Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Түнтеков: Өзімді “төбелеген” журналистерге ренжіп жүрмін

Қайрат Түнтеков 2012 жылы жол көлік апатына кінәлі деп танылып, басы дауға қалған-ды. Ол осы уақытқа дейін халық көзінен тасаланып, журналистермен сұхбаттасудан бас тартқан. Араға төрт жыл салып, киелі сахнаға қайта оралған әнші бір кездері өзін “төбелеген” журналистерге ренжіп жүргенін айтты.

10735276_1504762276476637_1304968026_n

Фото: instagram.com/kairat_tuntekov/

Дәл қазір әнші спорттың үш түрімен айналысып, Алматы қаласындағы студиялардың бірінде альбом жазып жатыр. Ол төрт жыл ішінде өзін қолдаған халықтың арқасында еш қиналмағанын айтады.

“Мені біріншіден Алла, екіншіден қарапайым халық қолдады. Олар менің сахнаға оралғанымды күтіп, байқауларда еліміздің намысын қорғағанымды қалады. Жоғарыдағы шенеуніктер мен қалталы бизнесмендер туралы айтып жатқаным жоқ. Ал әріптестерім мені әңгіме қылып, біреулер күлсе де маған бәрібір”, – дейді Түнтеков “Астана” арнасының “Сұхбат” бағдарламасында.

Әнші журналист қауымынан бөлек, әріптестеріне де ренжіп жүрген сыңайлы. Десе де, жасының ұлғайғанын айтып, алып-қашпа сөздерге мән бермейтінін жеткізді. Мұнымен қатар, аталған бағдарламада журналистерге деген ренішін айтып, сөздерін кесіп тастамауды өтінді.

“Журналистер қарсы тарапқа сеніп, солардың сөзін сөйледі. Шындығын да, журналистерге қатты ренжідім. Дәл осы сөздерімді кесіп тастамаңыздар. Олар мені төбелеп, жерге ұрды. Сол сәтте мені кішігірім қолдап жіберсе болатын еді ғой. Керісінше әлгі жапа шегушінің сөзін сөйлей берді”, – деп әнші қазір де БАҚ өкілдеріне деген ренішінің әлі де тарай қоймағанын айтып өтті. Десе де, бұдан кейін Түнтеков журналистермен тіл табысып, тыңдармандарымен жақындай түспек.

Қайрат Түнтеков – Superstar.kz жобасының жеңімпазы. Өнер жолында бірнеше продюсермен жұмыс жасап үлгерген. Мұнымен қатар, Ресейде өткен “Жас толқын” байқауында еліміздің намысын қорғаған.

2012 жылдың қыс айында жол көлік апатына кінәлі деп танылып, 40 тәулікке абақтыға қамалады. Осы оқиғадан кейін әнші өнерге қайта оралып, “Тоқтама” атты әнге түсірілген бейнебаян ұсынды.


Оқи отырыңыз:

Қайрат Түнтеков тыңдармандарын жаңа бейнебаянмен қуантты

Қайрат Түнтековтің тыңдармандары әншінің толып кеткенін байқаған

Талқылау