Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда зообақ қызметкерлері контейнерлерде жұмыс істеуде 

Қарағандыдағы хайуанаттар бағының қызметкерлері контейнерлерде жұмыс істеуде. Өйткені, осыдан жарты жыл бұрын жарамсыз күйде деп танылған ғимараттың шатыры опырылып құлаған.

а

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қайта зардап шеккендер жоқ екен. Өйткені, апаттың боларын білдік деген басшылық барлық жануарларды сыртқа шығарып үлгеріпті.

Елуінші жылдары қолданысқа берілген ғимаратқа мыңға жуық жануар сияды. Әкімшілік қызметкерлердің жұмыс орны да осында. Қазір бұл нысанның сау тамтығы қалмаған. Шатыр тіреуіштері қирап, есік-терезелері жарамсыз күйде. Ал хайуанаттар бағының жетпіс қызметкері шарасыздықтан төрт контейнерде отырып, жұмыс істеуге мәжбүр.

Хайуанаттар бағындағы ғимараттың шатыры опырылып ортасына түскенде ешкім зардап шекпеген. Өйткені, басшылық апат боларын болжап білген екен. «Сондықтан былтырғы жылдан бастап қамдандық»,  -дейді. Қазір, сусиыр, маймылдар мен жүзге жуық құс көршілес ғимаратқа орналастырылыпты.

“Біз былай боларын білдік. Өйткені, бұл ғимарат осы уақытқа дейін жөндеу көрген емес. Қазір әкімдікке ақша бөлу жайлы өтініш жаздық. Жауабын күтіп отырмыз”, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Мадина Аширова.

Ал алпыс пайызы жарамсыз ғимараттың жағдайымен былтырғы жылдан бері бес саусақтай таныс билік өкілдері «жөндеуді ақшаның тапшылығынан жүргізбедік»,  -дейді. Алдағы жұмыстарға да кететін қаржыны әлі санап болмағандарын айтады. Қазір тек сметалық-құжаттама қарастырылып жатыр екен.

“Қызметкерлердің қауіпсіздігіне ақша бөлінді. Бюджеттен үш жарым миллион теңге қоршауларға бөлінді”, – дейді Қарағанды қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева.

Қазір бүтіндей бір қала тұрғындары мен қонақтарын хайуанаттардан бөлек, түрлі құстармен қарсы алатын бақтағы жөндеу жұмыстарының көпке дейін жалғасатынын шенеуніктер де растап отыр. Өйткені, қираған ғимараттың орнына жаңасы салынады деген жоспар бар. Бірақ қашан екені әзірге белгісіз.

Талқылау