Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы министрі зейнетақы қорындағы ақшаның күйіп кете жаздағанын мойындады

Үкімет Біріңғай зейнетақы қорына тиесілі қыруар қаржының Әзербайжан банкінде күйіп кетуге шақ қалғанын ақыры мойындады. Жұрт мемлекетке сеніп тапсырған 71 миллиардтан астам теңгені шенеуніктер шетелдік банкке салып жіберген еді. Әзербайжан сол берешекті қайтара алмай жүр. Мәжілісте Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа  зейнеткерлердің ақшасы үшін  ақталуға тура келді, деп хабарлады КТК арнасы.

Қаржы министрі Мәжіліске Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы салық конвенциясына өзгеріс енгізу туралы заң жобасын  алып келген. Депутаттар құжатты мақұлдамас бұрын, Бақыт Сұлтановқа Әзербайжанмен арадағы  қаржылық қарым-қатынасты түзеп алуға кеңес берді.  Владислав Косарев Каспидің ар жағындағы көрші елге берілген Біріңғай зейнетақы қорына тиесі миллиардтарды  да министрдің есіне салды. Өйткені, бұл жұрттың ай сайын жалақысынан қиып, қорға салып отырған ақшасы.

“Менің білейін дегенім, Біріңғай зейнетақы қорына тиесілі Әзербайжан банкінде қалған қаржының тағдыры не болып жатыр? Біз ол ақшаны қалай қайтарамыз? Қаржыдан айырылып қала жаздағанымыз аздай, енді қарызды төлеу мерзімін ұзарттық. Қаржылық қатынастарды реттейтін уақыт жеткен болар?” – дейді Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Қаржы министрі азаматтардың қартайғанда қажет болады деп жиған ақшасының күйіп кете жаздағанын мойындады. Бірақ, Үкімет әлі үмітін үзбепті. Қарызды қайтаруға мүмкіндік бар дейді Сұлтанов.

“Негізі, ол ақшаны жоғалтқан жоқпыз. Егер банк, шынында да, банкротқа ұшыраса немесе несие берушілер қарызды төлеуге қарсы шыққанда, бізге қауіп төнуші еді. Қазір 250 млн долларды қайтару мерзімі 15 жылға ұзартылды. Үстемақысы 3,5 пайыз”, – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Үкімет Әзербайжан банкіне 71 миллиардтан  астам теңгені 10 жылға  8 пайызбен берген. Былтыр көктемде шетелдік қаржы ұйымы қиындыққа ұшырап, қарызды қайтара алмай жатқаны белгілі болған еді. Соған байланысты біздің шешеуніктер жеңілдік жасауға мәжбүр. Амалсыз қарызды төлеу мерзімін 15 жылға ұзартып, үстемақысын 3 жарым пайызға түсірді. Яғни, еліміз табыстың бір бөлігін жоғалтып отыр. Ал Біріңғай зейнетақы қорына  қаржы толық  2032 жылы түседі.

 

Талқылау