей Марғұлан Алаш даласында аумалы-төкпелі заман орнап, қазақ ғылымына тұсау салынған кезеңде, 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысындағы Баянауыл өлкесінде дүниеге келген. Болашақ археологтың ата-анасы да осал адамдар болмаған. Олар білімді, Шығыс мәдениетімен таныс адамдар болған. Соның арқасында ата-анасы бала Әлкейдің өсуіне, оқып-білім алуына, рухани дамуына жәрдем берді. 

Археолог әйгілі Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай батырлармен бірге Абылай ханның ақ туы астында жоңғарлармен кескілескен ұрысқа қатысқан Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Ол өнерге жақын отбасында дүниеге келді. Сондықтан да Әлкей Марғұлан шығармашылық ортада тәрбиеленді. Жастайынан Шоқан Уәлиханов секілді эпостық жырларға қанығып өсті. Көптеген ақын-жыраулардың жырын жатқа оқыды. Олардың шығармаларына қызығып, сол кезден-ақ қисса-жырларды жазып алып жүрді.

Осылай, Әлкей кішкентайынан зерек болып өсті. Жасынан хат таныған қаршадай бала кәде сұраған жұртқа «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс», «Қобыланды» секілді дастандарды жатқа айтып беретін. Ал ұлының алғырлығын байқаған әке оған «Қазан» баспасынан шыққан кітаптарды, «Айқап» журналындағы мақалаларды оқып беретін. Кейін жанынан бір елі тастамай Жәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов секілді тау тұлғалардың тәрбиесінен өткізеді. Міне, сол кезеңде Әлкейдің ғалымдық, қайраткерлік қасиеттері қалыптасты.

«Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Тынышбаевтың, Халел Досмұхамедовтың шәкірті болатын. Кәдімгідей Бекхожин екеуі олардың сабағын өткізетін. Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі үйіне барып тұратын. Мен, Әкеңдердің үйіне бару үшін екі-үш күн кітапханада дайындалып бір-ақ баратынмын»,- дейді филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбай Әлкей Марғұлан жайлы. 

1921 жылы ол Семей педагогикалық техникумына оқуға түседі. Әлкей Семейде оқып жүргенде Әбіке Сәтпаевтың қызы Раушанмен танысады. Білімді, қазақты қанына сіңген қатерлі дерттен қайтсем құрқарам деп шарқ ұрған бойжеткенді Әлкей бойжеткенді Әлкей бірден ұнатады. Әлкей Марғұлан мен Раушан Сәтпаева өмір бойы ақ адал қалыптарынан танбай абыройлы ғұмыр кешті.

Қиналған сәтінде  жанына демеу болатын, керек кезінде ақылын айтып, ғылымның сүрлеуіне жол сілтейтін жандар Әлкей Марғұланның ғұмырында аз болмады. Оның үлкен ғалым болуына септескен тұлғалардың бірі Мұхтар Әуезов еді. Қазақ маңдайына біткен қос ғұламаның жәй таныстығы достыққа ұласып, ұлттық ғылымның дамуына бірге ат салысты. Екеуінің ең алғашқы кездесуінде Мұхтар Әлкейден Абайдың өлеңдерін, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын, «Көріғұлы» жырын жатқа айтып беруін өтінеді. Мұның өзі атақты қаламгердің жап-жас жігіттің ғылымға деген сүйіспеншілігін ауғаруынан болса керек. Әсіресе, 1922-25 жылдары Мұхтар мен Әлкей етене араласып, жиі келелі кеңес құратын. Тіпті, Әуезов 1925 жылы Әлкей Марғұланға өзімен бірге Ленинградқа барып жоғары білім алуға үгіттеп, ғалым болудың жолына түсуге шақырады. 

Ол кезде Ленинград өнер мен ғылымның шаһары еді. Білімге құштар жастар әйгілі профессор, академиктердің дәрістерін тыңдау үшін шартараптан осы қалаға жиылатын. Әлкей Марғұланның да салқар ғылымға қадамы осы қаладан басталды. Ол 1925 жылы Мұхтар Әуезовтың кеңесімен Ленинград университеті жанындағы шығыс институтының әдебиет бөліміне оқуға түседі. Қосымша өнер тарихи институтында оқып, Ленинград университетіндегі Азия құрлығы мен шығысты жетік білетін Бартольд, Олденбург, Мар, Студеннің лекцияларын тыңдайды. Ел Голощекиннің «Кіші қазан төңкерісі мен асыра сілтеуінен» есеңгіреп жатқанда, Әлкей Мұхтар Әуезовпен бірге Ленинградта оқып жүрді. Қазақтың қара домалақ жігіттері оқи жүріп, қаладағы мәдениет, білім орындарына, бай кітапханаларға, көркем мұражайларға, архивтерге бас сұғып, білімнің ең бір тұнық бастауынан сусындады. 

«Осы жоғары оқу орындарында еліміздің алдыңғы қатарлы ғалымдарының дәрісін тыңдау бақытына  ие болдым. Ұлы ғалымдардың тәлімінің арқасында біз екінші курстың өзінде өзімізді ғалым ретінде сезінетінбіз»,- деген болатын Әлкей Марғұлан.

Алғашқы тарихи жазбаларды зерттеп, зерделеген Әлкей мұрағаттар мен кітапханалардың бай қорынан молынан сусындатады. Алыстағы Ленинградта жүргенде-ақ ұлы даланың құпияға толы қойнауы оны өзіне тарта берді. Ленинград мұражайларының әсері өз алдына бөлек әңгіме. Ал Эрмитажға барған сайын Әлкей демін ішке тартып, ежелгі қыпшақтардың материалдық мәдениетінен хабар беретін жәдігерлерге ұзақ қарайтын.  Мұндай да халық дастандары мен әндері есіне түсетін. 
Ал Ленинградта оқыған жылдары Әлкей әдебиетке ерекше ден қояды. Атап айтқанда, орыстың және шетелдің ең озық әдеби шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына ұсынды. 

«Студент кезінен-ақ Брезнов, Миллер, Руденко секілді көрнекті ғалымдармен бірге экспедицияға шығады. Бұл археологтар Алтай мен Қазақстанда қазу жұмыстарын жүргізіп, этнографиялық зерттеулер жасайды. Марғұлан адайлар мен наймандар туралы аса қызықты екі мақаласын студент кезінде-ақ жазған. Сол кездің өзінде Брезнов пен Руденко қатарларында студент Әлкей Марғұлан болмағанда бұл экспедициялар орасан зор жетістікке жетпеген болар еді деп көрсеткен», - дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов.

Әлкей Марғұлан Ленинградта оқып жүрген кезде қазақтың халық әндерін жинаушы Александр Затаевичпен танысады. Демалыс кезінде Затаевичпен бірге туған өлкеге келіп, халық әндерін жазып алумен айналысады. Асперантурада оқып жүріп, бірқатар археологиялық экспедицияларға қатысады. Қазақтың салт-дәстүрі, музыкасы мен фольклоры, жер-су атаулары туралы мақалалары мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Қазақстанның аса көрнекті қайраткерлері туралы зерттеу мақалаларын да жазды. Ленинградтағы КСРО ғылым академиясының материалдық мәдениет тарихи институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады. Бұл үмітке толы аса бір бақытты кезең болатын. Әлкей Марғұлан орыстың танымал тарихшыларымен, археологтармен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, үлкен тәжірибе жинайды. 

Бірақ, 1934 жыл оның өмірінің астан-кестеңін шығарады. Сталиндік қызыл қырғын басталған кезде Қазақстанның бір түкпірінен келген, болашағынан мол үміт күттіретін жас ғалымның өз ұлтының тарихына ерекше ден қоюы назардан тыс қалмады. Әйгілі Алашорда қайраткері Әлихан Бөкейхановпен таныстығы да сыныққа сылтау болды. Осылайша, Әлкей Марғұлан алдымен қамауға алынады. Сосын оны Петропавл бекінісінде оқшаулап ұстайды. Ақырында, жүйке аурулар ауруханасынан бір-ақ шығады. Ауруханадан әрең дегенде аман шыққан археолог туған елге жаны да, тәні де күйреп оралады.

«Әлкей Марғұлан Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейханның, тағы сондай Алаш зиялыларының үлгі-өнегесін көрген адам. Солардың ізін басқан. Сол себепті де, бұл кісінің тәрбиелігі жұрттан ерекше болды. Сонысын өмір бойы сақтап өтті»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов. 

Ұлтының тарихына терең үңілгісі келген Әлкей Марғұлан 3 жыл қамауда болды. Оның біраз уақытын жүйке аурулары ауруханасында өткізді. Мұндайда оған жынданып кетпеудің жалғыз жолы – әдемі естеріктер болатын. Әлкей Баянауылды,  әке-шешесін еске алды.

Сүйген жары, Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев сияқты үзеңгілес достары бар ғалымды алда жақсылық пен жаңалыққа толы өмір күтіп тұр еді. Петропавл бекінісінде қамауда отырған Әлкей мақсатқа жету тәсілін өзгерту керек деп шешті. Оның басынан небір қиын күндер өтті. Қуғын-сүргінге де ұшырады, ал ол туралы сыни мақалалар шықты. Қазақстанның өзінде «ұлтшыл Марғұлан тарихты бұрмалауда» деп жазған ғалымдар болды.

Ол 40 жасында аса күрделі тақырып Едіге, Қозы Көрпеш, Қобыланды батыр жырлары негізінде қазақтардың аңыз-әфсанары мен фольклорынан докторлық  диссертация қорғады. Осылайша, ол ауыз әдебиеті арқылы тараған осынау аса көрнекті шығармалардың жүздеген жылдар бұрынғы Алтын Орда, Қараханидтер дәуірімен тарихи байланысын аша білді.

Әлкей Марғұлан Қазақстан тарихы мен қазақ халқына қатысты дәйектерін ашық айтатын болса, қуғын-сүргіннен құтыла алмасын жақсы түсінді. Болашақ ұрпаққа бос сөзден гөрі нақты іс маңызды екенін ұқты. Және сол жолда талмай еңбек етті. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, еліміздің бүкіл материалдық құндылықтарын жарыққа шығарып, бабадан қалған асыл мұраны жаңғыртты. Археолог кейде экспедицияларда жарты жылдап жүретін. 

Көп ұзамай Әлкей Марғұланның бастамасымен қазақ даласының әр түкпіріне бірнеше археологиялы және этнографиялы экспедиция ұйымдастырылды. Ғалым керуен жолымен және көшпелі қазақтардың ізімен мыңдаған шақырымдар жол жүріп, ондаған археологиялық ескерткіштер тапты. Ол біздің эрамызға дейінгі екі мыңжылдықтың өзінде Қазақстан аумағында өте жоғары деңгейде дамыған өркениеттің болғанын тайға таңба басқандай дәлелдеп берді.

Оңтүстік Қазақстан өңірінен, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің сағасынан ежелгі қалалық мәдениеттің іздерін тапқан да Әлкей Марғұлан болатын. Ол Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ, Сарайшық қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарымен ғана айналысып қоймай, қазақтың жыр-дастандары мен аңыз-әфсаналарын жинады. Бұл зерттеулерінің нәтижесі 1950 жылы жарыққа шыққан «Ежелгі Қазақстандағы қалалар тарихы мен сәулет өнері» деп аталатын монографияда көрініс тапты. Ғылыми еңбекте алғаш рет ірі қалалық өркениет ошақтары жан-жақты суреттеліп, оларға қатысты терең талдау жасалды. Сонымен бірге, ғалым мұндай өркениет ошақтары Қазақстанның Солтүсігі мен Шығысында да болуы мүмкін деген болжам жасады. Осылай, Әлкей Марғұлан өзіне дейінгі зерттеушілердің қазақ даласында ешқандай өркениет болмаған деген жаңсақ пікірін жоққа шығарды.

«Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстан экспедициясын басқарып, қола дәуірінің, темір дәуірінің, орта ғасырдың ескерткіштерін ашты. Сөйтіп, Орталық Қазақстанда қола дәуірінде түсті металды иелеп, одан бұйымдар жасағанын дәлелдеді. Орталық Қазақстанның дүние жүзі бойынша түсті металдардың отаны екенін дәлелдеп берді», -деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Шалекенов.

Әлкей Марғұланның Беғазы-Дәндібай сынды ірі өркениет ошағын ашуы Қазақстан үшін ғана емес, басқа да бірқатар елдер үшін айрықша маңызды жаңалық. Оның жетекшілігімен 30 жылға жуық уақытқа созылған археологиялық қазба жұмыстары қола дәуірі мен ежелгі көшпелі тайпалар кезіндегі ескерткіштер табылды. Бұл зерттеулер номадизм және Қазақстандағы ежелгі қоныстардағы шаруашылық пен мәдениеттің даму процесіне қатысты бірқатар негізгі теорияларды қайта қарауға бастама болды. Осы зерттеулердің арқасында Андронов қоғамының арғы тегі сақтар мәдени қауымы екендігі жалпы көпшілік мойындаған ақиқатқа айналды. Бұл еңбек ғылыми қауымдастыққа түркі әлемінің адамзат өткениетіндегі ежелгі орталық екенін және оның негізінде тау-кен ісі мен металлургия жатқанын дәлелдеді. Осы жұмыстарының негізінде бірнеше іргелі монографиялар жазылып, Қазақ КСР-нің тарихы атты бес томдық жарыққа шықты. 

Қола дәуіріндегі Беғалы-Дәндібай мәдениетінің табылуы тағы бір тарихи жаңалықтың ашылуына септігін тигізді. Ғұлама ғалым Сарыарқа жерінде сол ерте дәуірдің өзінде-ақ тау-кені ісі мен металлургия дамығанын айтып, осы өңірде мыс және қалайы кен орындарының жұмыс істегенін дәлелдеп берді. 

Ол аса  мейірімді жұмсақ адам болатын. Тек ғылым мәселесіне келгенде тым қатал еді. Ол негізінен үш бағытта жұмыс істеді. Экспедиция, экспедициядан жинаған материалдармен жұмыс және тарихи деректер. Мұрағат материалдарымен жұмыс істейтін. Сондай-ақ, эпостық жырлармен айналысты. Беғазы мәдениетіне де көп уақытын арнады. Шоқан Уәлихановты да, сәулет өнерін зерттеді. Бір тақырыптан бір тақырыпқа ауысып, содан рахат алатын. 

«Анамызбен бірге жаз айларында Кисловодскіде, Карловы Варада, Сарыағашта демалатын. Сол кезде әкем папкалар салынған чемоданын өзімен бірге алып кетуші еді. Ол тіпті, демалыста жүргенде де жұмыс істейтін. Үнемі жұмыс істеу оның өмір сүру салтына айналды. Содан да болар қонаққа, киноға, театрға барғанды ұнатпайтын. Тек жұмысын істеуші еді»,- дейді археологтың қызы Данель Марғұлан.

Қазақстанның археология және этнография мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан үлкен энциклопедист ғалым болатын. Ол ғылыми саладағы идеологиялық сарпыншақтарды жойып, тарихи шындықтың бетін ашты. Әлкей Марғұлан қазақстандық ғылымның көптеген саласындағы алғашқы қарлығашы еді. Ол археология, мәдениет және қолданбалы өнер тарихы, сәулет өнер, этнография, қазақ тіл ғылымы саласында бірқатар іргелі еңбектер жазды. Әрқайсысы атан түйе жүк боларлық ауқымды мәселелерді қатар алып зерттеген ғалымның мұрасы әлі талай ұрпаққа қызмет етері сөзсіз. 

«Ғылым академиясының басшылары бірінші кезекте Қаныш Имантайұлы Сәтпаев ең жауапты тапсырмаларды берді. Оның ішінде, ерекше айтып өтетіні Шоқанның бес томдығы. Осы Шоқанның бес томдығын даярлау үшін Әлкей Марғұланға дейін екі рет комиссия құрылған болатын. Бірақ, олар Шоқан еңбектерін даярлау жұмысын жүргізе алмай қалды. Содан үшінші рет комиссия құрғанда Қаныш Имантайұлы бұл жұмысты Әлкей Марғұланға тапсырады. Ал Қаныш Имантайұлы Шоқанның ұлы ғалым екенін, оның ұлы мұрасы барын 1921-26 жылдары Томда оқып жүргенде өзінің күнделігіне жазып қойыпты. Ол студент кезінде Шоқанның ізімен жүрген. Оның Шоқанға деген құрметі кейін Әлкей Марғұланға тапсырма болып тиді. Ал, Марғұлан 10 жыл өмірін Шоқанға арнап, 5 томдық еңбегін шығарып кетті», - дейді тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов. 

Оның еңбектері бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Ол Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтар қазақтар мен олардың ата-бабаларының кейінгі ұрпаққа қалдырған баға жетпес өркениетін, жолын айқындап берді. 

«Орталық Қазақстанда қай ауылға барсаң Марғұландар жүр. Қазақ елі оны сондай жақсы көруші еді. Мұғалжар, Орталық Қазақстан, Ұлытау аудандарында қарапайым адамдардың көбі ұлдарына Марғұлан деген есім берген. Бұл үлкен құрмет»,- дейді  филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Әуезов.

Әлкей Марғұлан қасақана бұрмаланып келген тарихи шындықтың бетпердесін ашты. Ғалымның еңбектерінде бұрынғы қазақтардың арғы бабаларының яғни, көшпелі қазақтардың жері адамзат өркениетінің ежелгі орталығы ретінде сипатталды. Қазақ даласының сұлулығы мен ежелгі қалалардың кереметіне Марғұлан әрдайым бас иіп, үлкен ілтипатпен қарады. Әлкей Марғұлан тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым. 
 

Талқылау