Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасымов: Ақтөбеде қарақшылар мерт қылған әскерилер қарусыз болған

Ақтөбеде қарулы қарақшылардың қолынан мерт болған әскери қызметшілер қарусыз болған. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті.

қасымоввв

Отырысты ашқан  ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов  ең алдымен барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. «Өкінішке орай осы қасиетті айда Ақтөбе қаласында қанды оқиға орын алды. Бірнеше адам қаза тапты. Жарақат алғандар да бар. Бұл өте өкінішті жағдай», – деген Мәсімов орын алған жайтқа байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа сөз берді.

Оның айтуынша, 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 14.28-де теріс ағымдағы дін ұстанушылар қару-жарақ иемдену мақсатымен «Паллада» дүкеніне шабуыл жасаған. Дабыл кнопкасын басып үлгерген дүкен сатушысын қылмыскерлер пышақтап өлтірген. Оқиға орнына ең бірінші болып «жедел күзет» ЖШС жеке күзет ұйымының 2 қызметкері жетіп, оның бірі бірден оққа ұшып мерт болса, екіншісі жарақаттанған.

Осыдан кейін полиция қызметкерлері де келіп, қылмыскерлер оларға қарулы қарсылық танытқан. Атыс барысында 3 полиция қызметкері жараланып, ал қылмыскерлер патрульдік машинамен бой тасалаған. Олар дүкеннен 17 мылтық, 3 газ тапаншасын, оқтар мен пышақтар алып кеткен. Ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің санын нақтылануда, дүкенде түгендеу жүргізілуде.

«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қарулы қылмыскерлер екі топқа бөлінген. 6 қылмыскерден жасақталған бірінші топ  «Пантера» қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, онда бір адамды пышақтап өлтірсе, екіншісін жарақаттаған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 3 қылмыскерді атып өлтірсе, біреуі жарақаттанған. Ал екеуі бой тасалап үлгерген. Дегенмен, олар сәл кейінірек қала сыртынан табылып, көздері жойылды.  Екінші топ автобусты басып алып, онда жолаушыларды түсіріп жіберген. Осыдан кейін Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімі аумағына кіре беріс қақпаны автобуспен бұзып кірген және әскери қызметшілермен, оқиға орнына жеткен полициямен атысқан. Қарулы қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы тосқауылға түсіп қалса, екінші тобы қашып кеткен. Атыс барысында 1 қылмыскер өліп, тағы бірі жарақаттанған. Ал Ұлттық гвардияның 3 әскери қызметшісі қаза тауып, 6-ауы жараланған. Олардың барлығы да қарусыз болған, ішкі режімге сәйкес қызметтерін атқарып жүрген», – деді министр.

Қасымов қазіргі уақытта Ақтөбе облысында лаңкестікке қарсы операция режімі енгізілгенін, еліміздің ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы күшейтілген қызметке көшірілгенін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаза тапқан  және жарақаттанған Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлеріне материалдық көмек көрсету шараларын қабылдауда»,-  деді ол.

 

Талқылау