Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық келіншек: Жат жерде көз жұмған бауырымның Сирияда қалған балаларын елге қайтара алмай отырмыз

Алты жыл бұрын Мысыр еліне отбасын алып, араб тілін меңгеруге кеткен қарағандылық ауған-пәкістан шекарасында белгісіз жағдайда жолдасымен бірге көз жұмған. Ал артынан қалған балалары болса Сирия мемлекетінде белгісіз біреулердің тәрбиесінде жүрген көрінеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ғанибет Тәжмағанбетова соңғы рет аға-жеңгесімен бес жыл бұрын сөйлескен. Мысырдың Александрия қаласына аттанған азамат араға жыл салып Пәкістан  жерінен бір-ақ шыққан. Содан кейін байланыс үзілген. Тек, араға 5 жыл салып Қарағанды облысының экстремизммен күрес бөлімі Ғанибет Тәжмағанбетованы шақырып,  аға-жеңгесінің және олардың үлкен ұлының көз жұмғанын жеткізген. Сондай-ақ, жат жерде Аделя есімді қызы мен  Әбдірахман деген ұлының қалғанын айтқан.

«Мен Қазақстанда осындай қиын жағдайда отырған жалғыз адам емеспін. Біз 90 отбасымыз. Сол 90 отбасының 135 кішкентай бүлдіршіндері біреуге немере, біреуге бауыр. Соларды жеткізу үшін жан-жаққа хат жазып, тізім бойынша жүгіріп жүрміз. Көп адамдар Батыс Казахстаннан. Сол аналар 1,5 жыл бұрын WhatsApp-тан чат ашқан ғой. Кім не білетінін бөліседі дегендей. Көбісі ештеңе білмейді», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ғанибет Тәжмағанбетова.

Балалардың аман-есен екенін Ғанибетке Сириядан әлеуметтік желі арқылы  хабарласқан Айдана деген келіншек жеткізген. Оларды өз тәрбиесіне алғанын айтыпты. Бексейітов Еркін мен Теміржанова Индираның шекара қайтыс болғаны жайлы құжаттан басқа нақты дәлел қазір жоқ. Бұған қоса олардың теріс ағым жетегінде кеткеніне қарындасы сенбейді. Ендігі оның мақсаты – жалғыз ағасынан қалған балаларды елге қайтару.

«Мен және 90 ананың үміті үкіметте. Қазақстан бойынша сол жақтағы біздің 135 бүдіршін он сегізге, кәмелеттік жасқа толмаған. Олар – біздің Қазақстанның азаматтары. Ол балалардың құжаттары болмаса да, біз ДНҚ арқылы дәлелдейміз. Оған бәріміз келісімімізді береміз. Мен сияқты қарындастар, менің анам сияқты аналар жылап отыр. Ол балалардың ешқандай кінәсі жоқ қой деп ойлаймын мен», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ғанибет Тәжмағанбетова.

Балалар қазір Сирия мемлекетінің Абу Кемал аумағы маңындағы Сусо деген ауылда, дейді Ғабинет Тәжмағанбетова. Оларды қайтару үшін Президент әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігі мен бірқатар жақын орналасқан мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктеріне арыз жазған. Бұл істің оңды шешілуі тым қиын дүние емес. Мамандар осындай пікірде.

«Қайтару керек. Баланың ешқандай кінәсі жоқ. Бала деген мақта сияқты ғой. Айтқанның бәрін жұта береді. Әрине, сол жерде бола тұра оған кері идеологияны тықпалады, оны қабылдады. Бірақ оны осы жаққа әкеліп түзеп алуға болады. Дұрыс жұмыс жасап бетін қайтаруға болады», – дейді тарих ғылымдарының докторы Асылбек Ізбайыров.

Ғанибет Тәжмағанбетованың қолында бар дерек бойынша кәмелет жасқа толмаған Сириядағы қазақстандық жеткіншектердің саны  – 135. Бірақ өткен жылдың соңында өткен жиында жат ағымның жетегінде кеткендердің  басы қосылған аймақта балалардың саны одан да көп екені айтылған болатын.

«Бірден айтайын, Сирия, Ирак аумағында 16 жасқа толмаған 390 бала қалып отыр. Олардың 214-і ұл, 176-ы қыз бала. Бұл аз адам емес. Біздің алдымызда көптеген атқарылатын шаруа тұр», – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Осыдан 9 ай бұрын от мен жанжалдың құрсауынан 63 бала құтқарылған еді. Тағы 50 жеткіншекті қайтаруды жоспарда болған. Егер аталған бағытта жұмыс тоқтамай жалғаса беретін болса, жат жерде жүрген жастардың аяғы туған жердің топырағына тиеді.

«Әуелі анықтап алу керек. Қанша бала бар, қандай жағдайларда қалды. Балалардың ешқандай кінәсі жоқ қой. Дипломатиялық жолмен қайтарып алуға болады. Бірінші анықтау керек оларды. Енді әртүрлі цифрлар бар да. Сондықтан ата-аналары кінәлі болған шығар. Ал енді олардың балаларының ешқандай кінәсі жоқ. Осы бағытта Сыртқы істер минитсрлігімен бірлесіп жұмыс жасауға болады», – дейді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Құшақ-құшақ құжатты бірқатар жауапты органдарға апарып, алыста қалған бауырларына арашашы болғысы келетін  Ғанибет Тәжмағанбетоваға күтуден басқа амал жоқ. Егер Сыртқы істер министрлігі мен шетелдік елшіліктер шаруаны қолға алса бәлкім сүйінші жаңалық болып қалар. Бастысы, балаларды елге әкелу. Әрі қарай теологтар мен кәсіби психологтар өз көмегін ұсынады дейді мамандар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау