Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда ауласынан қарын шығармағандар жаппай жазаланып жатыр

Қарағандыда ауласының қарын қала сыртына шығармағандар жаппай әкімшілік жазаға тартылып жатыр. Жергілікті Мәслихат депутаттары қабылдаған қаулыдан кейін бұл іске жергілікті полиция білек сыбана кіріскен. Жазаланғандардың дені кәсіпкерлер мен пәтер иелері кооперативтері.

каррр

Қаулы бойынша ауласындағы қарын қала сыртына әкетпеген кез-келген мекеменің барлығы жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ кәсіпкерлер мен тұрғындар тек әлсіздер жазаланып жатыр дейді.

Кәсіпкер Николай Абт өзі де бұрын Мәслихат депутаты болған. Сондықтан қабылданған қаулылардың миға қонымдысы мен жоғын айыра біледі. Қазір көптеген әріптестерінен түскен арыз шағымдарды естіп, ережені қарап шыққан. Түсініксіз тұстары көп екенін бірден айтты.

«Егер қарды тазаламай, оны таптап тастасақ депутаттар қабылдаған қаулыға кереғар емес. Ал егер сіз жолдағы қарды тазалап бір жаққа ысырып тастасаңыз, мысалы, ағаштардың түбіне қарай, дәретханаға баратын жолды аштыңыз делік. Бітті, жазаға тартыласыз»,-дейді кәсіпкер Николай Абт

Кәсіпкерлер қарды мынадай тау қып үйіп тастағандарды жазаға тарту орынды дейді. Өйткені қаланың қақ ортасындағы аузы мұрны жоқ отауды ешкім жақтырмасы анық. Арнайы қаулы қабылдағанда депуптаттар осынындайды меңзесе керек.

Ал, әкімшілік полиция қызметкерлері шағын дүкендер мен тұрғын үй аумағын аралап кеткен. Ысырылып тастаған қар болса пәтер иелері кооперативтерінің басшылары жазаға тартылады. Олар бұған қарсы емес, дегенмен қалың түскен қармен алысып жатқанда құзырлы орган айыппұл салуға асықпаса дейді.
«7 камаз қар шығаруға 200 мың теңгедей қаржы кетті. Қарды шығарып үлгере алмай жатсам, келіп 45 мың теңге айыппұл салды. Мән жайды тыңдамайды. Тұрғындардан ақша жинау да өте қиын»,- дейді пәтер иелері кооперативінің төрағасы Дмитрий Семенов
Дегенмен тексерушілердің тісі мемлекеттік мекемелердің ешқайсысына батпайтын сыңайлы. Мысалы, ережеге сай келмейтін қар үйінділері облыс әкімдігі алдындағы шыршалардың түбінде көптеп кездеседі. Білім басқармасының кіре берісінде де төбешіктер тұр. Тіпті, әкімшілік полицияның өзі күніне мың кіріп шығатын облыстық ішкі істер департаментінің ауласы да аузы мұрны қарға толып жатыр.

Талқылау