Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайнар Алагөзов менің стилімді көшіріп алды: Құрманай Бақтиярқызы өнердегі көреалмаушылық жайлы

Құрманай Баяқтиярқызы десе көпшіліктің құлағы елең ете қалады. Себебі, «жолдасыма тоқал алуға рұқсат еттім» деп ашық айтып қана қоймай, амал еткен әзірге өнердегі жалғыз әйел. Батыр, ашық, тік мінезді Құрманай ханым соңғы жаңалықтары мен отбасы туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісімен сұхбаттасты.

Құрманай Бақтиярқызы

– Құрманай ханым, бүгінгі шоу-бизнестегі басты сөзге айналған «хайпты» қалай түсінесіз? Қолдайсыз ба? Қолданасыз ба?

– «Хайп» деген қайдан болған сөз? Өз басым түсінбеймін. Бірақ, әйтеуір қара пиар, атың шықпаса жер өртенің күйі шығар деп ойлаймын. Өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Бір кездері сол қара пиардың кесірі маған да тиіп, опық жеген едім. Жалпы, өнер адамына өтірік жарнама, қара пиар, жасандылық керек емес. Алла берген бағың болса, жұлдызың жанады. Адалдыққа ештеңе де жетпейді. Қазір жастарымыз жалаңаштанып жатыр ғой. Ол да бір елдің назарында қалу үшін жасалып жатқан хайп шығар.

– Иә, өзіңіз жалаңаштану үрдісі туралы бастап қалдыңыз. Сізге сөз жаздыруға келген әріптес сіңілдеріңізге киім мен ұятты жерді жабу туралы кеңес айтып, әпкелі-сіңілі болып сырласасыздар ма?

– Маған ән жаздыруға келгендердің арасында ашық-шашық киінетіндер жоқ. Барлығы өздеріне жарасып тұрады. Ал, жартылай жалаңаш киінетіндерден кім бар? Тіпті, есіме түспей тұр. Луина бар. Ол кісімен араласпайды екенмін. Бірақ, әлуметтік желіден көріп тұрамын өзіне үйлесіп тұратын сияқты. Егер бізде де сондай «фигура» болса, кім біліпті, бізді де шайтан түртіп солай шығар ма едік?! Бірақ, маған Луинаның стилі ұнайды. Өзіне жарасымды.

– Құпия емес, ақындар сөздерін сатады. Сіздің бір әнге жазатын мәтініңіздің құны қанша?

– Мен «сөз сатамын» деп базарда тұрған жоқпын. Өнер адамдары өздері іздеп келіп жүр. Алмаймын десем де береді. Бірақ, бағасын білгісі келгендерге айтамыз. 200-500$ аралығында екенін жасырмаймын. Егер де хит болатынын іштей сезсем қымбаттау жазамын. Менің әніммен өздерінің гонорарларын көтеріп жатса, неге мен еңбекақымды сұрау керекпін?! Әр еңбек бағалануы керек.

– Шабытты қайдан аласыз?

– Шабыт алып, шабыт іздейтіндер бар шығар. Өз басым «шабыт» дегенді түсінбеймін. Мен түнде шығып кетіп өлең шығаратын қияли адам емеспін. Менің бойымдағы дарын Алланың берген нығметі. Егер қолыма қалам ұстаймын ба, қалай сөз келіп, өлең жазғанымды білмей қаламын. Себебі, мен өзге адамның әлеміне кіре аламын. Өлең жазып болған соң кері шығып кете аламын. Бұл – шабыт емес, бұл – рухани байлық, режиссерлік көзқарас, Алла берген талант. Сосын ұстазым – өмір. Өмірден сүріне-сүріне тәжірибе жинап, сабақ алып, үйренген адаммын.

– Авторлық құқық орталықтарымен арнайы келісім-шарт бар шығар?

– Әрине, авторлық құқықтан тоқсан сайын 500 000 теңге, кейде миллионға дейін ақша аламын.

– Десе де, кей әншілер: «біз әнді сатып аламыз. Неге ақындар мен сазгерлер авторлық құқықтан ақша алуы керек. 100 пайыз орындаушыға ақша аударылуы керек» деген ойда екен. Бұл тұрғыда не ойлайсыз?

– Мен олардың ойын түсінбедім. Біз ақын ретінде шығардық қой. Сатып алса біздің ақын деген атымызды бірге сатып алмаған шығар. Одан кейін авторлық құқыққа салықты мейрамхана, дәмхана, мекемелер төлейді. Әншінің қалтасынан тонап жатқанымыз жоқ. Соншалықты тарығудың қажеті жоқ. Алла әркімге өз несібесін беріп қойған ғой.

– Өзіңіз кімдерді оқисыз? Аға буын мен жас буынның арасынан үздіктерін атап өтсеңіз?

– Мұхтар Шахановты, Фаризаны жақсы көремін. Ал, қазіргі жастардың арасынан Қайнар Алагөзов те жақсы ақын. Ол жігіт: «Неге осы келіншекке ұсыныс көп? Мен де одан кем жазбаймын ғой» деп тексеріпті. Бетіме келіп айтпады, естідім. Содан біраз зерттеген кезде мен қазақша аударылмайтын сөздерді қолданады екенмін. Мысалы, пиа-пиа, такси, вечер деген сияқты. Содан Қайнар менің форматымды ұрлап, «Алло» деген әнді жазды ғой.

– Өкпелемедіңіз бе?

– Әрине, жоқ! Менен үлгі алса қуанамын. Бірақ, енді «әпке, сіздің өлеңдеріңізде қандай құпия-сыр бар?» деп ақыл сұрап келсе де айтар едім. Алайда, әр қазақтың баласы өссе мен қуанамын.

– Құрманай десе бірден жас күйеу, көп әйел, бәйбіше мен тоқал еске түседі. Сізді жауыр еткен сауал болса да, қояйыншы. Жауабын өз аузыңыздан естиінші. Жолдасыңызды өзгемен бөлісу қиын емес пе? Қызғанбайсыз ба?

– 10 жыл бойы осы тақырыпты қозғап келеді. Шыны керек, екі жыл енеме қызмет етіп, ерімнің разылығын алуға тырыстым. Жасырмаймын, қазір тағы бір отбасы бар. Ол азамат бақытты болса, мен де бақыттымын. Басқа әйелдер сияқты қызғанып, мендіксің деуден аулақпын. Менің күйеуім сияқты қазақтың нар азаматтарынан ұрпақ көбеюі керек. Жаңа айттым ғой, екі жыл енеме қызмет етіп, орамалымды тағып жүрдім. Бірақ, мінездің өзгеруі қиын екен. Мен кейде ашылып билеп, қатты күліп, абыр-сабыр сөйлеп қоямын. Оны кейбір адамдар түсінбей, орамалға сын етіп қабылдайды. Сондықтан, міне, рұқсатымды алып, өнер адамы болғандықтан орамалымды шешіп, Астанаға қоныс аудардым. Алла қаласа, ұл – қыздарым да жаныма келеді. Қазір олар Шымкентте. Сабақ енді бітті. Емтихандарын реттеп болғасын, Астанаға көшеді.

– Бала тәрбиесіндегі сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Мен көсіліп әңгіме айтып, ақыл бермеймін. Ісіммен көрсеткім келеді. Балаларыма «мен қалай ата-анама құрмет көрсетсем, ертең маған да солай ілтипат жасаңдар. Мен өзімді қалай шынайы әрі адал ұстасам сендер де сондай болыңдар» деп айтамын. Ата-анам келген кезде киімдерін әперіп, ескілерін жаңартып, демалыстарына жіберіп, қолымнан келгенше жақсылық жасауға тырысамын. Біреудің ала жібін аттамаймын, өзгеге ұнау үшін өтірік айтпаймын. Бұл мінезімді көрген балаларым өздерін осылай қалыптастырады деп ойлаймын. Себебі, балаңды емес, өзіңді тәрбиеле деген сөз бар ғой.  Міне, бала тәрбиесіндегі басты мақсатым мен ұстанымым осындай.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау