Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарттар үйіндегі әже: Келінім үстімдегі иіске бола менімен бірге тұрудан бас тартты

Қарттар күніне орай ұйымдастырылған кеш барысында тағдырдың тауқіметіне көніп, амалы таусылғаннан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына келген әже өзінің өмірі туралы Stan.kz  ақпараттық агенттігінің тілшісіне баяндап берді.

Жасы жетпістен асқан әжені асырап алған ұлының әйелі үйіне сыйдырмай өз баласынан бөлек тұруға мәжбүр қылған. Әженің айтуынша, өзінің туған баласы болмай, 45 жасқа келгенде осы ұлын туа салысымен асырап алған екен.

«Өзім Қостанайда жетім қыз болып өстім. Ерте еңбекке араластым. 19 тұрмысқа шығып, алайда бала көтере алмай 20 жыл отасқан күйеуіммен басқа отбасын құрып, бала сүйсін деген ниетпен ажырастым. Бала болмағандықтан арамыздағы махаббатқа қарамай екі жолмен кетуге тура келді.  Осылайша жолдасым екінші рет үйленіп, үш баланың әкесі атанды. Бірақ көп ұзамай қайтыс болды. Сол кезде жолымызды үзгеннен кейін екінші отбасымен де араласпадым», – дейді әже.

Жас кезінен өмірдің ыстық-суығына шыдаған әженің тағдырын алда түрлі сынақтар күтіп тұрған. Уақыт өте жалғыз жүрмеудің амалын іздеп, бала асырап алуға бел буған.

«Күйеуімнен ажырасқаннан кейін жұмыс істеуді жалғастырып, бірсарынды өмір сүріп жүрдім. Біраз жыл өткен соң, 45 жасымда жаңа туған сәбиді асырап алдым. Ол баланың анасын жігіті алдап, аяғы ауыр күйінде тастап кеткен екен. Күйеусіз бала табамын деген қыздарын ата-анасы қабыл алмай,  соңында баладан бас тартқан. Жас қыздың әпкесі арқылы келісімге келіп, сол баланы өз қамқорлығыма алдым.

Осылайша Алматы қаласында бірнеше жыл тұрып, балам 12 жасқа толғанда Семей қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне ауысып, Алматыдағы үйімді сатып, шығысқа көшуіме тура келді. Сол жақтан үш бөлмелі пәтер алып, ұлымды жоғарғы оқу орнын бітіртіп, үйлендірдім. Бірақ өкінішке орай қазір ұлыммен бірге тұрмаймын», – деген әженің жүзі мұңға толы.

Бес жасар немересін туғалы екі ақ рет көрген әже бүгінде келінімен араласпайды екен. Тек ұлы ғана айына бір рет хабарласып, 15000 теңге салып тұратынын айтады.

«Келінімнің ұлымды менен алшақтатқаны соншалық, ол өзінің анасын қорғай алмай, маған араша түспеді. Немерем туғанда барып біраз уақыт олармен бірге тұрған кезде келінім мені жақтыртпады. Жаңадан жөндеу жұмыстары жасалған үйлерінде мені қалдырғысы келмеген келін тіпті өз немереме «көзіңіз тиеді» деп қолыма ұстатудан қалды. Таға бірде «Сіз келгелі үйде жаман иіс пайда болды деп» жүрегімді ауыртты. Ұлым да маған араша түсіп қорғамағандықтан мен олармен тұрудан бас тартып, осылайша осы қарттар үйіне 2013 жылы келдім. Қазір ұлым айына бір рет хабарласып, ай сайын 15 мың теңге салып тұрады.

Баласының өзіне араша түспегеніне жаны қынжылған әже ұлының өзінің туған анасы емес екендігін сезгеннен де шығар дейді.

«Балам менің туған анасы емес екенімді білетінін сеземін, бірақ осы уақытқа дейін ол туралы әңгіме қозғамадық. Дегенмен қартайып, жасым келген шақта ұлымның тегін түзеп, туыстарымен қауыштырып кеткім келеді. Сондықтан қазір ұлымның туған ата-анасын іздеп тапқым келеді. Анасын тапқаныма үш жыл болды, енді одан әкесін тауып беруді талап етіп жүрмін, бірақ әзірге нәтиже болмай жатыр. Ұлымның туған анасына келінім туралы да айтып бердім. Сол себепті осы жерде тұрып жатқанымнан да хабарда.

Ол келіншек әкесі кім екенін әзірге айтпады, бірақ ұлының суреттерін көріп, кездескісі келетін жеткізген. Дегенмен әкесін де тауып, тегі кім екенін білгені жөн ғой деп, анасына әкесін де таныстыруды талап еттім», – дейді әже.

Осылай өмірін әңгімелеген әже түскі ас уақыты жақындап қалғанын байқап, сөз соңында қарттар үйіндегі жағдайдың қолайлығына қарамастан өзінің отбасымен үйде тұрғысы келетінін және бұл жерде өлгісі келмейтінін айтты.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Талқылау