Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында қалың қардан жұрт үйлерінен шыға алмай қалды

Қарағанды облысының жолдарында ақтүтек боран мен көктайғақтан көліктердің қозғалысы қиындап жатыр. Арқаны тегіс жайлаған бұрқасын ауыл тұрғындарының да тірлігін тұралатты, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Безымянный

Кейбірі неше күннен бері елді мекендерінен шыға алмай қиналуда. Жылдағыдан ерекше түскен қар  баспаналарын да көміп тастаған. Тау боп үйілген ақ ұлпамен алысқан жұрт, бұл ерісе былтырғыдай топан су тағы баса ма деп қауіптенеді.

Қаладан бірнеше шақырым шыға берісте көктайғақтың көкесі мен ақтүтектен қарға адым жер ғана көрінеді. Ұйытқыған ақұлпадан көз байланатын тұста, жолдан шығып кеткен машиналардың дені – жүк көліктері мен автобустар.

Көліктің көбі айнадай жол үстінде соққан желмен салмағын ұстай алмай ыға берген. Жүргізушілер жолда табан тірер тірек болса мұндай масқарамыз шықпас еді дейді.

“Көктайғақта жоғары қарай шығу қиын. Осындай жерлерде рөлге ие бола алмай кеттік. Жолға құм себілмеген. Көзбояу қып мынадай төмпешіктерді үйіп кете салған. Арасында тұзы жоқ”, – дейді көлік жүргізушісі Леонид Голуненко.

Көлік атаулының көбі тас жол маңындағы ауылдардан да шыға алмай жатыр. Үкіметке иек артуды қойған ауылдағы ағайын тас жолдағы қарды өздері күреп әлек. Бірақ ауыр техника бір айналып келгенше тазаланған жердің қары тізеден келіп жатыр.

Жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай жатқан тұста, ауыл жұртының алысатыны – биыл түскен қар. Тау боп үйілген ақұлпадан баспананың алдын аршумен әлек.

“Биыл өте қиын болды. Былтырғыдан жаман. Қораға кіре алмаймыз. Аулада жүру өте қиын. Көктемде қалай болады? Көмек бола ма, болмай ма, білмейміз”, – дейді Бұрма ауылының тұрғыны Оралбек Рахметов.

Қарағанды-Жезқазған тас жолында қас қарайса да, күндіз тұралаған көліктер сол қалпы тұр. Жалғыз жеткен арнайы техниканың тірлігі өнбейді. Ол тіпті жолаушылары жаураған автобусты орнынан қозғай алған жоқ.

“Осыдан бір ай бұрын жолдарды жапқан көктайғақта «Қазавтожол» жұмысы қатты сынға алынған еді. Тіпті Қарағанды филиалының бастығы да жұмыстан қуылды. Бірақ бұдан ешкім сабақ алмағанға ұқсайды. Ал былтыр жүрген топан судан жақсы сабақ алдық деген билік көктемге дайындықты ширатып жатырмыз дейді”, – дейді.

Талқылау