Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында бір отбасы Сирияға кетуге мәжбүр

Қарағанды облысында қазақстан азаматы Сандуғаш Раисованың отбасы Сирияға қайта кетудің аз-ақ алдында тұр. Оның бес баласы мен Сирия азаматы болып саналатын күйеуінің босқын статустары созылмаған.

Безымянный

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қазақстанда тек анасы ғана қала алады. Бірақ, әйел балаларын қайнаған қанды соғыстың ортасына жібергісі келмейді.

Иядудың жасы төртте. Соған қарамастан ол соғыстың не екенін жақсы біледі. Өз отаны Сирияда төмендеп ұшқан ұшақтан қатты қорқып, сөйлей алмай қалған. Баланы жарты жылдай емдеген соң барып, тілге келген. Ол ата-анасымен бірге қашып, жеркепеде тұрған. Енді ұзақ уақыт тыныш жерде өмір сүргеннен кейін, оған қайтадан соғыс қимылдары жүріп жатқан өлкеге қайтуға тура келмек.

Отбасы “Қызыл жарты ай қоғамына” БҰҰ көмегі арқылы келген. Желтоқсан айында жоғарғы басқарма комиссары Қазақстандағы босқындар үшін 30 мың теңге бөлген: 20 мыңы Ясерге, ал әр бес балаға 2 мың теңгеден. Қазірді комиссариаттың өзінде ақша жоқ. Мүмкіндігінше адамдар оларға азық-түлік, тұрмыстық заттар әкеліп көмектесіп жатыр.

“Бұл бағдарлама өткен жылы аяқталды. Бір-екі айға тағы созылуы мүмкін, бірақ, әлі белгісіз. Біз қазір өтініштер қабылдап, Алматыға жіберіп жатырмыз. Алайда, бұл өте ұзаққа созылады”, – дейді ҚР “Қызыл жарты ай қоғамы” облыстық филиалының директоры Марғұлан Сыздықов.

Сандуғаш Раисова – қазақ, Ясер – Ализиддин – сириялық. Олар 1997 жылы үйленіп, Сирияға кеткен. Онда күйеуінің дүкені, көлігі, жеке шаруашылығы, жері болған. Екеуінен бес бала дүниеге келеді. Алайда осы екіарада дүрбелең басталып кетеді.

Олар мүліктерінің бәрін сатып, ауылға қашады. Бірақ, соғыстың ұзын құрығы ауылға да жетіп олардың қалған-құтқан заттарын тартып алып, тіпті Ясердің өзін қатарларына қосып алғылары келеді. Сосын жеркепеде өмір кешуге тура келеді. Сандуғаштың әпкесі Алмагүл Сирия елшілігіне бірнеше мәрте хат жазды. Отбасы Қазақстанға көшіріліп, Ясер мен балаларына босқын статусы берілген. Алайда, ол мерзім 25 наурызда аяқталады. Демек, Қазақстанда тек Сандуғаш ғана қалуға құқылы.

“Егер олардың босқын статусы созылмайтын болса, мен қалайша мұнда қаламын? Менің балаларым менен басқа кімге керек? Қайын атам мен енем – кәрі кісілер. Олар сусыз, жарықсыз жер астында тұрып жатыр. Олар бізге оралмай-ақ қойыңдар дейді. 12 жастағы қызым үшін алаңдаймын, оны террористер әйелдікке алып алуы мүмкін”, – дейді Қазақстан азаматы, Ясер Ализиддиннің жары Сандуған Раисова.

Қазақстанда тұрақты өмір сүру құқығына ие болу үшін Ясер мен оның балаларының әрқайсысының есебінде 2 миллион 600 мың теңгеден болу шарт. Ондай ақша соғыстан қашып жүрген отбасы да жоқ. Тіпті ондай ірі ақшаны Қазақстандағы туыстары да жинап бере алмайды.

“Маған Қазақстан ұнайды. Әйелімнің туыстарына алғыс айтамын. Бірақ, олар қазір бізге көмектесе алмайды. Айыппұл төлеуге де қаржы жоқ”, – дейді Сирия азаматы Ясер Ализиддин.

Отбасы мәселелерін шешу үшін бірнеше мәрте сотқа арызданған. Өкініштісі өтініштерін қабылдамаған, ал отбасының адвокат жалдауға қалталары көтермейді. Бар үміті тек қазақстандықтарда.

Талқылау