Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатты жақсы көрген адамына қосыла алмады: Марфуға Айтқожина қалай өмір сүруде

Қазақтың жыр аққуы атанған белгілі ақын Марфуға Айтқожина кіндік қаны тамған жұрттан тағдырдың жазуымен алыстаған ата-ананың қасірет-мұңын, көзбен көріп, жүрекпен сезінген ұрпақтың өкілі, деп жазады Stan.kz.

Марфуға Айтхожина қалай өмір сүруде

Совет үкіметі алғаш орнағанда, алдымен үлкен, атақты адамдардың көзін жойғанда Марфуға ақынның атасы Айтқожа 70-ке келіп қалған кезінде аппақ сақалы желкілдеп, қол-аяғы кісенделіп, ит-жеккенге айдалды. Ол кісі қай жерде қайтыс болды, қандай азаптар көрді оны ешкім білмейді. Себебі, ол жаққа кеткен адамдардың өмірі бәріне белгілі.

Кейін Пермде Совет Одағының поэзия күндері өтетін болып, оған сол айдауға жіберілген Айтқожа ақсақалдың Марфуға есімді ақын немересі де қатысатын болып, жолға шығады. Сонда ақын қыз самолетпен тайганың жап-жасыл ормандарының үстімен ұшып өткен кезде «Айтқожа атам осының қай жерінде жатыр екен» деп ойлап, көңілі толқып, көп өлеңдер шығарады. 1958 жылы ақынның отбасы туған жері Қазақстанға көшіп келеді. Бірақ, ақынның отбасы өз жұртына көшетіннен бір жыл бұрын Марфуға Айтқожинаның анасы туған жерді көру деген арманына жете алмай, жүрек ауруынан көз жұмды. Осылай, Марфуға ақынның отбасы анасының арманын арқалап, әкесімен ата-жұртына орады.

Сол уақыттан бері ақынның тыңшыған кезін көрмейсің. Ол жыл сайын жаңа жинақ, қырыққа жуық кітап шығарып, оқырмандарына ұсынды. 2002 жылы «Аңсау» атты өлеңдер топтамасы үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Марфуға ақынның бүкіл махаббаты өлеңге берілген. Ал Астана бірінші рет ашылып, елбасы туған халқын соңынан ертіп, аспандағы самұрақ құс секілді елордаға көшіп бара жатқанда да Марфуға Айтқожина Алматыда отырып, керемет поэма жазды. Ол «Аңсау» деген поэмасы.

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет айтқандай, Марфуға ақын жастық шақты, махаббатты, туған жерді жырлап келіп, қазіргі заманға ұласып кетеді. Бүгінгі заманға, тәуелсіздіктің толғауларына ұласады.

«Ол кісінің лақап аты – Аққу. Ақынның газет-журналдарда, басылымдарда өлеңдері жарияланған кездегі суреттерінде көзімізге бір сылаған аққудай елестейтін. Марфуға апай өзінің поэзиядағы жолында шындығында да, сол бір аққу дегдарлығынан, тектілігінен жазған жоқ. Ол әлі күнге дейін сол болмысымен біздің көз алдымызда сақталып келе жатыр. Және поэзияда да өзінің талғампаздығымен, табиғаттың тамшысындай мөлдірлігімен көрініп тұрады. Ол кісінің оқырман жүрегінен орын алуында ар жағынан бір поэзия сарайының сән-салтанаты жатады»,- дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Қазақтың жыр аққуы атанған ақын керемет музыка да шығарады. Таңғаларлығы, ол қасиеті соңғы жылдары пайда болған екен. Таңғалмайын десең ол да болмайды. Өйткені, көп адамдар уақыт өте қаламын тастап, тоқырап қалады емес пе. Ақын күйгің өмірдің әлегіне түсіп кетсе, шығармашылық жүрмейді.

Ол рас. Оқырмандар да мұны байқап қойған. Олар тіпті, әдеби кештерде қолқалап, ақыннан ән сұрап жатады.

«Егерде көңіл-күй болып, керемет жайға түсетін болса дауысы өте жоғары ноталарды еркіп алып, кереметтей шырқап кетеді. Ар жағынан керемет сарқырама су, я бұлақ сияқты сыңғырлаған даусы шығады. Сондай бір жанымен, жүрегімен, тәнімен беріліп айтқан кезде адамды баурап алмауы мүмкін емес»,- дейді қызы Жанбота Айтқожа.

Әр ақынның өз әуені болады емес пе. Мысалы, Олжас Сүлейменов Марфуға Айтқожинаның поэзиясы туралы жазған пікірінде: «Әрбір ақынның өзіндік әуені болады. Бұл кісінің өлеңі маған ән мен өлеңнен құралған әуез сияқты көрінеді» деп, баға берген.

«Шын мәнінде, бұл кісінің жан дүниесі ақындық пен әншіліктің тоғысқан жерінен шыққан сияқты»,- дейді филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып.

«Өзінің әнін бермекші болып, үйіне шақырған кезде ол кісінің әншілігіне қатты тәнті болдым. Әнді өте тамаша айтады екен. Сол жолы маған өзінің «Бауырлар қалайсыңдар» деген әнін үйретті»,- дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман.

Сондай-ақ, ақынның «Туған жерді аңсамайтын жан бар ма?» деген әні бар. Сол әннің де сөзін Марфуға апамыз жазған. Ол әні шетелден келген қандастарымыздың мұңына қатты келеді.

Бүгінде ақынның 50-ге жуық өлеңіне ән жазылыпты. Бұл шығармалар жуырда шыққан шыққан жеті томдық «Таңдамалар» кітабына ендген. Ал парақтап отырып қараса, ақының өзінің де әнге айналғанын аңғаруға болады.

Марфуға Айтқожина туралы Төлеген Айбергеновтың «Марфуға» деген өлеңіне де көптеген әндер жазылған.

«Біреулер бұл өлең Марфуға Айтақожинаға емес, басқа Марфуға арналған деп жүрген көрінеді. Ол білмейтін адамның жай сөзі. Мені сырттай қолдап, қолпаштап, жақсы көрген көп жігіттер болған. Мен өзімде көп жігіттерді қолдап, қолпаштағам. Өз қатарласым, өз үлкенім, өзімнен кейінгі сол ақындардың ішінде Төлеген Айбергенов маған деген сезімін жасырмай кеткен адам»,- дейді Марфуға апайымыз.

Алайда, ақ пен қара арбасқан бұл өмірде қолдап-қоштаумен қатар, қиянат, қызғаныш та бар. Бұл өмірдің заңдылығы. Десе де, Марфуға апамызға қаншама қиянат жасалғанымен, оның жазған өлеңіне ешкім тосқауыл жасай алмады. Ақын сексеннің сеңгіріне шықса да, жазып жүрген нәрселері сол өзінің еліне деген махаббаты ғой. Ақынды да сол елінің махаббаты сүйеп жүр. Ол өзі де туған халқынан биік емес екенін сан рет айтып келеді. Марфуға апай әрдайым халқына іштей тағзым етіп, бас иеді.

«Қатты қызғаныштар бар, әлі күнде дейін бар. Ол өмір, пенденің өмірі болғандықтан болады. Әділетсіздіктер болды. Кезінде болған оқиға әлі есімде. Совет одағы кезінде анама бір почта келді. Сонда анамның әдемі кітабы келген екен. Бірақ, анам не үшін менің кітабым, менде бар кітапты неге маған жіберді екен, бұл кім деп қатты таңырқады. Сонда аты-жөні жазылған конверт болды. Бірақ, ашып қарасақ, ішін қызыл қаламмен шимайлаған. Шималап тастап, көп бетіне одағай сөздер жазып, келіспейтін нәрселерін өшіріп, шимақтаған. Мұның бәрін өз көзіммен көрдім. Бұл әділетсіздік. Өйткені, ол туынды анашымның періштесі. Былайша, айтсақ анамның толғатып жүріп, дүниеге әкелген перзенті. Ал бұны олай шимайлауға кімнің қақысы бар»,- дейді ақынның қызы.

Яғни, осыны жасаған адамдар ақын қыздың жүрегіне осылай жара салуды көздеген. Бірақ, Марфуға апай пенденің ондай парақсыздығын кешірдім дейді. Жүректегі жараның ең ауыры бұл емес. Ақынның самай шашының ерте ағаруына себеп болған анасының қазасы.

Ол 20 жасында анасынан айырылды. Сол кезде бұл ауыр қазаға қайғырып анасының бейтіне отырған ақын орнынан тұрғанда самайы аппақ болып тұрған. Шашты ағартқан – көрге көмілген ана арманы еді. Марқұмға туған жерден топырақ бұйырмапты. Ал анасының сол арманын ақын кейін шекарадан өзі арқалап өтті. Ата-жұртына оралып, ана бақытына бөленді. Әлия, Жанбота атты қос қызын дүниеге әкелді. Бірақ, жар бақытын сезіне алмады.

«Мен өте жақсы көрген адамға қосыла алған жоқпын. Алайда, мені сондай жақсы көрген, мені қыз кезімнен аялаған адамға қосылдым, бірақ онымен аз өмір сүрдім. Ол ерте қайтыс болып кетті. Әйел бақыты дегенге келсек, ол жағынан мен өзімді бақытты адаммын деп айта алмаймын. Алла Тағала мені кешірсін. Ал ана бақыты дегенді Құдайға шүкір көріп отырмын»,- дейді ақын.

Бірақ, ұл берген Алла оны өзі алып кеткен екен. Ал қазір ақынның жанында екі қызы және екі қызынан төрт немересі мен 4 шөбересі бар.

Марфуға апайымыз азаматынан ерте айырылса да, балаларына әкенің жоқтығын көрсетпеді, білдірмеді. Өйткені, ақынның бойында кереметтей әйелдің нәзіктігі де, әйелдің ақылы да бар. Бірақ, ол нәзік болса да, рухы өте күшті, биік адам. Қызы Жанботаның айтуынша, оның бойында ер адамға лайық қаталдықта бар.

Өнерде жыр аққуы атанған ақын өмірде де киелі құстай жалғыз, дара. Ол сырт көзге тәкаппар, кербез және кірпияз болып көрінеді. Тамақты талғап жеп, киімді үйлесіммен киеді. Яғни, ол кісінің жаны, рухы әлі жас. Дене қуаты да әлі жас.

Марфуға Айтқожа сұлулықты керемет жақсы көретін адам. Ол адамның келбетінің сұлулығы ма, тіпті бойы, киген киімі, жүріс-тұрысы, мінез сұлулығы ма, жан сұлулығы ма, жанының тазалығы, сезімінің тазалығы ма, қоршаған табиғаттың сұлулығы ма, жалпы сұлулыққа бөленіп өмір сүрді. Сегіз жасынан бастап қолына ине-жіп ұстап, іс тігуді үйренген. Сондықтан да, есейгенде көп киімдерді өзі тігіп, киіп жүрді.

«Ол кісі керемет динайнер. Талғамы өте жоғары адам. Тек киім кигенде ғана емес, үйдің ішін де әсемдеуде де талғамы жоғары. Мысалы, дастархан жайғанда да ол үшін бәрі әдемі қоюлы, әр нәрсе әдемі жиюлы тұруы керек. Кішкентай кезімізде төсекті асығып, өз өнерімізбен жинап кетсек, анам оны міндетті түрде бұзып, қайтадан әрбір бұрышын өз орнымен жиып, жастықтарды 100 пайыз өз қалпымен қойып шығатын»,- дейді қызы Жанбота Айтқожа.

Бірақ, Марфуға апайымыз қазір телеарнаға шығып жүрген жартылай жалаңаш қазақ қыздарының сыйқын көріп жаны түршігетінін айтты.

«Қазір телеарнаны қарап отырып, неше түрлі сұмдықты көресің. Жалаңаш жалпы жүрген қазақ қыздарын көргенде жаным түршігіп отырады. Құдай берген сұлу тәнді дұрыстап ұстау керек қой. Сұлулық дегеннің өз құпиясы болады. Жігіттерге де әдемі киініп жүру керек. Өздеріне жарасатын киім киіп, бойын дұрыс ұстау керек. Адам сүйіп қосылған әйел-баласын жетімсіретіп тастап кетпей, солармен өмір сүруі тиіс. Жақсы ұрпақ тәрбиелеу үшін бала ананың да, әкенің де махаббатына бөленіп өсуі керек. Сусындау керек. Ал жүрегі, жаны шөлдеген адам қалай болады, дүниенің қиыны сол емес пе»,- дейді Марфуға Айтхожина.

Әкенің мәртебесі ананың даналығында болса керек. Абай, Шоқанның даналығы мен даралығы Зере, Айғаным әжелеріміздің талғамды тәрбиесінде жатқан жоқ па. Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтерілген ақын Марфуға Айтхожина сол әжелер салған сара жолмен сыр айтады.

«Өмірдің тілегі, тірегі бір жұтым су, бір тілім нан болса да, соны өздері адал еңбегімен тауып жеп, қандай жұмыс болса да, біреудің қорасын сыпара ма, үйін жуа ма, қарын күрей ме одан намыстанбау керек. Ол жұмыс сенің қолыңа жағылып қалмайды. Ол сенің еңбегің, сондықтан адал еңбекпен өмір сүріңдер», – деген ақыл берді ақын қазіргі жастарға.

Марфуға Айтқожинаның өмірбаяны мен өлеңдерін осы жерден оқи аласыздар.

 

Талқылау