Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыдағы балабақшада туберкулезбен ауыратын тәрбиеші жұмыс істеп келген

Қарағандыдағы балабақшалардың бірінде жұмыс істеп жүрген тәрбиеші туберкулезбен ауырған.

Қарағандыдағы балабақшада туберкулезбен ауыратын тәрбиеші жұмыс істеп келген

Бұл туралы eKaraganda.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

«Толағай» мемлекеттік балабақшасында 2018 жылдың 19 желтоқсанында тәрбиешіден ашық түрдегі туберкулез анықталды. Ата-аналарға бұл туралы тек 2019 жылдың 17 қаңтарында айтқан. Әкімшілік ешқандай шара қолданбады. Балабақшаны карантинге жапқан жоқ, балаларға Манту сынамасы жасалмады», – деп жазған алаңдаған ата-аналардың бірі.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар ата-аналарға бұл жағдайдың әу бастан бері бақылауда екенін айтып тыныштандырды.

«2018 жылдың желтоқсан айында тәрбиеші  аурудың клиникалық белгілеріне байланысты біздің емханалардың біріне жүгінген. Оны тексеріп, бірден облыстық туберкулезге қарсы диспансерге жатқызды. Ертесі күні мамандар ауру ошағында болып, яғни оның отбасын тексерді. 21 желтоқсанда балабақшада болып, оның 30 баладан тұратын тобын тексеріп шыққан. Бүгінде 22 бала туралы мәлімет бар. Олар сау. Ал қалған 8 бала туралы мәлімет бейсенбіде шығады. Балабақшада желшешекке байланысты карантин жарияланғандықтан, тексеріс кеш басталды», – дейді ведомствоның басшысының орынбасары Асқар Хорошаш.

Сонымен қатар ол тәрбиешінің балабақшада туберкулездің ашық түрімен жүргені туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Ол ауырғаны туралы қағаз алып, демалыс алғаннан кейін ғана бактерия бөлінуі пайда болған. Егер бактерия бөлінуі болмаса, біреуге жұқтыру мүмкін емес», – дейді ол.

Сонымен қатар Асқар Хорошаш тәрибешінің диагнозы неліктен ата-аналардан жасырылғанын түсіндірді.

«Дәрігерлік құпия деген түсінік бар. Мұндай мәліметтерді жариялауға «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен тыйым салынған. Сондықтан ата-аналарға әлдекімнің ауырғаны туралы хабарламауы керек болды. Манту сынамасын жасар алдында әр ата-анадан эпидемиялық жағдайға байланысты балалардың тексеруден өтетіні туралы қолхат алынып, олар қол қойып берді», – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары.

Анықталғандай, балабақшадағы балалардың бірінің ата-анасы педагог барған емханада жұмыс істейді екен. Ол тәрбиешінің дерті туралы біліп, бұл ақпаратты әлеуметтік желіде таратып жіберіпті. Бүгінде осы жағдайға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Егер аталған факт расталса, оған тәртіптік жаза қолданылады.

Ал педагогтың өзі бұл туралы білгеннен кейін сотқа жүгінгелі отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау