Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпкер өзінің бизнесін ұжым мүшелеріне неліктен бөліп бергенін түсіндірді

40 миллион долларға бағалаған бизнесін компания ұжымына түпкілікті өткізіп берген Батыс Қазақстандық бизнесмен Барлық Меңдіғазиев, өзінің бұл әрекетінің себебін түсіндірді.

125

Бұл туралы Азаттық сайты хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысындағы KSS building мұнай сервисі компаниясының 46 жастағы басшысы Барлық Меңдіғазиев 2013 жылы облыс басшысы Нұрлан Ноғаевты жұрттың көзінше сынап, тіпті екі апта қамауда отырған. 2013 жылдың жазында салық инспекциясы Меңдіғазиновтің бизнесінен әлдебір заң бұзушылықтар тапқан, бірақ жанжал тез басылған.

Ал 2015 жылдың аяғында Меңдіғазиев бизнесін еңбек ұжымы иелігіне өткізіп беретінін жариялады. Компания құнын ол 40 миллион долларға бағалаған. Кәсіпкердің түсіндіруінше, оның бұл шешіміне аймақтың экологиялық проблемалары және коррупциямен күресу ниеті түрткі болған әрі ол «ұжымды қатерде қалдырғым келмейді» деп мәлімдейді. Өткен аптаның аяғында Ақсай қаласында орналасқан кәсіпорында өткізген баспасөз жиынында бизнесмен компанияны ұжым иелігіне заң жүзінде өткізіп беру процедурасы аяқталғанын жариялады. Меңдіғазиевтің сөзінше, енді кәсіпорын қызметкерлері- оның бұрынғы компаниясының толық құқылы акционерлері болып саналады.

“Бүгіннен бастап кәсіпорын 100 пайыз ұжым иелігіне өтті. Әрине, қызметкерлерге жұмыс істеген жылдарына қарай үлес тиеді. Бұдан былаймен тек жалдамалы қызметкермін, – дейді Барлық Меңдіғазиев.

Кәсіпкер «бизнесмен банкрот алдында тұрған компаниясынан осылай құтылмақшы» деп сынайтындарға «компанияның ешқандай борышы, қарыз салығы жоқ» деп мәлімдеді.

Барлық Меңдіғазиевтің есімі көпшілікке Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевты облыстың Зеленов ауданындағы туған ауылы Январцевоның іргесінен мұнай қалдықтарын көметін полигон салуды қолдады деп айыптаған кезінде, 2013 жылы танылған.

Биыл ақпанда Меңдіғазиев облыстың Январцево мен Петрово ауылдары тұрғындарына жылдамдығы жоғары ұялы интернет желісін тартып берді. Ал сәл ертеректе 20 жылдан көп төсекке таңылып жатқан оралдық тұрғынға мүгедектер арбасын сыйлаған.

Барлық Меңдіғазиевтің отбасы АҚШ-та тұрады әрі ол жақта кәсіпкердің қонақүй бизнесі бар. Бизнесмен саясатпен ешқашан айналыспайтынын, қоғамдық жобалар арқылы адамдарға ақысыз көмек көрсетуді жалғастыра беру ниеті барын айтады.Бұған дейін кәсіпкердің бизнесін ұжым жұмысшыларына бөліп беретіні жайлы ақпаратты хабарлаған болатынбыз.

Талқылау