Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарапайым шаш әрлеуші болған Эльвира Ерғалина танымал болудың құпиясымен бөлісті

Дүйім жұрттың алдында пластикалық ота арқылы бетін кішірейтіп, қолаң шашын да еш өкінбей шорт кескен  Эльвира Ерғалина еліміздегі ең танымал телебағдарламаның жүргізушісі атанды. Батыл әрі ешкімнің сынына сынбайтын журналист Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында өзіне қойылған сұрақтардың барлығына ашық жауап берді.

-Ең алдымен, жаңа бастама құтты болсын дегім келеді.

 –Рахмет!

-Эльвира үшін бұл алғашқы тележоба емес, бұған дейін де сіз көгілдір экраннан журналис ретінде сюжет түсіріп, сұхбаттар алып шығып жүрдіңіз.  Дегенмен, тележүргізуші ретінде, өзіңізді алғаш рет сынап жатсыз, солай емес пе?  Қалай болып жатыр?

 –Осы сұраққа телеграмдағы каналыма жазғым келіп жүрген еді, негізі. Адам отырып алып, әлеуметтік желіде сайрай береді. Осы уақытқа дейін блогер ретінде, сахнада болсын, телевидение саласында болсын жүргізушілерді сынап, өзімізше, пікірлер жазып қалдыратынбыз.

Бірақ, қарсы алдыңда он камераның обьективі жанып, қонақтардың қобалжығанын сезгенде, студиядағы дайындық жұмыстарын көріп-сезінгенде, кәдімгідей адам ойын шашыратып алады екен. Бұл жоба – менің дебютім. Сондықтан, қобалжу болды. Бір сөзбен айтқанда, сырт көзге бәрі әдемі көрінуі мүмкін, айтарым, тележүргізуші болу – оңай шаруа емес.

-Жобаға қалай келдіңіз? Қарапайым блог жүргізіп жүрген Эльвираны тележүргізуші ретінде көре алған қай продюсер?

 –Негізі мен бұл жобаға дейін «Таңшолпан» бағдарламасында продюсерлік қызметте болдым. Сонымен, уақытша демалыс алып, Алматыға кетіп бара жатқан болатынмын. Әуежайға келіп, тіркеуден өткенім сол, маған Асхат Садырбай қоңырау шалды. «Түнгі студия» бағдарламасын қолға алып жатырмыз.

Сені Қайраттың жанына екінші жүргізуші ретінде ұсынып жатырмын. Келесің бе?», – деді. Әдетте, жүргізушілерді кастинг арқылы іріктеп алады. Оның жауабын, біраз күтесің дегендей…. егер, жағдай сондай болса, мені жолымнан қалдырма дедім.

Сонда Асхаттың мына сөзі маған қатты әсер етті. Ол «Я сен отырасың ол жерде, не Қайрат жалғыз жүргізеді», – деді. Мүмкін, «бұл маған бұйырып тұрған бақ шығар» деп мен келісім бердім.

 -Осыған дейін осындай ұсыныстар болды ма?

 – Болды. Жалпы, тележүргізуші таңдар алдында алдын-ала «пилот нұсқа» түсіріледі. Сосын жобаға қаншалықты сәйкес екенін анықтайды. Ондай мүмкіндіктер болған. Кейбіреуінде менің өз-өзімді ұстауым келмей жатса, ал, кейбір жобаларға менің жасым сәйкес болмады.

-Осы жолға сіз ұзақ жылғы дайындықпен келген сияқтысыз?! Қазір yotube желісінде түрлі блок жүргізіп, оның ішінде жұлдыздардан сұқбат алып жүрген жүргізушілердің қарасы көбейіп кетті. Дегенмен, бұл бастаманы алғаш қолға алған сіз.

Камера қосып, жұлдыздарды жүрген жерінен ұстап алып, ашық сұхбат алаңына шақырған, біршама видеоларыңыз көп көрсетілім жинады. Қазіргі жұмысыңызды сол кезде көздеп, осыған қарай алыстан ұмтылған сияқтысыз.

 – Мен негізі, соңғы кезде өмірімде орын алған оқиғаларға қарап, «Менің жоспарларым, Құдайдың жоспарларының алдында болмай қалды» деп күлемін.

Жақында бір оқырманым «Эльвира неге жұмыста тұрақсыз?» деп сұрап жатыр. Рас, осы уақытқа дейін мен бір-бірімен мүлдем сәйкес емес салаларда жұмыс істеп көрдім. Шаш әрлеп жүріп, жұлдыздармен тілдестім. Қолөнермен де айналыстым. Продюсерлікті атқарып жүріп, бағдарлама түсірудің ішкі қүрылысымен жақын таныстым. Қазір қарап отырсам, мұның бәрі бекер емес.

Осы күнге жету үшін жаратушы ием, сондай жолмен алып келген шығар деп ойлап қоямын?! Келісем, бұл жолға жету үшін – ұзақ жол жүрдім. Бір қуантарлығы – нәтижесіз емес. Бұл сандырақ емес, соған сендім.

– Осы жобаға бекітілгеннен кейін Эльвира стилін өзгерте бастады. Бұған дейін, бетіңізге қалың көрерменнің алдында, көп қыздардың батылы жетпейтін ота жасаттыңыз.

 – Мен бұрыннан өзімнің томпақтығыма, бойымның кішкентайлығына көңілім толмайтын. Тіпті, анама жылайтын кездерім болатын. «Неге менің бойым кішкентай?», «Неге менің бетім томпақ?» деген комплекс бар еді.

Қазір, сол томпақтық, жастықтың белгісі екендігін түсіндім. Десе де, мен бетіме былтыр ота жасатқан болатынмын. Ол кезде мұндай жобада жұмыс істеймін деген ой жоқ болатын, мәдениет басқармасында жүрген кезім. Жай, өзімнің ішкі комплексімді жойып, өзімді сабырға келтірейін деген қадамым болатын.

Соншалықты, айтатындай, терімді алып тастап, басқа біреудің бетін салып алған жоқпын, бар болғаны, бетті томпайтып тұратын майларды алдыртуға тырыстым.

Өкінішке қарай, олар менде өте аз екен. Тағы да айтамын, ол кезде жүргізуші боламын деген ой мүлдем болған жоқ. Соған қарағанда, Құдай мені алдын-ала дайындаған сияқты, бетімді түзеп, ота жасатқаным рас.  Ол бір сондай қорқынышты зат емес.

-Ал, ұзын шашыңызды қию – жоба жетекшілерінің талабы емес пе?

– «Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушісі ретінде толық бекітілгеннен кейін, мен ұлттық арнаның өзге бағдарлама жүргізушілерінен қалайда ерекшелену керек деп шештім. Бәрінде ұзын шаш бар, бәрі эфирге шаштарын бұйралап, түйіп шығады.

Ал, мен оларға ұқсағым келмеді. Осылайша, Динара деген стилистпен ақылдасып, бетімнің формасына сай шашымды қысқа етіп қиямын деп шешім қабылдадым.

Соңғы шешім өзімнен болды, егер қимаймын десең, онда біз сені қинамаймыз деді. Әлеуметтік желіге «Нағыз кәрі қыз болдың», «Жас қосып көрсетеді» дегендермен келіспеймін, маған ұнайды. Осы образым маған үлкен сенімділік сыйлады десем де болады.

– Француздық ер азаматтар «Әйел шашын қиып, өзгере бастаса, жеке өмірінде жаңалық бар» деп болжайды екен. Шаш қиғалы, сіздің жеке өміріңізде не жаңалық?

 – Жаңалық дейсіз бе? Ең алдымен, осы жобаға деген үлкен жауапкершілікті сезінемін. Сол үшін камера қанша дегенмен 5 келідей салмақ қосып тұрады. Томпақ Эльвира қазір арықтап жатыр. Дұрыс тамақтануы бар, фитнесі бар, тағысын тағы. Осының барлығына уақыт табуға тырысып жүрген жайым бар.

-Жігіттер жағы ше?

 – «Комплимент» айтатындар көбейді. Эфирге шыға бастаған соң ба, басқаша сөйлеп, мені енді ғана қыз ретінде қабылдап жатқандай көрінеді маған. Жеке өмірде, жалпы, тыныш деп айта алмаймын. Бірақ, міне, ертең кетіп бара жатырмын, ақ көйлек таңдап жүрмін деп те айта алмаймын…

-Бұл жобада сізге дейін Дәулет Бижанов пен Данияр Бекжанов отырды. Бес жыл бойы жүрген бағдарламада олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсті, есте қалды. Сіз ше, елді немен таң қалдырмақ ойдасыз?

 –Кез-келген тақырыпта ер баламен қатар, қыз баланың да көзқарасы бар. Менің бұл орындағы миссиям да сол. Өз басым, өмірде әзілге жақын адаммын, бірақ Эльвира юморист емес. Иә, Данияр мен Дәулетпен салыстырмалы түрде, менің әзілдерім өтпеуі мүмкін.

Сол үшін бұл жағын менен гөрі Қайрат жақсы алып шығады деп ойлаймын. Ал мен  Қайрат қоя алмайтын «шымшыма сұрақтарды», тек әйелдердің ойына келетін сұрақтарды қойып, қонақтарды жан-жақты ашу менің ерекшелігім болмақ .

-Осы күнге дейін журналист ретінде танымал адамдардан сіз жауап алып келсеңіз, қазір сізді сұқбатқа шақырады. Қандай сұрақтан қорқасыз?

 –Өз-өзімді әлі жұлдыз сезініп үлгермей жатырмын десем де болады. Күн сайын түсірілім, тракт, дайындық. Алда елдің ықыласына бөленіп жатсам, бәлкім бұл сұраққа басқаша, жауап беретін шығармын.

Әлеуметтік желідегі оқырмандардан өзіме қатысты жағымсыз пікірлер жиі келеді, оларды оқып, қазір көпшілік пікірін қабылдауды үйрендім. Сол үшін маған өзгенің әлеуметтік желідегі пікірі қорқынышты емес. Мен ешқандай сұрақтан қорықпаймын. Кез-келген сұраққа дайын сияқтымын.

-Әлеуметтік желіде тарап кеткен «Күйеу керек!» деген хайп суреттегі қыз – сіз бе?

 – Иә, мен. Бірақ, мен осы суретім, соншалықты әлеуметтік желіні жауалап, тарап кетеді деп ойлаған жоқпын. Жетінші арнада жүрген кезімде, әр бағдарламада неше түрлі эксперимент жасайтын журналист едім. Күйеуге шығу туралы тақырып болды.

Ол кезде шашым қысқа әрі боялған. Жұмыс барысында түскен сурет. Камераға постоновка ойнап, онан кейін, осы жазуды ұстап суретке түсе салғанмын. Сосын facebook парақшама жариялаған болатанмын. Сонымен тарап кетті…

– Белгілі бір уақыттарда әлеуметтік парақшаңызға «Мастер кит» жүйесі туралы жиі жазып кеттіңіз. Психологиялық қосымша сіздің өміріңізге әсер етті ме? Бүгінгі жеткен жетістіктеріңізге осы қосымшаның септігі бар ма?

 – Бұл қосымша туралы өзім дел-сал күйде жүрген кезімде естідім. Олай дейтін себебім, өзімнің «ішкі травма», бала кезден қалған өкпе-реніштермен жұмыс жасау жолдарын қарап, ізденіп жүрген кезім еді. Жаңа нәрседен мен ешқашан бас тартпаймын.

Көргім келді, байқап көрдім. Мүмкін, оның да бір септігі тиген шығар…Бірақ, тек осы қосымшамен «Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушісі болдым деуге болмас, онан бөлек те мен көптеген психологиялық ізденістер жүргізіп, кітаптар оқыдым.

– Соңғы кезде инстаграмм парақшаңызға әйелдің нәзік жан дүниесі туралы, жалпы қыздар мен жігіттерге арналған кеңестер жазып жүргеніңізді байқадым. Қоғамда бойдақтардың саны көбейіп кеткендігі сізді қатты мазалайтын сияқты?!

 –Мені көбіне 25 жасқа дейінгі қыздар оқитын сияқты. Сол үшін пайдасына тиер деген оймен жазамын. Қазір қыздар мен жігіттерде мынадай комплекс бар. Қыздар, әдетте өзін күтіп жүргенді жақсы көреді, боянғанды, әдемі киінгенді жақсы көреді.

Ал, жігіттер, сол әдемі қызды көрсе, «Ой, болды, оның жігіті бар», «Ол маған қарамайды немесе «ағашкасы бар» деген сияқты ойларды бастарына құйып алған. Яғни, жігіттердің денінде осындай қорқыныш бар. сол үшін бұл топтағы жігіттер ақымақ, аңғал, үндемейтін қыздарға үйленіп жатады.

Бүгін ойланғанмын, осы неге әдемі қыздар тұрмысқа шықпай қалып қояды деп?! Шынында да, қоғамда бар бұл нәрсе. Мен телеграмдағы каналымда жазған едім: қазақ деген – ол тұнып тұрған комплекс. Себебі, бізді сондай ата-ана өсіреді, онан туған бала да алыс бармайды дегендей …

-Эльвира сізге тек шығармашылық табыстар тілеймін. Көптің алғысын алып, рейтингі жоғары тележүргізуші болуыңызға тілектеспін.

 –Рахмет.

Оқи отырыңыз:

Қазақ қызына үйленген орыс жігіті: Қазақтың тілін, салт-дәстүрін қатты құрметтеймін

ШҚО Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланып, 400 адам эвакуацияланды

Алматылық жігіт әйгілі әншінің концертінде сүйіктісіне ұсыныс жасап, залды шулатты (видео)

Павлодарлық студенттер өрттен анасы көз жұмып, өзі ауыр халде жатқан жігіт үшін қан тапсыруға шақырды (видео)

Талқылау