Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда ер адам туған қызын кепілге алды: ІІМ оқиғаның мән-жайын айтып берді

Қарағандыда өзінің туған қызын кепілге алған ер адамның оқиғасының мән-жайы айтылды. 34 жастағы тұрғын мұндай әрекетке отбасылық жанжалдан кейін барған. Бүгінде аталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі терегу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағандыда ер адам туған қызын кепілге алды: ІІМ оқиғаның мән-жайын айтып берді

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағандыда ер адамның туған қызын кепілге алғанын хабарлаған едік. Ол отбасылық жанжалдан кейін туыстарын үйден қуып шығып, баласын өлтіретінін айтып, сес көрсеткен. Оқиға орнына жеткен полицейлер баланың өміріне қауіп төнгенін байқап, келіссөз жүргізуді бастаған.

«Полиция қызметкерлерімен оқиға орынына азаматтың туысқандары шақыртылса да, олардың баланы босату туралы өтініштері де қанағаттандырылмады. Арада біршама уақыт өткен соң ол автокөлік талап етіп, қаладағы орталық мешітке баратынын айтты. Полицейлер оның талабын орындады. Пәтерден күдікті бір қолына қызын, бір қолына баланың мойынына тіреген пышақ ұстап шықты. Автокөлік арнайы ілеспе көліктермен мешітке бағыт алған мезетте, барар мекенжайға жедел қызметтер топтастырылып, мешіттің айналасы қоршауға алынды», - делінеді хабарламада. 

Ер адаммен келіссөз жүргізуге тәртіп сақшыларымен қатар имам да араласты. Алайда ер адам қызының мойнына пышақ тақаған күйде келісімге келмеген. Артынша ол өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Осыдан кейін полицейлер оны баланы босатуға көндіріпті.

«Шапшаң іс-қимыл танытқан полицияның арнайы жасақ қызметкерлерінің арқасында азаматтың тұтқындағы баланы босатқан бойда өз-өзіне қол жұмсау әрекеті орын алмады. Күдіктіні ұстау кезінде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және азаматтың назарын аударып, жедел ұстау операциясын тиімді өткізу үшін полиция қызметкерлерімен бос патронды табельдік қару қолданылды», - дейді ІІМ-дегілер. 

Ер адам ұсталғаннан кейін полиция бөліміне жеткізілген. Оның әрекетінің салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Бүгінгі таңда аталған факті бойынша ҚР ҚК 261-бабының 2-бөліміне сәйкес (Адамды кепілге алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Талқылау