Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында үздік түлекке Европаға тур жасайтын сертификат табысталды

Бүгін Қарағандыдағы “Ариста” мейрамханасында дарынды балаларға арналған әкім балы өтті. Шараға үздік түлектер, республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары қатысты.

4141

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Облыстың түкпір-түкпірінен 200 түлек вальс билеп кеш сәнін келтірді. Сәнді киінген жігіттер мен қыздар шара ажарын ашты. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрмұханбет Әбдібеков түлектерге сәттілік тіледі.

“Сіздер еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толғанда мектеп бітіріп отырсыздар. Бұл тарих үшін аз уақыт болғанымен, өмір үшін үлкен кезең. Біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Біз талантты балаларымыздың армандаған мақсаттарына жететініне сенімдіміз. Сіздердің шабыттарыңыз бен мүмкіндіктеріңіз әлемді жақсы жағына қарай өзгертеді. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін, өз еліңіздің патриоты болыңыздар!, – деді облыс басшысы.

99999

Республикалық және халықаралық түрлі байқаудың жеңімпаздарын марапаттау бұл шараның ең бір салтанатты сәті болды. Облыс бойынша 121 түлек “Алтын белгі” иегерлері атанды. Оның арасында қазақ-түрік лицейін тәмамдаған Тілепберген Әбішев 125 балл жинаған. Облыс әкімі оған медальмен қатар Европа қалаларына саяхаттайтын арнайы сертификат ұсынды.

Халықаралық олимпиада мен сайыстардың жеңімпаздарына “Жас дара” медалі табыс етілді. Ал Мәскеуде өткен халықаралық химия пәнінен өткен олимпиадада 2-орын алған Мұрат Тишқұлға облыс әкімі “Отан” қолсағатын табыстады. Ал келесі жылдары мектеп қабырғасынан түлеп ұшатын талантты балаларға “Аманат” статуэткасы салтанатты түрде табыс етілді.

4545455

Сонымен қатар, барлық түлектер арнайы спорттық сертификаттармен, ал олардың ата-аналары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ресми бөлімі аяқталған соң мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Облыс түлектері Евразия ұлттық университеті, Сүлеймен Демирел университеті, ҚарМУ, Fontys (Голландия), Solfridge, Unist (Оңтүстік Корея), Yale Univesity, Рью Хэйвен, Коннектикут (АҚШ), МГУ им. Ломоносова (Мәскеу) секілді беделді жоғарғы оқу орындарының студенттері атанды.

Талқылау