Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды дәрігерлері АИВ (ВИЧ) мен ауыратын жүкті әйелді заңмен қорқытып, емделуге көндірген

Қарағандыдағы облыстық ЖИТС (СПИД) орталығында дәрігерлер  АИВ (ВИЧ) мен ауыратын жүкті келіншекті емделуге көндірген. Науқас вирусқа қарсы екпе мен дәрілерді қабылдаудан мүлде бас тартқан. Бұған дейін келіншекке нәрестенің АИВ (ВИЧ) дертімен туылатыны да ескертілген.

беременная

Бұл туралы nv.kz сайты жазған.

Тіпті орталық заңгерлері бұл келіншекті заң алдында жауап беруге мәжбүрлемекші болған. Ол «Өзгеге ЖИТС, АИВ дертін біле тұра жұқтырды» деген айыппен 20 АЕК айыппұл төлеп немесе  қоғамдық жұмысқа тартылу болмаса 60 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Осындай ескертулер мен қорқытулардан кейін барып келіншек дәрі қабылдауға келіскен. Жақында дәрігерлерді әуреге салған келіншек баласын дүниеге әкелді. Бір қарағанда балақайдың денсаулығы жақсы көрінеді. Дегенмен, дәрігерлер нәрестенің бойындағы АИВ бір жас жарты жылдан кейін жүз пайызға білінетін болады деп отыр.

«Ол соңғы уақыттары дәрі қабылдауға келісті. Әрине жауапқа тартылатынын білгеннен кейін. Негізінен арнайы дәрі-дәрмекті мұндай жағдайда 14 аптасынан бастауы керек. Келіншек ішіндегі балаға 20 апта болған кезде дәрі қабылдап бастады. Қазірге баланың бойындағы дерт біліне қойған жоқ. Шешесіне нәрестені емізуге тыйым салынды. Себебі ана сүті арқылы ауру балаға жүз пайыз өтеді. Сондай-ақ, бала анасының дертін жұқтырмағн болуы мүмкін деген де үмітіміз бар»,-дейді «Облыстық ЖИТС орталығының» баспасөз хатшысы  Светлана Могай.

Осы мәселеге қатысты қарағандылық ЖИТС орталығы сот көмегінен бас тартты. Заңгерлер мұндай шешімге келіншек өз қателігін мойындағаннан кейін барғанын айтып отыр.

Орталық мамандары Қарағандыда жыл санап осыбір дертке шалдығатындар саны көбейіп жатқанын дабыл қаға отырып ескертеді. 2016 жылдың 1 сәуірінде 4 415 адам АИВ 920 азамат ЖИТС дертіне шалдыққаны бойынша  тіркеуге алынған. АИВ дертін жұқтарғандардың арасында балалар да бар.

ЖИТС орталығының психологы  аты жаман дертпен ауыратындардың бұрынғыға қарағанда әлеуметтік тұрғыда ауқымы өскенін айтады. Мысалы бұрындары нашақорлар мен жезөкшелер, сотталғандар ауырса, қазір қарапайым адамдар да бұл дертпен көптеп ауырып жатқан көрінеді. Науқастардың арасында  белгілі дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері мен кәсіпкерлер, тіпті шенеуніктер де бар екен.

«Атап өтетін жайт қазір АИВ мен ЖИТС ауруын жұқтырған адамдардың арасында өмірінде ішімдік ішіп, нашаны қолданып көрмегендері бар. Қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындар көп. Қарағандыда  Бұхар-Жырау мен  Нұринск ауданының тұрғындары осы дертпен көптеп ауырады»,-дейді Динара Балғымбекова.

Психолог жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуінен төнетін қауіптің көп екенін айтады. Ата-аналар баласынан ондай дүниені күтпегендіктен алдын ала ақыл айтып үлгермейді дейді маман.

«Біз отбасында АИВ ауруы жайлы айтуымыз керек. Ұят көретін ештеңесі жоқ. Бұл уақыттың талабы. Жастар қауіптің алдын алмағандықтан үйленген кезде, оған дейінгі кездейсоқ қатынастардан жұқтырып жатады»,-дейді Балғымбекова.

 

Талқылау