Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық оранған келіншекті бүлікші деп полицияға хабарласып, басы дауға қалды

Паранжа алдындағы қорқыныш. Қарағандылық дүрліктіргішке жеті жылға бас бостандығынан айырылу үкімі кесілуі мүмкін.

150610083402_woman_in_veil_germany_vincenza_624x351_epa

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Таяу күндері байбаламшыл азамат полиция қызметкерлеріне хабарласып, мемлекеттік кіріс басқармасында лаңкестік жасау ниетіндегі әйелдің жүргенін хабарлайды. Оны үрейлендірген әйелдің үстіндегі қара паранжа еді. Қауіпті аймаққа жедел тойтару қызметі келді.

Полиция қызметкерлері, саперлер, ҰҚК қызметкерлері және жедел жәрдем телефон қоңырауы бойынша жедел мемлекеттік кіріс басқармасына жеткен. Бұған дейін мұндай жағдай орын алған емес. Полиция қызметкерлеріне жасырын нөмірден ер адам қоңырау шалып, ғимаратта әлдеқандай әйелдің лаңкестік жасамақшы екенінен хабар берген. Жедел жеткен қауіпсіздік күштері бастан аяқ қара жамылған әйелге ұшырасқан.

«Паранжа киген әйел кезекте тұрғанында әлдеқандай ер адаммен араларында кикілжің болып, сол үшін оның «менің қоңырауымнан соң сені бұл жерден жедел алып кетеді» дегендігін айтып түсіндірді. Дәл қазір қоңырау шалған азаматтың телефон нөмірі анықталды. Полиция қызметкерлері аталмыш азамат жайлы ақпарат жинап жатыр»,- дейді Қарағандылық ІІД баспасөз-хатшысы Бақытжан Құдияров.

Куәгерлердің айтуы бойынша байбаламшыл азамат қара жамылған әйелдің лаңкес екенін айтып айғайлап, ғимарат ішіндегі адамдарды дүрліктірген. Болған оқиға құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетовті де бей-жай қалдырмады. Оның айтуынша бұл әрекет – ашық арандатушылық. Ал дүрбелеңді ұйымдастырушы ұзақ мерзімге қамауға алынуы мүмкін. Заңгер дүрліктіргіш бұзған қылмыстық және азаматтық кодекстің 4 бабын санамалап берді. Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат, аса ауыр қылмыс жағдайы туралы жалған хабар тарату, тіл тигізу, бастысы – дінаралық бөлінуді қоздыру. Ал бұл қоғамды тұрақсыздыққа алып келетін қатер ретінде қаралады.

«Бұл азаматтың жеті жылға бас бостандығынан айырылуына сеп болатын ауыр қылмыс. Осы жағдайдан кейін білмегендерін айтып жыламсырайтын дүрліктіргіштерге айтарым – бұл ойнайтын шаруа емес»,-деп қосады «Гарант» шағымданушылардың құқығын қорғау қоғамының төрағасы Жасұлан Айтмағанбетов.

Қандай жағдай болса да, қарағандылық азаматтың жазадан қашып құтыла алмасы анық. Ол қоғамымызда осы күні кең етек алған «исламофобия» немесе мұсылмандардан қорқу сынды құбылыста көзге түсті. Аталмыш құбылыс әлеуметтік тәжірибелер мен әзіл ойындары үшін сүйікті тақырыпқа айналды. Өкінішті болса да, бүгінгі күн қоғамдық санада лаңкестердің осыған дейінгі әрекеттері салдарынан сақалды еркек пен ислам шарттары бойынша киінген әйелге үрейлене қараудың қалыптасқанын мойындауға тиіспіз. Өзіміз жете түсінбегеннің бәрінен қорқамыз. Бірақ мұсылмандардың сырт келбеті мен киіну ерекшеліктерінің лаңкестікке еш қатысы жоқ. Ең алдымен, ол – өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұсылман әйелі киім киісімен және жүріс-тұрысымен бөгде еркектер санасында күнәға апарар ой туғызбауы керек.

«Исламда әйел адам қолы мен бетінен өзге дене мүшесін жауып жүруі тиіс»,- дейді Қарағанды орталық мешітінің имамы, ұстаз Мұхит Жарымбетов.

«Исламдағы әйел киімі үш түрге бөлінеді. Денесімен қатар, беті мен көзі жабық болса паранжа, көзін ашық қалдырса никаб, ал беті мен қолы ашық болса хиджаб деп аталады. Ол араб тілінен «жамылғы» деп аударылады»,- деп түсіндіреді тілші Людмила Батюшкина.

Талқылау