Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда жасөспірімді аялдамада пышақтап кеткен: Кінәлі қамауға алынбады

Қарағанды қаласында ішімдік ішіп алған екі ер адам 16 жастағы бозбалаға жабылып, пышақ жарақатын салды. Жолаушылар аялдамадағы төбелесті видеоға түсірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Вечерняя Караганда" сайтының Telegram-арнасы.

Видеода бозбаланың күрес әдісін жақсы меңгергенін анық байқауға болады. Ол алдымен бұзақының біреуін аяқтан ұстап, жерге құлатса, екіншісін көтеріп алып, артына қарай лақтырған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірім олардан боқтамауын және өздерін дұрыс ұстауын өтінген. Алайда жауап ретінде 23 және 36 жастағы екі ер адам жасөспірімді соққыға жыққан. 

Бірақ зардап шеккен Темірланның анасы Telegram-арна әкімшілерімен байланысқа шығып, ұлы төбелес кезінде үш жерден пышақ жарақатын алғанын айтқан. Біреуі басына, біреуі кеудесіне және тағы біреуі қолына тиген. Қолындағы жараны тігуге тура келіпті. 

"Құдайға шүкір ер адамдардың біреуі аяғын әзер басып тұрған. Соның арқасында балам аман қалды. Әйтпесе не болар кім біледі", – дейді Темірланның анасы Айсұлу Матаева.

Әйел оның ұлы аялдамада тұрған кезде екі жігіттің келгенін айтқан. Олар әдепсіз мінез-құлық танытқаннан кейін 16 жасар Темірлан өздеріне лайықты әрекет етуді өтінген. 

Ер адамдар жасөспірімді өз аттарымен, осы жердегі белді адамдар екенін айтып қорқытқан. Бірақ жас жігіт оларды танымайтынын айтқан. Содан кейін төбелес басталып кеткен. Куәгерлердің ешқайсысы жанжалға араласуға тырыспапты.

Жасөспірімнің анасы кінәлі адамның бостандықта шыққанын айтады. 

Ал Қарағанды облысының полиция департаменті "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

Талқылау