Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасымов ақтөбелік лаңкестің отбасындағыларға жасаған қысымы жайлы айтты

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов діни көзқарастан туындайтын отбасылық жанжалдың қауіпті екенін айта келе, Ақтөбелік лаңкес Дмитрий Таңатаров өз әйелін бопсалап, ұлын ұрлап кеткендігін мәлімдеді.

теракт

Бұл туралы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына арналған ведомствоаралық кеңесте белгілі болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Заң зорлық-зомбылыққа қатысты нақты анықтама береді. Ол физикалық, психологиялық, сексуалдық және экономикалық болып келеді. Бірақ, радикалды топтардың мүшелері сырттан жасалатын психологиялық қысымның әсерінен отбасы құндылықтарын бұзып жатады. Олар өздері ұстанған дінге әйелдерін кіргізу үшін туған балаларын да өз мақсатына пайдаланады. Ал бала – осы жағдайдың құрбаны болады», – дейді министр.

Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, заңға өзгерістер енгізілген кезде діни көзқарастан туындайтын отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет.

«Мысалы, Ақтөбелік лаңкес Таңатаров екі айлық баласын әйелінен күшпен тартып алған. Кейін ол әйелі басына орамал тартып, ұзын көйлек киіп, намаз оқыған кезде сәбиді анасына берген. Біздің ойымызша, осы мәселе заңнан тыс қалмауы қажет», – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусымда радикалды діни ағымдағы топ Ақтөбеде «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне қарулы шабуыл жасап, мұнан кейін ҚР Ұлттық гвардиясының әскери бөлімін басып алмақшы болған. Оның ішінде Дмитрий Таңатаров та бар. Лаңкестер «MAN» маршруттық автобусын басып алып, тексеру-өткізу пунктінің қақпасын бұзып кіріп, қару-жараққа қарай беттеген. Алайда, олар қару-жараққа қол жеткізе алмаған. Күзетші қару қолданып, оларға бөлімнің аумағына әрі қарай енуіне жол бермеген.

Жалпы, Ақтөбедегі теракт салдарынан төрт лаңкес, төрт әскери қызметші, үш бейбіт тұрғын қаза болды. Түнде жүргізілген жедел-іздестіру шарасы кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен тағы 5 қылмыскер өлтіріліп, екеуі ұсталды. Тергеу барысында, лаңкестік актіні ұйымдастырған салафизм ағымын ұстанатындар болып шыққан.

 

 

Талқылау