Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қандай ұятсыз адамсыз: Талдықорған әкімінің орынбасары көмек сұрап келгендерді ұялтты

Талдықорған қаласының шет жағында тұратын тұрғындар 10 жылдан астам уақыт бойы жарықсыз, сусыз, жол мен көліксіз күн кешіп келеді. Жергілікті билік тек уәде беруден әрі аса алмай отыр, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қандай ұятсыз адамсыз: Талдықорған әкімінің орынбасары көмек сұрап келгендерді ұялтты

Жұмаділовтер отбасы Ынтымақ аулынан үй салып алғаннан кейін, су мен жарық жоқ екенін біліпті. Айжан екі баласы және мүгедек күйеуімен еш жағдай жасалмаған өңірде қиын жағдайда өмір сүруде.

«Біздің бұл жерде тұрып жатқанымызға 11 жыл болды. Әлі күнге дейін жарық пен су қоса алмай отырмыз. Осы жылдар ішінде әбден қиналып біттік. Заңды тұрғыда жарық қосқымыз келеді. Алайда бізге трансформатордың ескі екенін, жарық қосқанымызды көтере алмай, өрт болуы мүмкін екенін айтуда. Бұл трансформаторды әкімдік уақытша орнатып берген. Бағаналар мен сым тәрізді басқа жабдықтарды тұрғындар өз ақшасына сатып алды», – дейді Айжан Жұмаділова.

Тұрғындар Талдықорғанның сыртына 10 жылдан аса уақыт бұрын үй салып, тұра бастаған. Тізімде кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін 6 сотық жер телімі берілген. Ықшам ауданда үйлер тұрығызыла бастағанымен, тұрғындардың барлығы жарықпен қамтылмаған. Тіпті, су құбыры да жоқ. Халық тек құдықтан су алып отыр. Мұндай қоғамдық көліктің келуі де сирек көрінеді. Балалар мен ересектерге мектепке, балабақшаға немесе жұмысына жету үшін, жолсызбен бірнеше шақырым жүруге тура келеді.

«Мұнда тек бір бағыттағы қоғамдық көлік жүреді. Мен ғана емес, тағы бірнеше отбасы осылай қиналып отыр. Балалар да, ересектер де бірінші аялдамаға дейін 3 шақырым жерді жаяу жүріп барады», – дейді тұрғын Динара Құдагелдинова.

Тұрмыс жағдайы ауыр болғанын қарамастан, Ынтымақ аулында дүниеге келген сәбилер саны көп. Әр отбасында шамамен 3-4 бала бар.

Ал жергілікті биліктің барлық жағдайды жасауға уәде бергеніне бірнеше жылдың жүзі болған.

«Әкімдіктің бұрынғы қызметкері осында тұрады. Оған жол салып берген. Оның ауласында асфальт төселген. Мұнда тұрған не бар? Бұл оның ақшасы емес қой», – дейді тұрғын Кәмила Жүрімбаева.

Тұрғындардың айқайын естіген шенеуніктер келіп, тағы да бәрін жөндеуге уәде беріп кетті. Сонымен қатар көпшілікті ұялтып тастады.

«Қандай ұятсыз адамсыз! «Қашан?» – деп сұрай бересің. Мен айттым, бәрі естіді. Қайта-қайта келе бересіңдер. Әрқайсына түсіндіре беруім керек пе?» – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев.

Ынтымақ тұрғындары шенеуніктердің ауызша уәдесіне күмәнмен қарайды. Ендігі шарасы таусылған олар сотқа шағымданбақ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау