Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Студенттерге жаңа пән енгізілді: ол қалай өтеді және не үшін қажет?

Биыл алматылық университеттерде “Халыққа қызмет ету” пәні енгізілген болатын. Бұл пән аясында студенттер балалар үйіне, қарттар үйіне және басқа да әлеуметтік мекемелерге барады. Алайда ҚазҰУ-дің студенттері мұндай қайырымдылық шараларына бұрыннан белсене қатысып келеді.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

Кезекті шараның бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Көмек» қоғамдық қорының ерікті студенттерінің Халықаралық қарттар күніне орай Алматы қаласындағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы ата-әжелерге арнаған «Қарттарым – қазынам» атты концерті болды. Осы орайда Stan.kz ақпараттық агенттігі жастар ұйымдастарған концертке қатысып, қарттардың күнделікті өмірімен таныс болды.

Күңіренген суық күнде студенттер ән шырқап, би билеп, күй тартып мұңға берілген қарттарға жылу сыйлады. Көңілдерін көтеріп, жастардың өнерін тамашалауға тіпті арбаға таңылған, көздерімен көрмесе де құлақтарымен естуге келген ата-әжелер көп болды.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

Жүректерін елжіретіп күй тартқан студенттерге баладай қошемет көрсетіп, орталық қызметкерлерімен қосылып қол шапалақтаған қарттар осы күнде жүздеріндегі қуаныштарын жасыра алмады. Хәлдерін сұрап жанашырлық танытқан студенттерге ризашылықтарын білдірген қарттар жастық шақтарын еске алып, кеш соңында жастармен қол ұстасып биге шықты.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл жердегі қарттардың тағдырлары сан түрлі. Араларында тіпті осы жерде танысып, бас қосқандары да бар екен. Қарттар үйінің қоғамдық өміріне белсене ат салысып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жолдауымен  үлкен қажылыққа барып келгендері де бар.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

Осындай қайырымдылық шараға алғаш қосылған бірінші курс студенті Біләл Ертай мұнда келерде қобалжығанын айтады. Бірақ қарттардың алдына шығып өнер көрсеткенде, олардың баладай қуанғанын көрген жас бала ауылдағы ата-әжесін еске алған.

«Өзім мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Алғашқы әсер өте керемет, осы жердегі қарттарды көріп, атам мен апам ойыма түсті. Және бұл кісілер де туған немелерінің өнерін тамашалап отырғандай ерекше көңіл-күйде отырды. Барлығы жастық шақтарын еске алып, мәз-мейрам болып билеп жатыр.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

Мен үшін бұл шара рухани байлығым мен қамқорлығымды көбейту мақсатындағы таптырмас концерттердің бірі деп ойлаймын. Жастарға айтарым, қарттарды қадірлеп жүрсек ұлттық құндылығымыздан, рухани байлығымыздан айырылмаймыз», – дейді Ертай.

Студенттердің қарттарға арнап қоятын қайырымдылық кештері «Көмек» еріктілер қозғаласының арқасында 2010 жылдан бастау алған. Осы күнде қарттарға ерекше көңіл бөлініп қана қоймай, келешек жастарға да тәлім-тәрбие болсын деген ниетпен құрылған қоғамдық қордағы еріктілер саны 1200-ге жеткен екен.

«Осындай шаралар арқылы жастар да, қарттар да рухани байиды. Студенттер балалар үйіне барғанда да өз көздерімен көріп, болашақты өзгертуге мүмкіндіктері бар екенін түсінеді. Сондықтан бұл жерде әркім өзін өзгерту арқылы қоршаған ортаны өзгертеді. Бүгінгі таңда тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің еріктілер саны 1200-ге жетті. Болашақта университет емес, бүкіл қала бойынша бас қосу жоспарымызда бар», – дейді «Көмек» қоғамдық қоры президентінің кеңесші Елтай Айгерім.

Сонымен қатар бұл жердегі қарттар жастарға өз өмірлерін баяндап, кезінде істеген қателіктерін қайталамауға кеңес береді.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

«Алғаш рет қарттар үйіне келген кезде маған бір қарт «Өмірді қанша уақыт сүргенің маңызды емес, оны қалай сүргенің маңызды» деген еді. Олар осындай күйге түскендеріне тек балалары ғана емес, өздерінің кінәсі де бар екенін айтады. Және бізге сол қателіктерін қайталамауға кеңес береді», – дейді Айгерім.

Жастармен бірігіп жас жігіттей билеген Сасықов Шавиль ата жасына қарамастан мүгедек қарттарды жетектеп биге шақыруда. Арбада отырған апалар шаштарын сәндеп жастармен фотоға түсіп, оларға алғыстарын білдіріп жатты.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

«Әйеліммен 30 жыл отасып, ол 2004 жылы қайтыс болғаннан кейін 13 жыл туыс-туғандарыммен тұрдым. Туған балам болмағандықтан туыстарыма кедергі келтірмейін деп осы қарттар үйіне келуге өтініш білдіріп, кезегімді жарты жыл күттім. Қазір осында тұрғаныма 1 жыл болды, жасым 77 де», – дейді Шавиль ата.

Өз жасынан тым жас көрінетін Шавиль атаның айтуынша қарттар үйінде төрт мезгіл тамақ беріледі, жатын бөлмелері күнделікті жиналады, киім-кешектері уақытылы жуылады. Сонымен қатар, қарттар ауырған кезде тамақтарын медбикелер бөлмелеріне әкеп береді екен.

«Бұл жерде әртүрлі үйірмелер бар: қолөнермен, тігін-тоқымамен айналысуға болады.  Мен өзім мысалы өлең айтамын, менен бөлек сегіз адамнан тұратын вокалдық ансамбль бар. Дене шынықтыру, физиотерапия және паллиативтік көмек беретін арнайы бөлмелер бар. Қысқаша айтқанда қарттар үшін барлық жағдай жасалған. Біз тіпті қалаға да шығып, тауға, музейге барып тұрамыз. Демеушілер мейрамханаларға апарады.

Осы студенттер сияқты әр мекемеден келіп көп мерекелік шаралар ұйымдастырады. Жастар келіп би кештерін жасайды, бізден қандай биші шықсын, бірақ өзімізше билеп мәз боламыз», – деп ойымен бөлісті Сасықов Шавиль.

Студенттер: қарттар үйіндегі ата-әжелеріміз өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады

Осылайша көңілді бимен аяқталған концерттік кештен кейін студенттер кетіп, қарттар әркім өз бөлмесіне тарап, улап-шулап жатқан сәттен тек естелік фотосуреттер ғана қалды.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау