Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Үйге алып кетсеңіздер болады”: дәрігерлер екі жасар қыз баланы қатерлі ісіктен емдеуден бас тартты

Қатерлі ісік үлкен адамдарды түгілі, балаларды, сәбилерді аямайды. Жыл сайын “жасарып келетін” онкологиялық аурулар  дүниені танып үлгермеген жазықсыз жандардың ғұмырын қыршыннан қиып тастайды. Біздің кейіпкеріміз Інжу Олжасқызы — қатерлі ісікпен күресіп, жеңіске жеткісі келетін ақпейілді бүлдіршіндердің бірі. Екі жасында нейробластома ауруына ұшыраған Інжуге қазақстандықтардың көмегі ауадай қажет.

Екі жасына дейін құлындай шапқылап, ата-анасын әр қылығымен сүйсіндіріп жүрген Інжу бүгінде шарасыз күй кешуде. Тек балаларда ғана кездесетін қатерлі ісікке шалдыққан қызға еліміздің дәрігерлері дұрыс көмек көрсете алмаған соң, ол шетелде емделіп жүр. Қазақстандық мамандар бастапқы кезде бүлдіршіннің бойынан ауыр дерттің алғашқы белгілерін байқамаған. Анасы Эльвира Болатқызына баласының денсаулығына төніп тұрған қауіптің жоқтығын ескертіп, Астанадағы жұқпалы аурулардың ауруханасына жатқызған.  Бір аптадан кейін шығарып жіберген.

“Біз Інжудің осындай дертке шалдыққанын 2017 жылдың 31 мамырында білдік.  Ішінің сол жақ тұсынан түйін тауып алып, ақылы түрде компьютерлік томографияға түсірдік. Қатерлі ісігі бар екені анықталды, сөйтіп бізді Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығына жіберді. Орталықта Інжуді компьютерлік томографиға (КТ), магнитті-резонансты томографияға (МРТ) түсірді, функция алды.

Сосын дәрігерлер Інжуге “төртінші сатыдағы нейробластама” диагнозын қойды. Басы ғана зақымдалмағанын, денесінің сексен пайызын метастаздың басып кеткенін мәлімдеді. Аурудан айығып кетуі мүмкін не мүмкін емес екенін дөп басып айта алмады. “Емдеймін десеңіздер,  өздеріңіз біліңіздер, қаламасаңыздар үйге алып кетсеңіздер болады”, — деді. Мен жылап, үйге барып қызымның қашан өлетінін күтіп отыра алмайтынымды айттым”, — дейді Інжудің анасы.

Өмірі енді ғана басталған кішкентай балапанның осындай дертке шалдығуын біреу әділетсіздік, екіншісі баланың, ата-анасының басына түскен сынақ дер. Бала түгіл қатерлі ісікке шалдыққан адамның өзі, ем қабылдау кезінде қатты қиналады. Ауыр дертке ұшыраған кейбір ересек адамдар химиотерапия сынды процедуралардың күрделігінен бас тартып, емді тоқтатады екен.

Сондықтан екі жасынан бастап бүгінгі күнге дейін берілмей, өмір үшін күресіп келе жатқан Інжудің күш-жүгіріне, қайсарлығы мен батылдығына таңғалмау мүмкін емес. Бүлдіршіннің анасы Эльвираның сөзінше, сорақысы — бала қабылдаған химиотерапия, сәулетерапия да дертпен күресуге көмектеспеген. Керісінше, оның сау ағзасын зақымдап, жұмыс істеп тұрған мүшелеріне кесірін тизіген.

“Біз он, сегіз тәуліктен сегіз курстық химиотерапияны алдық. Ол ісіктің кішіреюіне көмектескен жоқ. Керісінше баланың ағзасын зақымдады. Қызымның салмағы алты жарым килограмға түсіп кетті. Құр сүйек болып қалды. Жүре алмайтын, сөйлей алмайтын дәрежеге жетті. Тамақ ішкісі келмеді, денесіндегі мүшелерінің барлығы жұмыс істемей қалды. 2017 жылдың он төртінші желтоқсанында Інжуге ота жасалуы керек едік.

Бірақ белгілі бір себепке байланысты жоспарлағанымыз жүзеге аспады.  Дәрігерлер қызымды қарап, “ота жасауға келмейді” деген тұжырымға келді. Себебі, ісік адам өмірі үшін маңызды қолқа буынға жабысып қалған екен. Дәрігерлер буынды алғанда баланың жүрегі тоқтап қалатын еді.

2018 жылдың 18 қаңтарынан бастап үш ай ішінде, сәуірге дейін кемік сүйегін екі рет ауыстырып салды (трансплантациялады). Бала қатты қиналды. Дәрігерлер де емнің осымен тоқтайтынын тілге тиек етті. Өйткені, қызым қан құса бастады, мұрнынан қан кетті, кіші дәретінде де қан шыға бастады. Сосын отыз күн көлемінде сәуле терапиясынан да өттік. Мамырдың үші күні бастап, маусымның алтысында аяқтадық.

Одан кейін бізді компьютерлік томографиға түсірді де үйімізге қайтарып жіберді. Ісік мүлдем кішіреймеген. Сондықтан біз қызымызға емді Қазақстаннан бөлек шетелдерде іздей бастадық. Барселона 100 миллион доллар сұрады, Израильдегілер Қазақстанда басталған емді аяқтай алмайтындарын айтты.

Кореяның да сұраған бағасы қымбат болды. Сонымен қатар, ол жақта емделуге келіскен күннің өзінде Інжуге қайтадан химиотерапиядан өтуге, трансплантация жасатуға, сәуле терапиясынан өтуге тура келетін еді. Германияда емделу құны жүз мың долларға шықты. Оның үстіне олар ақшаны бірден аударуды сұрады”, — дейді Эльвира Болатқызы.

Ашынған ата-ана берілмей, Түркиядағы емнің тиімді екен түсініп, сол елден көмек сұраған. Қуанышқа орай, Түркиядағы мамандар Інжуді қайтадан адамдар қатарына қоса алатындарын айтқан.

“Түркияға да өтініш білдіріп едік. Ол жақтағылар қызды йодотерапиямен емдейтіндерін айтты. Бірақ Қазақстанда емделген Інжудің теропиялардан барлық ағзаларына зақым келген. Дәрігерлер нейробластома деумен химияны бірінен кейін бірін тектен-текке қоя берген. Осы себеппен Түркиядағы мамандар баламның толықтай сауығап кететініне күмән келтірді. Әйтсе де адам қылатындарын сөз етті. Бірінші кезекте шөп дәрілермен емдеді.

Шетелдегілер 9 сантиметрлік ісіктің өсуін тоқтатты, метастаздарды өлтірді. Өткен жылдың үшінші қазаны мен желтоқсан айында аз-аздан, яғни елу грамнан йодотерапияны жасады. Тамақ іше бастады, күн өткен сайын тілі шығып келеді. Бір-бір сөзден қосып сөйлеп жүр. Шашы қайтадан шыға бастады. Осыған қуанып жатырмыз. Енді ақпан айында қайтадан сол елге тексеріліп қайтуға аттанамыз. Тексерістен кейін, ары қарай не болатыны белгіленеді. Егер ісік кішірейсе, ота жасалуы мүмкін”, — дейді анасы.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от help_Oljaskyzy_inzhu (@help_oljaskyzy_inzhu)

Інжудің әкесі де, шешесі де қарапайым, табысы орташа деңгейді құрайтын қазақстандықтар. Қыздың әкесі айына 75 мың теңге табады, ал анасы осы жағдайға дейін АІІБ-де (аудандық ішкі істер басқармасында) жұмыс істеген. Екеуінің Інжуден бөлек, бірінші сыныпта оқитын ұлы бар. Өздері жатақханада тұрады.

Жас жанұяның емге жұмсалатын ақшаны толықтай өз қалталарынан шығаруға мұршасы жетпейді. Түркияға бір рейспен барып келудің өзіне 900 мың теңге кетеді. Көкке көтерілгенде баланың денсаулығы нашарлайды, қан қысымы көтеріліп, құса бастайды екен.  Cондықтан олар бір ұшақтан екінші ұшаққа мініп, басқа қала арқылы  (пересадкамен) ұша алмайды. Дәрігерлердің бір кіргенінің өзіне 120 доллардан кетеді екен.

Інжудің ата-анасы баланың өміріне бей-жай қарамайтын мейірімді жандардың көмегіне зәру. Әр қазақстандықтың  бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалуға мүмкіндігі бар. Егер Інжуге көмектесемін десеңіз, қаражатты төменде көрсетілген карточкаға аудара аласыз.

 

Каспи Голд 5169 4931 4482 3260 — Эльвира Болатқызы (Інжудің анасы)
Халық Банк 4402 5735 63 60 88 78
Киви Әмиян 8 701 541 46 42
Cбербанк 4424 7710 1152 21 47 (рубльдер Думан Рымғалиевтің атына аударылады)

Сұрақтарыңыз туындаса, Эльвира Болатқызымен мына нөмір бойынша байланысқа шыға аласыз: 8 701 541 46 42

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Талқылау