Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының әкімі халыққа ағылшын тілінде есеп берді

Халықпен кездесуде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков әдеттегі ресми тілін қойып, ағылшын тілінде есеп берді. Ол үш тілді меңгеріп жүргенін дәлелдегісі келді ме, әйтеуір, елбасының тапсырмасын орындап жатқанына бір мақтанып алды.

11096246

Сурет Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Бұл туралы Stan.kz сайтының Қарағанды облысындағы тілшісі хабарлайды.

Екі жылдан бері су тасқынынан көз ашпай келген Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков: “«Нұрлы жол», «Ақ бұлақ» секілді бағдарламалардың арқасында өңіріміз даму үстінде” деп бастады өзі сөзін. Өндірістік өңірде жыл сайын табиғат апаты болса да, өндірісі өрлеп, 6,8 пайызға артыпты.

«Индустриаландыру картасы аясында 94 жобаның 68-і бірдей жүзеге асты. Нәтижесінде бес мың жаңа жұмыс орындары ашылды»,-  деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Мінберде екі жарым сағат тұрып есеп берген әкім, былтыр аймақта 2580 отбасы баспаналы болғанын айтты. Жетімдер үйіндегі алпыс алты сәби отбасылы болыпты. Ал, ҰБТ 79,6 пайызмен алдыңғы жылдардан алға жылжыдық деп мақтанды. Жастарға ерекше назар аударылып, «Дипломмен ауылға» жобасы да қарқынды жүзеге асып жатқан көрінеді.

Ауылды мекендерге 121 жас маман қызметке кірісіпті. Ал, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында түрлі орталықтар ашылып, ағылшын тілі бойынша да тәлім алатын жастар көп дейді. Облыс тұрғындарының 4 пайызы үш тілді меңгерген деген басшы, өзі де аяқасты өзге тілде есеп бере кетті. Бұнысы қараша халық түсінбесін дегені ме, әлде үйреніп жатқанын дәлелдегісі келгеніме ол жағы беймәлім.

Ал, 2014 жылы Көкпектісі, 2015 жылы елу елді мекені суға кеткен өңір еліміздің бас құтқарушысының қатаң қадағалауында екен. Әдетте халыққа тасқыннан соң төбе көрсететін ҚР ІІМ орынбасары Божко мырза Қарағандыға көктем шықпай екі рет келіп, алдын алу жұмыстарын пысықтап кетіпті.

Басшы биыл елдің тасқын үшін еш алаңдамауын сұрады.
Онлайн режимінде бүкіл аудан қалалардан әкімге қояр сұрақ тоқтамады. Әсіресе, үш айдан бері үйлерінде жылусыз отырған теміртаулықтар артық шығындалып жатырмыз деп шуласты. Ал, бірде бір балабақшасы жоқ жезқазғандықтар «Балапан» бағдарламасы біздің маңаймызға әлі жуымай жатыр деді.

Сонымен, екі жарым сағаттық жиында облыс әкімі нақты үш кісіге уәдесін берді. Біріншісі, Шахтер көшесіндегі ауласын көруге шақырған қала тұрғынына бару, екіншісі – бір жылдан бері тиісті ақшасын ала алмай жүрген регресшілердің жиынына бару. Үшіншісі – Жезқазғанда балабақша ашылса, тұрғындарды арнайы барып құттықтау.

Талқылау