Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қан-жоса етіп сабаған": ШҚО-да түрмеден шыққан жігіт түн ішінде жеңгесін зорлап тастады

Шығыс Қазақстан облысында түрмеден мерзімінен ерте босап шыққан қаскөй жесір жеңгесін түнгі 4-те зорлап тастады. Күйеуі қайтыс болған келіншек бұл кезде қалың ұйқы құшағында жатыпты.

zorlady

Әпкесінің кетуін күткен қандықол ұйқыдағы әйелді ауыр затпен төмпештеп, қан-жоса етіпті. Артынша талмаусыраған жеңгесінің жан айғайына қарамастан, білгенін істеген. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.  

Бұрын сотталған еркек есірткіге тәуелді екен. Тіпті, ВИЧ жұқтырған көрінеді. Сыртқа жанұшыра жартылай жалаңаш күйде қашқан әйел көшедегі дүкендердің бірінде бас сауғаламақ болыпты. Алайда жүзін қан жуған  келіншектен шошынған сатушы оны қуып шыққан. Абырой болғанда оған қайырымды жан кезігіп, көмекке келген. Бірақ өлім аузынан қалған әйелге жедел жәрдем де, полицейлер де келмеген. 

"Бетіме тиген қатты соққыдан ояндым. Ол мені күштеп, өлтіремін деп қорқытып, ойына келгенін істеді. Оған күшім жетпей, қанға тұншыға бастадым. Өйткені мұрным мен аузымнан ақты. Соққыға жыққан соң, ешкімге айтпаймын деп жалындым. Оны сендіріп қашып шықтым", - дейді зардап шегуші.

Ең сорақысы миы шайқалып, денесінің бірнеше тұсы сынған келіншекке жасалған қылмыс жазасыз қалыпты. Пробация қызметінің қарауында болғанымен жүгенсіз жүрген қасқөйдің қылмысын полицейлер отбасылық-тұрмыстық дау деп жылы жапқан. Адвокаттың сөзінше, облыста мерзімінен ерте босаған осындай сотталушылар толып жүрген көрінеді. Еліміздің бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне шағым жолданғанмен, әлі жауап келмеді дейді жәбірленуші тарап өкілі. 

"Осындай қылмыскерлер қазір мерзімінен ерте шығып, қайта түрлі қылмыс жасайды. Осындай қылмыс жасағандардан жапа шеккен қанша адам бар. Өзімізге келгендер де көп. Қасқөйлерді қоғамнан оңашалау қажет деп ойлаймын", - дейді қоғамдық қор өкілі Алмат Мұхамеджанов.

Талқылау