Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаратаулық 26 жастағы келіншек 10 баланы бауырына басқан

Жиырма алты жасар жас ана Ульяна Романқызы Ким он баланы бағып-қағып отыр. Балаларға бас-көз болуға Ульянаның енесі Надежда Ким көмектеседі екен.

Ульяна-Ким-отбасы-620x330

Бұл туралы Ақжол басылымы хабарлайды.

“Келінім балалар үйінде өскен. Ата-ананың жоқтығының тақсыретін әбден тартқан. Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Жетім көрсе – жебеп, жан шуағын төккісі келіп тұрады. Ульянаның өзі үшеу туды. Балам Валентин Оңтүстік Корея мемлекетінде жұмыс істеп жатыр. Жазға салым келіп, тұрмысымызды көріп кетеді. Не керек, келінім жетім балаларды қамқорлығымызға алайық деді. Біз қарсылық жасаған жоқпыз, – дейді енесі.

“Әрбір сәби ата-ана мейірімін аңсайды. Балалар үйінде жылы-жұмсақ жеп отырса да, аялы алақанды, өз үйі болғанын аңсайды. Өзім де сондай сәтті басымнан өткердім емес пе?! , – дейді Ульяна көзіне жас алып.

Сөйтіп, енесі екеуі әуелі Меркідегі Савва, кейін ондағы балалар үйі жабылған соң Тараз қаласындағы Сармолдаев атындағы балалар үйін жағалап, қамқорлыққа бала асырап алуға ниет еткен. Содан бері, тиісті ұйымдардың келісімімен 5 баланы асырап, бағып отырған жағдайлары бар. Оның үстіне, Қаратау қаласынан ата-ана қарауынсыз қалған 3 қыз жазғы демалыстарында (олар колледжде оқиды) келіп, осы үйді паналайды екен. Сегіз баламен бірге өзінің ұл-қызы мен жиенінің үш баласы да шаңырақтың шаттығына айналған.

Ульянаның «үлкендері» Нина Петровна Алматыда колледжде стилист-модельер мамандығына машықтануда, жаз шыға туған үйіне асығады. Ал Александр – 9, Анна – 7, Петр 5-сыныпта, Анатолий алғашқы дайындық сыныбында оқиды. Бәрі де қаладағы К.Маркс атындағы орта мектепте білім алып жүр. Виктория, Светлана, Любовьтар – қаладағы колледж білімгерлері. Бауырдай болып кеткен үш қыз да жазғы демалыстарында Ким отбасын паналайтын сияқты.

“Оларға үйге келме деп айтуға дәтім де жетпейді. Келсе құшақ жая қарсы аламын”, – дейді Надежда Генхванқызы.

Бес балаға үкімет 106 мың тең жәрдемақы тағайындаған. Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін Ульянаның күйеуімен қатар Астанада тұратын Надежданың күйеу баласы да бұларға қарайласып тұрады екен. Отбасы мүшелері корей этномәдени орталығының жетекшісі Екатерина Цойға да алғыстарын білдірді.

Талқылау