Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайда арыздансаң, сонда бар деді": Алматылық әйел қызын қағып өлтіргендердің кешірім де сұрамағанын айтты

Қызымды қағып өлтіргені аздай енді өзіме қоқан-лоқы көрсетуде. Екінші мамыр күні 6 жастағы қызынан айырылған алматылық Сәуле Лұқпан көмек сұрады. Келіншектің айтуынша, айыпты тарап кешірім сұраудың орнына, "қайда барсаң онда бар!" деп сес көрсетіп жатыр екен.

"Қайда арыздансаң, сонда бар деді": Алматылық әйел қызын қағып өлтіргендердің кешірім де сұрамағанын айттыБұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Бұл 6 жастағы Мейірбанның телефонға түсірілген соңғы видеосы. Екінші мамыр күні Сәуле үлкен қызын мектепке апару үшін оны ертіп білім ордасына аттанған. Үнемі анасының қолынан жібермей ұстап жүретін еркесі мектепке барар жолда жаяулар өткелінен өтерде сәл алға озыпты. Осы сәтте жүйткіп келген көлік Сәуленің көзінше қызын қағып өткен. 

“Қызымда бір жан бар шығар деп мынай мойынның тамырын, қолдың тамырын ұстасам, сәл ғана соғыс бар сияқты. Бірақ, баланың басын ұстасам баланың басы тілініп, шодырайып, ісініп тұр. Көзі ашық артына кеткен. Жаны шығып кеткен адамның көзі қандай болады, тоқтап қалған”, - деді анасы Сәуле Лұқпан.

Оқиға орнына келген жедел жәрдем дәрігерлері бүлдіршінді өлімнен арашалап қала алмаған. Қатты соққыдан кішкентай Мейірбанның жұдырықтай жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатыпты. Арада екі аптадай уақыт өткенімен ботасынан айрылған келіншектің көз жасы бір күнге де құрғамаған. Ал айыпты тарап кешірім сұраудың орнына қайғыдан қарс айрылған жүрегін одан сайын жаралапты. 

“Қайда барсаң, онда бар сотқа бересің бе, не істесең оны істе деп маған көтеріңкі дауыспен қоқан-лоқы көрсетуде”, - дейді ана.

Теректі елдімекеніндегі айналма жолда орналасқан жаяу жүргіншілер өткелі қауіпті аймақтардың бірі екен. Жол полициясы ат ізін салмайтындықтан елірген жүргізушілер ережеге пысқырып жатқан жоқ. 

Алты жасар Мейірбанды жаяулар өткелінен өтіп бара жатқанда жолдың қарсы бағытымен жоғары жылдамдықпен келген көлік қағып өткен. Бүлдіршіннің денесі 15-20 метрге дейін ұшып кетіпті. Осы қайғылы оқиғадан кейін құзырлы органдар мұнда жылдамдықты сағатына 40 емес, жиырма шақырымға дейін төмендеткен. Алайда оны елеп, ескеріп жатқан жүргізуші байқалмайды. 

Ал Серікжан мен Динар жол апаты кезінде сол көліктің ішінде болыпты. Жаяулар өткеліне жақындай бергенде кішкентай қыздың алдыларынан жүгіріп шыққанын айтады. Жүргізуші тоқтап үлгермепті. Ал, оның туыстары марқұмның жерлеуіне кеткен шығынды көтеріп алған. 

"Қарама-қарсы жақта машинаның жоқ екені біледі де жүгіріп шығады. Оң жаққа қарамайды. Біз тура жақындап келе жатқанбыз. А деп үлгермейміз, ол инерциямен солға қарай алып, қарама қарсы жаққа шығып кетеді. Сол кезде көлікке ілініп алады ана қыз. Ілініп бір-екі рет айналып жерге құлайды. Баспен құлады, денесімен құлады оны ешкім көрген жоқ”, - деді куәгер Серікжан Ахмадиев. 

Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік апатына қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Полицейлер кінәлі тұлға жауапкершіліктен құтылмайтынын жеткізді. Ал көлік тізгінінде 28 жастағы келіншек отырған екен. 

“Қазіргі таңда өлімнің басты себеп-салдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұдан былай осы жол апатына әкеп соқтырған себеп салдарды және мән-жайды анықтау мақсатында сот аутотехникалық сараптама тағайындалды. Лексус маркалы автокөлік қылмыстық іске дәйекті зат ретінде тіркеліп”, - дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек

Егер күдіктінің кінәсі толығымен дәлелденетін болса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал қос қанатының біріне айрылған Сәуле енді мектепке барып-қайтқанша жалғыз қызының қолынан ұстап жүрмек. 

Талқылау