Қалыңмал берген жоқ: Нұрбигүл Егізова келін болып түскен өңірдің елде жоқ салттары туралы айтты (фото)

Сәрсенбі, 7 Ақпан , 2018 12:04

Нұрбигүл Егізова десе, көп адам оны ұлттық арнада көрсетілген «Бірге таңдаймыз!» бағдарламасы арқылы жақсы таниды. Ең қызығы, екі жарым жыл бойы тікелей эфирде тек тұрмыстық кеңестерімен бөлісіп жүрген тележүргізуші, бүгінгі таңда бар білгенін жақында ғана құрған отбасында пайдаланып жүгенін айтады. Атырау жеріне келін боп түскен актрисаны тойдан кейін алғаш рет ұлттық арна сұқбат беруге шақырыпты. Осыны естіп Stan.kz сайтының тілшісі аттың басын «Қазмедия» орталығына қарай бұрған болатын.

Сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Нұрбигүл, тағы да құтты болсын дегім келеді. Тойдың өте жоғары дәрежеде өткені туралы көптеген жұлдыздардың әлеуметтік желіде жариялаған суреттері арқылы естіп-біліп отырдық. Бастысы, өмірлік жарыңыз өте білімді, тәрбиелі отбасыдан шыққан жігіт екенін естіп қуанып жатырмыз. Сонымен, барлығын басынан бастап айтып берсеңіз… Қалай таныстыңыздар?

– 2017 жылдың қыркүйек айында мен Орал қаласында концерт жүргіздім. Алтынбек екеуміз сол жерде таныстық. Содан кейін жұмыстарыммен Кореяға ұшып кеттім, келгенімде ол мені достарымен таныстырды. Сөйтіп 23-ші қыркүйек күні «үйлену туралы» ұсыныс жасады. Шынымды айтсам, орысша айтқанда «шок» болып қалдым. Ал, ол уақыт оздырмай, бірден ата-анасымен келісіп, 25-ші қараша күні той деді.

– Үйлену туралы ұсыныс жасау үшін жігіттер біраз дайындалады. Алтынбек, мұндай жауапты күнді қайда және қалай жоспарлапты?

– Ол мені Бурабай жеріне демалуға шақырып, екеуміз бірге тауға шықтық. Ойымда ештеңе жоқ, тауға мінгенді ұнататындықтан ба, ең жоғары шыңына дейін көтерілдік. Қыркүйек айы болса да, күн суық әрі тау бөктері жел болатын сол күні. Менің ойым, суретке түсіп, тез-тез видео жасап, қайтадан түсу еді. Сөйтсем, Алтынбек, қалтасынан сақинаны шығарып жатыр. Сол жерде, қозғалмастан тұрып қалдым. Алтынбектің дәл сол күні үйлену туралы ұсыныс жасайтынын білген жоқпын, ештеңе сезген де жоқпын /күліп/

– Ұсынысты сол жерде қабыл алдыңыз ба?

– Мен бір он секундтай үн-түнсіз, бір орында тұрып қалдым. Алтынбек болса, көз алмай жауабымды тосып тұрды. Ол сәтті әлі күнге дейін күліп еске аламыз. Кейбір қыздар, осындай сәтте жылап жатады. Мен сөйлей алмай қалады екенмін. Басымда, қаншама, сұрақ, «мынау, расымен, менімен болып жатыр ма?» деген ойлар… Естен кетпес, ең бақытты сәттерімнің бірі дер едім, осы күнді.

 – Нұрбигүл деп ел танимын дегенше, көп жылдар бойы өз-өзіңізбен жұмыс істедіңіз, медиа саласында да талай продюсерге кәсіби маман екеніңізді дәлелдеуге тура келді. Бір сөзбен айтқанда, тек өзіңізге ғана сендіңіз ғой. «Тұрмыс құру – ол әйелдің иығына таққан «погоны» секілді» деген екен бір данышпан сөз арасында. Жаныңда сүйікті жарың пайда болғанда, бәрі өзгереді ме екен?

– Бұрын мен таңертең ұйқыдан тұрғанда: ақша табу керек, пәтердің ақысын төлеу керек, ананы жасау керек, мынаны жасау керек деген сияқты проблемаларды ойлайтынмын. Дұрыс айтасыз, бойдақ кезде ақшаны да өзің табасың, шешімді де өзің қабылдайсың. Бүкіл жүкті өзіңе артасың. Қазір бәрі басқаша. Мен үшін қазір өзімді әлсіз сезіну – үлкен бақыт. Өйткені, менің жанымда мені құлатпайтын мықта азамат бар. Бұл сезім маған зор сенімділік сыйлайды. Қорғаның, жақының, құдды бір ағаң немесе әкең сияқты болып кетеді екен ер азамат деген.

– Танымалдылығыңыз өз алдына, ақылға сай көрік те берілген сізге, қарап отырсам. Мойындау керек, мұндай қызға көз салар жігіттер де аз болмаған болар?! Бірақ, неге Алтынбек? Ол сіздің жүрегіңізді қалай жаулап алды?

– Оның шешім қабылдай алатыны ұнайды. Қазір бұл қасиет көп жігіттерде ақсайды. Әр қадамы нақты әрі дұрыс. Екінші, ол сұңғақ бойлы, сүйкімді, шашы қалың, оның үстіне, мен болашақ жарым, оқыған, бірнеше тілді меңгерген болса екен деп қалайтынмын. Шүкір, ойлағанымдай, Алтынбек  «Болашақ» бағдарламасымен оқыған, Англияда тұрған, ағылшын тілін жетік меңгерген, өте білімді, жан-жақты адам. Және қазақылық бар бойында. Аптасына жұма намазына барып тұрады. Ең басты қасиеті – бауырларына көмектеседі. Маған сонысы қатты ұнайды. Осыдан кейін мұндай адамды сыйламау, жақсы көрмеу мүмкін емес, меніңше.

– Атырау өңірінің өзге аймақтарға ұқсамайтын ерекше салттары көп. Келіндік міндетті атқарып жүріп оны да байқаған шығарсыз?!

– Бар. Қыз тұрмысқа шыққаннан кейін, яғни тойдан кейін жігіттің ата-анасы келінді төркінге алып келеді екен. Содан, қыз өз үйінде бір апта немесе он күндей жақындарының жанында болады. Көп өңірде баланы босанғаннан кейін жіберіп жатады, келінді өз еліне. Ал, менің түсінуімше, бұл салттың мақсаты, тойдан кейін екі жақ жеке қалып, әңгіме жарастыру, жастардың болашағын жоспарлау, жақын танысу үшін жасалатын сияқты. Мен үшін Атырау жақтың бұл салты ерекше жаңалық болды.

– Атырауда келіншай деген салт бар ма екен?

– Ондай салт бар.

– «Келін шайдан» қанша таптыңыз? Атырауда ақша көп салады дейді, қаншалықты рас?

Санаған жоқпын. Бірақ, расымен, батыста, ақшаны жақсы салады екен (күліп) «Келін шай» бір күн ғана болмайды ғой, бір апта болады. Сол кезде, түскен ақшаны анама беріп отырдым, Атынбекке бере салатынмын.

– Қалың мал ше?

Атырауда қалың мал берілмейді. Бірақ, «Ана сүті», «Өлі-тірісі» деген дәстүрлер бар екен.

– «Бірге таңдаймыз!» бағдарламасынан үйренгенім» деп қойып, инстаграмм парақшаңыздан тамақ әзірлеп жатқан Нұрбигүлді жиі көретін болдық, соңғы уақытта. Бағдарламадан үйренген дүниелеріңізді отбасылық өмірде пайдаланып жүрсіз бе?

– Әрине. Сервировка жасау жағынан, тамақ жасау жағынан болсын, пайдасы тиіп жатыр. Мысалға, «пиязды турап жатқан кезде астына тұз сепсе, көз ашымайды» деген сияқты қарапайым кеңестерді күнделікті жасап отырамын. Бұрын студияда тұрып «кешке не тамақ жасаймын деп отырған келіншектерге» деп, пайдалы ақпаратпен бөлісетін едім ғой, қазір бағдарламада айтылған әр кеңестің қаншалықты үйде отырған қыз-келіншектерге қажет екенін түсініп жүрмін. Сіз ойлаңызшы, отыз күннің ішінде, түскі ас пен кешкі асты санағанда, алпыс түрлі тамақ әзірлеу керек екен. Және олар бір-бірін қайталамау керек. Алтынбектің анасы келін болып түскенде «Нұрбигүл келсе, баламыздың қарны ашпайтын болды ғой. Баламыздың киімі үтіктелетін болды ғой» деп қуанған еді.  Алтынбек, мемлекеттік қызметтегі адам. Сондықтан, оны үйдің шаруаларымен мазалағым келмейді. Барлығын өзім реттей беремін.

– Ең бірінші рет қандай тамақ әзірледіңіз?

– Ең бірінші рет тартылған етпен картоп куырып бергенмін. Алтынбек, Аллаға шүкір, мен әзірлеген кез-келген тағамды сүйсініп жейді. Мақтаған сайын, мен де шабыттана түсем, бар махаббатымды салып, оны әр кез таңқалдырып отыруға тырысамын.

– Нұрбигүл, жақсы жігітке тұрмысқа шығу үшін не істеу керек? Отбасылы болғысы келетін қыздарға айтарыңыз бар ма?

– Менменшілдікті қою керек. Амбицияны кішкене, басу керек. Тәкаппарлық деген де отбасындағы қарым-қатынаста кедергі келтіреді. Тұрмыс құрмай тұрғанда «мен күйеуімнің аяқ киім тазалап, шаң сүртпеймін» деп ойлайтынмын. Қарап тұрсам, онан арланудың қажеті жоқ. Қазір мен, еңкейіп тұрып, шүберегімді дайындап, ер азаматымның аяқ-киімін жылтыратып сүртіп жұмысқа жіберем. Кейбір құрбыларым таң қалып жатыр. Бірақ, мен үшін онда тұрған ештеңе жоқ. Ол оны қалап тұрады, мен жасаймын. Отбасылы болып, оның тұтқасын ұстар азаматың мықты болу үшін – әйелдің тарапынан қолдау сезілу керек. Сонда, ол өзін сенімді ұстап, өседі, жетістіктерді бағындырды.

– Отбасылық құндылықтарды сақтап қалу, дамытуда қандай да бір жұптарға қызыға қарап, үлгі тұтасыз ба?

– Иә, ондай адамдар бар. Алматыда тұратын Анар деген апайым бар. Жолдасымен құрдас болса да, әлі күнге дейін «сіз» деп сөйлейді. Үш баласы бар, балаларының тәрбиесі, өзінің ұстауы, кейбір жерде қулығы, кей-кезде қаталдықпен де алады. Сол кісіні үлгі тұтам. Және жанымда жүрген, жақын араласатын құрбыларым, замандастарымның да кеңестеріне құлақ асамын. «Дос жылатып айтады» кейде олар қатты айтатын жерінде тигізіп-тигізіп, ақылдарын беріп отырады.

– Инстаграмм желісіндегі соңғы постыңызда «жақсы консультант іздеп жатырмын» деп жазыпсыз. Тіпті, жекеге жұмысқа қабылдау туралы түйіндеме жіберсеңіздер болады депсіз. Алда бизнес ашқалы жатсыз ба?

– Орал қаласынан Отандық дизайнерлер мен премиум класстағы киімдер сатылатын дүкен ашқалы жатырмын. Әзірге, тұрып жатқан қаламнан бастап көрейін деп шештім. Негізі, алда жоспар көп.

– Сізге жаңа бастамаларыңызға тек сәттілік тілеймін. Сұқбатыңыз үшін рахмет.

– Сізге де рахмет.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Мөлдір Әуелбекова: Баян бізді ашық-шашық киінуге мәжбүрледі (фото)

Саят Медеуов: Жалпы Алтынбек ағамызға Төреғали керек емес

Хикаяның жалғасы: Төреғали мен Мөлдір Мейрамбектің тағы бір әніне клип түсірді (видео)

Арман мен Аша екінші рет “үйленіп”, той жасады (видео)

Асхат Садырбай алғаш рет бірінші отбасы мен ұлы жайлы айтты

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
23.02.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар