Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қар көшкінінен қаза тапқандардың жақындары жайсыз хабарды телеарнадан естіген

Жамбыл облысында қар астында қалып қойып, төтенше жағдайға тап болған жауынгерлердің жақындары,  балаларының тірі-өлісін жұма күнгі түн жарымға дейін біле алмай қиналды.

lavina-180217

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Жайсыз хабарды олар тек телеарнадан естіген. Жанын шүберекке түйген ата-аналар, түнімен мәйітхана мен әскери госпитальдің алдын торуылдап жүрді.  Ал жауаптылар жүздестірмек түгілі, зардап шеккендер жайында жақ ашпады.

Қар астында қалған жауынгерлер Таразға жеткізілді дегенді естіген ата-ана бірден әскери госпитальдің алдына жедел жетті. Барлығының тілеуі бір. Тірі қалғандардың тізімінен баласының есімін есту. Бірақ қоршауға алынған госпитальға ешкімді аяқ бастырмады.

Жарақат алғандардың жақындары жағдайды білмей жай таппасын түсінсе керек,  кешігіп іштегі сегіз жауынгердің тізімі оқылды.

“Жағдайын айтпай жатыр ғой. Бес сағат болған қардың астында жатқанына”.

Баласын өлдіге қимаған ата-ана госпитальда жатқандардың ішінде жақындары болмаған соң, амалсыз жылай мәйітханаға ағылды.

Бауыр еті баласын, асыл жарын, әкесін жоқтап жылаған жұртты жұбату оңай болмады.

Қар көшкінінен қаза тапқан жеті сарбаздың мәйіті таң сәріде өздері қызмет еткен әскери бөлімге жеткізілуі тиіс-тін. Сол жерден сарбаздардың мәйіттері туған ауылдарына жөнелтілуі керек. Алайда Батыс-Қытай, Батыс Еуропа көлік дәлізінен он шақырым жерде ғана орналасқан әскери бөлімге жету мұң боп тұр. Қар күреу жұмыстарына бір түйір техника бөлінбегендіктен, сарбаздардың өздері күрекпен аршуға мәжбүр.

Осылайша онсыз да қайғыдан қабырғасы қайысқан ата-ана ертесі әскери бөлімге жете алмай, жарым жолда аязда қаңтарылды да қалды. Мәйіт тиелген көліктер де қар құрсауындағы кептелісте тұрды. Ал жол талғамайтын көлік мінген төтеншеліктердің бар көмегі төбеде отырып тамашалаумен шектелді. Жергілікті билік күллі қазақ елінің қабырғасын қайыстырған жағдайды біле тұра жолды аршымағаны көптің ызасын келтірді. Болмаса әскерилер әкімдікке жолды ашуды айтқан екен.

“Жол жабылып қалған, енді өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қорғаныс министрілігінің қарамағына жалпы жолдарды тазалау кірмейді. Біз тек қана ТЖ-да ғана. Өздеріңіз білдіңіздер”, – дейді ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мқхтаров.

Таң азанда жетуі тиіс мәйіттер әскери бөлімге түс әлетінде әзер жетті.

Қарулас жолдастары салтанатты жағдайда қоштасып, мәйіттерді туған жерлеріне аыл шықты. Апаттан аман қалған Айбек болған жайтты қорқынышпен баяндайды. Олар осы жылы Ресейде өткізілуі тиіс халықаралық әскери ойындарға дайындықтарын пысықтап жатқан. Айтуынша жаттығуын аяқтап қайтпақ болған. Керілген арқанды алуға екі сарбаз жоғары шығып кетеді. Төбедегі сол қос азамат төмендегілерге алғаш қар көшкінін айтып, дабыл қағып үлгеріпті.

“Басы жай келді де аяқ жағы гүрілдеді. Менің өзім тауға шығып бара жатқанда қысым қысып. Ненің таудың, қардың қысымы қысады ғой адамды. Сегіз метрдей болады ғой қардың қалыңдығы. Соның астында он адам тірі қалды, жетеуі қаза тапты. Бәрібір жерде екен. Круг болып отырып қалған ғой бәрі, – Таулы егер ротасының командирі Айбек Еділбаев.

Қаруластарының қай аумақта қар астында қалғанын төбеде арқан шешуге кеткен жауынгер көрсетіп берген. Осылайша жауынгерлер қар астында бес сағат бойы жатуларына тура келген. Қазір оқу  -жаттығудың кіммен келісілгені және жағдайдың қалай болғаны жайында тергеу жұмыстары басталды. Айта кетейік 91678 бөлімі таулы аймаққа арналған еліміздегі жалғыз таулы орманшы полк.

Талқылау