Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының әкімі Ақтөбедегі лаңкестік әрекетке байланысты қырағылық танытуға шақырды

Қарағандының облыс әкімдігіндегі аппарат кеңесі үнсіздік минутымен басталды.

вмвм

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

“Кеше Ақтөбеде қандай оқиғалар болғанын білесіздер. Лаңкестердің қолынан адамдар қаза тапты. Оларды үнсіздік минутымен еске алайық”, – деді кеңесті ашқан облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков.

Аймақ басшысы тұрғындарға үндеу жариялауды қажет деп санайды.

“Ақтөбе облысындағы әріптесіміздің (Бердібек Сапарбаев – ред.) үлгісімен тұрғындарға қырағылық танытып, лаңкестік әрекеттерді даярлау туралы ойға итермелейтін қандай да бір күдіктер туралы хабарлап отыру туралы үндеу дайындау қажеттілігі бар деп ойлаймын. Бұл оқиғалар бір жағынан, жағдайдың қадағаланып отырғанын, және елеудің нақты механизмі бар екенін, бірақ, басқа жағынан алғанда, қырағылық таныту қажет екенін тағы бір рет көрсетті”, – деп атап өтті Н.Әбдібеков.

Ол атқарушы органдардың қызметі жұмыс режимінде жалғастырылып отырғанын қосып өтті.

Еске сала кетейік, 5 маусым күні Астана уақыты бойынша 15:45-те Ақтөбедегі “Паллада” қару-жарақ дүкеніне белгісіз біреулер шабуыл жасап, дүкеннің сатушысын және “Жедел Күзет” күзет агенттігінің қызметкерін өлтірген. Бұдан бөлек оқиға орнына келіп жеткен үш полицейге оқ атып, жарақаттаған. Сондай-ақ, “Пантера” атты қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, келушілердің бірін өлтіріп, екіншісін жаралаған. Бұл жерге келіп жеткен полиция нарядымен арада атыс болып, үш қылмыскердің көзі жойылды, біреуі қолға түсті.

Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуыл жасау үшін содырлар бағдарлық автобусты жүргізуші мен жолаушыларды шығарып жіберіп, басып алған. Кейін автобуспен әскери бөлім дарбазасын соғып кіріп, көзге көрінген адамды ата бастаған. Солайша үш әскери қызметкерді өлтіріп, алтауын жаралаған. Кезекші қарауыл қару қолданып, қылмыскерлердің бетін қайтарған. Оқиға орнына жеткен полиция нарядымен бірлесе олар бір содырды өлтіріп, екіншісін жаралаған және қолға түсірген.

Жалпы, Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде 4 содырдың көзі жойылып, 7-еуі қолға түсті. Оның екеуі жараланған. Қазіргі кезде қалған қылмыскерлерді табу үшін барлық амалдар жасалып жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, шабуылды теріс ағымдағы дін ұстанушылар жасаған. Ақтөбе қаласында антитеррорлық операция режімі жарияланды. Ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды.

Бұған дейін бірқатар саяси сарапшылар аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қала әкімі Бердібек Сапарбаев халықты сабыр сақтауға шақырған болатын.

Талқылау