Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қайрат” футбол клубы Аршавинге қызығушылық танытып отыр

Ресей құрамасы мен лондондық “Арсеналдың” экс-шабуылшысы кәсіби мансабын Қазақстанда жалғастыруы мүмкін. Алматылық “Қайрат” Андрей Аршавинді осы трансферлік терезеде қатарларына қосуға ниетті.

Arshavin

Бұл туралы championat.com сайты хабарлайды.

Былтырғы маусымда Қазақстан кубогы мен ел чемпионатының күміс жүлдесін еншілеген “Қайрат” футбол клубы маусым аралық үзіліс кезінде команданы күшейту мақсатында, Ресей ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Аршавинге қызығушылық танытуда. Алайда, Аршавин мен “Қайрат” арасына қаржы мәселесі кедергі болуы мүмкін. Өйткені, ресейлік футболшы Қазақстанға келу үшін қымбат жалақы сұрайды.

1 ақпан күні Краснодарлық “Кубань” 34 жастағы жартылай қорғаушымен келісім-шарттың үзілгені туралы хабарлаған еді. Осы маусымда Аршавин Ресей чемпионатында 8 матч өткізіп, бір де бір гол соға алмады. Футболшының өзі әлі де түскен ұсыныстарды қарастыратынын айтқан болатын.

Аршавин питерлік “Зенит” пен лондондық “Арсенал” сапында өнер көрсетіп танымал болды. Ол үш рет Ресей чемпионы атанып, 2008 жылы УЕФА кубогы мен суперкубогын төбесіне көтерді. Сондай-ақ, Европаның үздік футболшысы атағына үміткер атанып, 6-шы орынға тұрақтаған еді. Бір мәрте Ресейдің жыл футболшысы атағын да иеленді.

“Қайрат” сапында қазір украиналық легионер, танымал футбол жұлдызы Анатолий Тимощук өнер көрсетеді. Ол “Зенит” сапында  Аршавинмен бірге ойнаған.
Талқылау