Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының әкімі қанша жалақы алатынын айтты

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың айлық жалақысы 967 мың 672 теңгені құрайды. Міндетті салықтық шегерімдер мен аударымдарды есептегенде, облыс басшысының қолға алатын жалақысы – 786 мың 642 теңге, деп хабарлайды Қарағанды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Ерлан Қошанов

Ерлан Қошановтың айлық жалақысы ҚР Үкіметінің мемлекеттік саяси қызметкерлерге еңбекақы төлеу туралы қаулысына сәйкес есептеледі. Қаулы бойынша қызметкердің мемлекеттік қызметіндегі еңбек өтілі де ескеріледі. Өз кезегінде Қарағанды облысының басшысының еңбек өтілі 20 жылдан асады. Сәйкесінше, оның айлық жалақысы – 967 мың 672 теңге. Ал міндетті салықтық шегерімдер мен аударымдарды есептегенде, ай сайын қолға 786 мың 642 теңге көлемінде жалақы алады.

Өңір басшысының сөзінше, ол өзіне сыйақы мен қосымша төлемдер жазбайды және алмайды екен. Ал аппарат қызметкерлері мен басқа да мемлекеттік қызметкерлер қаржыны үнемдеу есебінен сыйақы алады.

«Мен адам жақсы жұмыс істесе, мұндай артықшылықтар беріп отырғанды құптаймын», – дейді Ерлан Қошанов.

Өз сөзінде облыс әкімі жалақысын қайда жұмсайтынын айтты. Қошановтың сөзінше, оның отбасылық бюджетпен айналысуға уақыты жоқ. Сондықтан бұл міндетті жұбайына тапсырған көрінеді.

«Көптеген отбасыдағыдай, негізінен қаражатымыз азық-түлікке, коммуналдық қызметтерді төлеуге, үйге қажетті заттар мен киім алуға жұмсалады. Және қажет болған жағдайда, емделуге кетеді»,- деп қорытындылады Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы айлық жалақысының көп не аз екендігі туралы сұраққа жауап беріп өтті.

«Маған айлық ақымды мемлекет тағайындайды және төлейді. Есептеулер заңнамалық нормаға сай жүргізіледі. Сондықтан менің аз немесе көп алам деген жеке пікірімді білдіру әдепсіздік болар. Егер мен жекеменшік секторда жұмыс істесем, ол жерде мен жұмыс берушіме өз пікірімді және позициямды айта алар едім. Алайда мен мемлекеттік қызметкер болғандықтан, мұнда, тағы қайталап айтайын, өз жеке пікірімді ортаға салу әдепсіздік болады. Маған және менің жұмысыма бағаны президент пен облыс тұрғындары береді», – дейді Ерлан Қошанов.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау